СУАҒАРЛАР ЖӨНДЕЛУДЕ

Уақыты: 23.06.2022
Оқылды: 1479
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Сарқан қаласында Мұхтар Әуезов, Жамбыл Жабаев, Абай Құнанбаев, Қабанбай батыр көшелеріндегі арық жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Өткен ғасырдың 60-70 жылдары жасалған суағарлар тозып, бүгінгі таңда жарамсыз күйге жеткен. 

Арықтың кей жері құм-қайырға толып, қала тұрғындарының бақша дақылдарына су жетіспей, қиындық туғызған еді. Енді қала халқы судан таршылық көрмей, ерте көктемнен күз айына дейін арық суын керек мөлшерде пайдаланбақ.

– Қаланың ішкі арық мәселелері тұрғындармен жүздесу кезінде жиі көтеріліп келді. Өткен жылы бастау алған жоба биыл жалғасын тауып, аяқталуға жақын. Арық жүйелері тек бақша дақылдарын суару үшін ғана емес, жаңбырлы күндері және қар еріген кезде де өз септігін тигізері анық. Алдағы уақытта тағы да бірнеше көшенің арық жүйелерін қалпына келтіру жоспарда бар, – деді Сарқан ауданы әкімінің орынбасары Жомарт Мыңбаев.
Ұзындығы 10 шақырым болатын арық арналарына лотоктар төселіп жатыр. Аталған жұмыс аумағында 5 ауыр техника мен 30 адам жұмысқа тартылған. Сонымен қатар, бұл жобада арық жүйелерін қалпына келтіруден бөлек, жоғарыда аталған 4 көшеге жаяу жүргіншілерге арналған тротуар салынбақ. 

Мәулен ӘНЕРБАЙ,
Сарқан ауданы
Жетісу облысы