ЖАМБЫЛ АУДАНЫ ҰСАҚ МАЛ САНЫ БОЙЫНША КӨШ БАСЫНДА

Уақыты: 23.06.2022
Оқылды: 1803
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жамбыл ауданы төрт түліктің ішінде ұсақ мал бойынша облыста 1-орында тұр. Биылғы төлімен қоса есептегенде қой-ешкінің саны ауданда 1 миллион 224 мыңға жетті.

Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы Дүйсенәлі Еңкелешевтің айтуынша, көктемгі науқан ойдағыдай өткізіліп, 428 мыңнан аса қозы-лақ алынды, бұл әр 100 аналыққа шаққанда 113-тен айналады.Қойы көп шаруашылықтарсақманға қосымша жұмыс күшін тартыпты. Мәселен, малын шалғайдағы Жартасты жайылымының Үшқұдық қыстауында қыстатқан «Мұрынбай» шаруа қожалығында үш мыңнан астам саулық төлдесе, Үңгіртастағы «Мәлік» шаруа қожалығы үш мыңға жуық саулықтан қозы өргізген. Ал Қазыбек бек бекетіндегі «Ер Күрті» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 10 мыңнан аса саулық төлдеді. 
Ұсақ мал ғана емес, ірі қара мен жылқы санынан да аудан көш басында. Бүгінде мұнда 145 377 бас ірі қара,  50 628 бас жылқы, 1536 бас түйе бар. Осы малдың аналық басынан 38513 бұзау, 12500 құлын, 228 бота түлік санын толықтырды. Айта кетерлігі, ауданда жалпы, мал басы жыл сайын артып келеді, тек түйе ғана кему үстінде.

Серік САТЫБАЛДИЕВ,
Жамбыл ауданы
Алматы облысы