Қуанышқа толы күн

Уақыты: 25.06.2022
Оқылды: 2246
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бүгінгі таңда елімізде 90 мыңға жуық мемлекеттік қызметші табысты еңбек етіп жүр. Жетісу облысының жергілікті атқарушы органдарында 1735 қызметші қызмет атқаруда. 

Халыққа қалтқысыз еңбек етіп, мемлекеттік саясаттың жүзеге асуына барын салып жүрген мемлекеттік қызметшілер төл мерекелері 23-маусым – Мемлекеттік қызметші күнін атап өтті. Мерекелік жиынға Жетісу облысы әкімінің орынбасары Рустам Әли қатысып, мемлекеттік қызметшілерді мерекемен құттықтады.
– Құрметті әріптестер, мемлекеттік қызмет атқару –  қоғам мен мемлекет тарапынан артылған ерекше сенім.  Үміт артып отырған халыққа қызмет етуден құрметті мамандық жоқ. Отанымыздың даму үрдісімен сабақтас әр күндеріңіз қуаныш пен мақтанышқа толы болсын, – деп жиынға қатысушыларды құттықтады.
Одан кейін Рустам Әлиұлы мерейлі күнге орай осы салада адал қызмет атқарып жүрген бірқатар мемлекеттік қызметкерлерді облыс әкімінің құрмет грамотасы, алғыс хатымен марапаттады.
Салтанатты шараның соңында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Ләззат Бейсеқұлова сөз сөйлеп, әріптестерін төл мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ, республика бойынша үздік мемлекеттік қызметкер байқауында алғашқы 10 қызметкердің қатарына енген Жетісу облысы әкімінің орынбасары Рустам Әлиді құттықтап, алдағы еңбегіне табыс тіледі. 

Ришад ТҰРҒАНБАЙ,
Жетісу облысы