«У ТАМАДЫ АҚЫНДАРДЫҢ СӨЗІНЕН...»

Уақыты: 29.06.2022
Оқылды: 1035
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Кәдірбек Құныпияұлының есімі жырсүйер қауымға жақсы таныс. Қазақтың көрнекті ақындарының бірі. Өткен аптаның жұма күні  Кеген аудандық Мәдениет үйінде ақынның  60 жасқа  толуына орайластырылған мерейтойының аясында «Найзақара» атты жаңа жыр жинағының тұсаукесері әрі шығармашылық кеші болып өтті. Осы күні ақын Кәдірбек Құныпияұлы Кеген ауданының Құрметті азаматы атанды. Біз осы шығармашылық кештің алдында ақын бауырымызбен шағын сұхбат жүргізген едік.

– Кәдіке, мерейлі жастың әсерімен бөліссеңіз?
– Институтта бірге оқыған Әбен деген заңгер досым былай деп жазба жіберіпті: «60 жылдық мерейтой – шығармашылықпен айналысатын азаматтар үшін аса ауыр шаруа. Бұл кезде көре алмайтындар мен бере алмайтындар, артта қалып кеткендер мен алға озып кеткендердің пендешілік пәруана пиғылдары қозатын шақ. Солардың бәріне жүректі ауыртпай төзе білу керек. Жақсы абыроймен өткізуіңе тілектеспін, еңбегің бар, ел-жұртың елейтін кезің келді!» Осы бір жүрекжарды тілекке алып-қосар ештеңе жоқ-ау деп ойлаймын.
– Әрдайым басылым беттерінде, әлеуметтік желіде ұлттық идеология, қоғам, заман туралы толғанысты дүниелеріңізді жариялап отырасыз. Шын мәнінде, ұлттық идеологиямызға көңіліңіз толмайтын сияқты?
– Ұлттық идеология – өте үлкен ұғым. Советтер одағының езгісінен Тәуелсіздікке өткен 30 жыл ішінде Назарбаев бастаған жандайшаптар ұлттық идеологиямыздың тамырына балта шауып, қазақ деген елдің басына үлкен кесапат әкелді. «Ең әуелі идеологияны емес, экономиканы алға шығаруымыз керек» деген саясат ұлт ертеңін ойлайтын зиялы идеологтарымызды құзға құлатып, қарын қамын ғана ойлайтын капиталист буржуйлардың тасын өрге домалатты. Нәтижесінде тіл табан астында қалды, дін 40 бөлікке бөлінді, діл күйреді! Әдебиетіміз әбден әлсіреді, мәдениетіміз мешкей тобырлардың жын-ойнағына айналды. Мен кешегі Назарбаевтардың түкірігі жерге түспей тұрған күндерде бүгінгінің «нұрын» әжуалап, өтіп кеткен коммунизм нұрын аңсап, «Коммунизм нұры» деген өлең жазғам. Сол өлеңде мынадай жолдар бар еді:
...Жау алмастай бекітіп ек іргені,
Жарқын еді сәбидің де күлгені.
Коммунизм нұры шарпып жататын
Сол заманның жолдары да нұрлы еді.

Енді бүгін тұлға басқа төрдегі,
Кедей құлап, бай биікке өрледі.
Кембағалдың тарылтады тынысын
Капиталист құзғындардың көр демі.

Мұң тамады аналардың көзінен,
У тамады ақындардың сөзінен.
«Коммунизм» деген арман қоғамды
Өткен ғасыр әкетіпті өзімен!..

Идеологиямыздың жағдайы дабыл қағарлық мүшкіл халде екенін айтпадық емес, айттық. Сан мәрте! Өлеңдеріміз арқылы да, публицистикалық жазбаларымыз арқылы да. Көрер көз, естір құлақ болмады! Ұлт зиялыларының алдыңғы қатардағы авангарды саналуға тиіс ақын-жазушыларды «өз күндеріңді өздерің көріңдер!» деп, күнкөрістерінің көзі болып отырған қаламақыларынан қағып, борт сыртына лақтырып тастаған соң, сөзіңді кім тыңдасын, азын-аулақ таралыммен тарайтын жазғандарыңды кім оқысын?!
Бүгін, құдайға шүкір, жағдай басқа. Әлеуметтік желілер айтқаныңды халыққа да, билікке де жеткізе алады. Өткір ойларымызды интернет арқылы жиі жариялап, ырду-дырду болып жататынымыздың себебі – жалған атақ қуып, жарияға жар салу емес, халық мұңын жоғарыға жеткізу. 
– Туған жерге деген сағыныш басылмайды. Әр келген сайын бір толғанып қалатын шығарсыз?
– Қай өлкеде, қай қиырда жүрсең де, туған жеріңнің, өскен өңіріңнің қадір-қасиеті мен киесі есіңнен бір сәт шығар ма, сірә? Сұлу табиғат пен көркі көз суарар ғаламат көріністерді туған жеріңнің жауhар мекендерімен салыстырарың сөзсіз. Өйткені, туған жерің мәңгі өзіңмен бірге жүрер асыл анаң сияқты сенімен егіз жаратылыс екені – өмір заңдылығы.
– Кәдіке, бүгінгі шағын әңгімемізді немен түйіндер едіңіз?
– Қанат құрдасым, әңгіменің түйіні – екеуміздің де, сонымен қатар, барша барыс жылғылардың 60 белесі құтты болсын! 1962 – барыс жылы дүниеге келген барыс мінезділер барыс символды Қазақстанымызды көркейтуге барынша күш жұмсайық!
– Аман болайық! Тек жақсы күндерде, жақсылықтарда басымыз қосылсын!

Қанат БІРЖАНСАЛ
Кеген ауданы
Алматы облысы