Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

МЕНІҢ ҰСТАЗЫМ

Уақыты: 29.06.2022
Оқылды: 532
Бөлім: БАСТЫ БЕТ

Менің сөз өнері – әдебиетті сүюіме алғаш септігін тигізген бір адам бар. Ол – мектептегі ұстазым Алмахан Баратқызы. Апай биыл талай жылғы бейнетінің зейнетін көретін жасқа келді.

Қаратал ауданы, Кәлпе орта мектебінде оқыған талай буын Алмахан апайдың дәрісін тыңдап, білім нәрімен сусындады. Алмахан апай бізге қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді. Талай баланың бойындағы қабілетін ашты. Жеке өзімнің әдебиет әлеміне деген қызығушылығымның артуына қосқан үлесі өлшеусіз. Ұстаздың ыстық ықыласынан шығарма жазуға, кітап оқуға ерекше әуестік ояна бастады. Көркем шығарманы басымызға жастанып оқуды шығардық.
Кітапқа деген құмарлықпен бірге әдеби талғам қалыптасты. Ал оған түрткі болған, әрине, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен берген апайымыз еді. 
Алмахан Баратқызының тағы бір қасиеті – әділдігі. Дайындығың аз болды ма, алатын бағаң да соған сәйкес. Ешкімді алаламай, барлығына бірдей қарым-қатынас жасайтын. Апайымның аузынан қазақтың заңғар қаламгері Мұхтар Мағауин туралы жиі еститінмін. Апай біртуар жазушы оқыған, дәріс берген Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық институтта білім алғанын мақтанышпен айтып отыратын.
Алмахан Баратқызы дайындаған оқушылар байқау атаулының алдын бермейтін. Біз де соларға еліктеп, «қалаға барамыз, жарысқа қатысамыз» деп талпындық. Алмахан апай жолдасы Талғат екеуі мектепте қатар жүріп қызмет қылды. Шәкірт баулыды. Екі ұл, бір қызын тәрбиелеп, жеткізді. 
Ұстаздық тек оны жанымен сүйетіндердің кәсібі десек, Алмахан Баратқызы – өз ісінің нағыз шебері.

Мұрат МҰҚАШҰЛЫ
Кәлпе ауылы,
Қаратал ауданы
 Жетісу облысы