ТІГІН ЦЕХЫ АШЫЛДЫ

Уақыты: 29.06.2022
Оқылды: 1296
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Текелі қаласында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының қолдауымен көпбалалы аналарға арналған тігін цехы ашылды. Бұл – сол өңірде іске қосылатын  3 тігін цехының алғашқысы.

Кәсіпорынның ашылу салтанатына Текелі қаласының әкімі Батыр Молдахметов, кәсіпкерлер палатасының Текелі қалалық филиалының директоры Тұрысбек  Жұмаділов  және   Жетісу облысының іскер әйелдер кеңесінің мүшелері қатысты. 
Тігін цехының негізін қалаушы – «Алтын ине» ЖШС директоры, көпбалалы ана Қымбат Касейін. Биылғы наурыз айында ол Алматы облысының әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығына жүгініп, оған бизнесті ілгерілету жөнінде кеңес беріп, көмек көрсетті. Енді кәсіпкер орталық пен Іскер әйелдер кеңесімен серіктестікте алғашқы тігін цехын ашты.
– Қазір цехта тәжірибелі 10 тігінші әйел жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі – көпбалалы аналар. Тағы 5 әйел үйде тігеді. Алғашқы тапсырыстарымыз да бар. Кәсіпорындар үшін арнайы киім, ұлттық бұйымдар мен басқа да тоқыма бұйымдарын әзірлеймін. Сондай-ақ, ателье форматында жұмыс істеп, ересектер мен балалар киімін тігуді жоспарлаудамыз, – дейді Қымбат. 
Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының тәлімгері Светлана Оңғарбаева осындай тігін цехтары Ақсу және Көксу аудандарында да ашылып, жұмысқа көпбалалы аналар мен мүгедектігі бар әйелдер және жас қыздар шақырылатынын айтты. Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы мен оқу орталықтары арқылы тігін ісіне оқыту мен білікті маман даярлау көзделуде. 

Айгүл БАЙЖҰМАҚЫЗЫ
Текелі қаласы
Жетісу облысы