Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

«ҚАШАНҒЫ ҚОРҚЫП ОТЫРАМЫЗ?»

Уақыты: 29.06.2022
Оқылды: 538
Бөлім: БАСТЫ БЕТ

Тасқын, өрт ­– табиғаттың жауы. Апат айтып келмейді. Нөсер жауын салдарынан Кеген ауданында екі бірдей төтенше жағдай орын алды.

Тау суы Түменбай ауылындағы тұрғын үйлердің бірін басып, 11 үйдің ауласына жайылған. 4 баспанаға материалдық шығын келтірілген. Сонымен қатар, Кеген ауданында республикалық маңызы бар Көкпек – Кеген – Түп – Жалаңаш – Саты – Көлсай көлі жолының 10-11 шақырым аралығындағы жиекті нөсер жаңбырдан кейінгі сел шайып кеткен. Оқиға орнына аудан әкімі, Кеген ауылдық округінің әкімі, төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің қызметкерлері барды. Апаттың салдарын жоюға бірнеше техника жұмылдырылды. Аталған учаскеде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында төтенше жағдайлардың алдын алу мекемесі, аудан әкімшілігі, полиция қызметкерлері, ДЭУ-91 мекемесінің өкілдері тарапынан кезекшілік ұйымдастырылып, жол қозғалысы қалпына келтірілді.

Орын алған төтенше жағдайдың басты себеп-салдары – 2008 жылы салынған фельдчерлік-акушерлік пункт екен. Таудан аққан су арықпен Кеген өзеніне құйылуы керек еді. Бірақ аталмыш нысанды салғанда суағарлар мен бөгеттер тегістеліп кетіпті.

Тілсіз жаудың салдарынан зардап шеккен халық әкімдік бұл ауылдың су басу қаупінен хабардар екенін айтып, төтенше жағдайдың алдын алу шараларын жасамағанына наразы. «Ертерек қимылдаса апаттың алдын алуға болатын еді» дейді ауыл тұрғындары. Тасқынның келе жатқанын көрсе де ешкім қашып үлгермепті. Абырой болғанда, зардап шеккен адам жоқ. Бірақ, қашанғы бұлай жалғаса береді?

Ауыл тұрғыны Бақтияр Рақымбек:

–  Мұндай жағдай болатынын әкімдік білді. Дамбы қазып, суағар жасау керек еді. Қашанғы қорқып отырамыз?! Бәрін білсе де әлі күнге дейін төтенше жағдайдың алдын алу мәселесі шешілмей тұр, – деді.

Бұл мәселе бойынша аудан әкімі Талғат Байеділов халықпен кездесіп, жұмыстар атқарылып жатқанын тілге тиек етті.

– Ауылда селден кейінгі аумақты қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Су басқан жерлер тазартылды. Арнайы техникалар мен мамандар жұмылдырылған. Төтенше жағдай қайталанбас үшін шұғыл шара қабылдап, арық қазу жұмыстарын қолға алдық.  Жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, мұнда үлкен арна салуды жоспарлап отырмыз, – деді.

Сонымен қатар, баспана мәселесі бойынша құжаттардың барлығын құқық қорғау саласына өткізгенін, олар тексеріп болған соң нақты шешім шығарылатынын ескертті. Содан кейін бәрі анықталады. Егер үй жөндеуге келмесе, аудан әкімі тұрғындарға үй беруге деп уәде етті.

Айдар ҚАЛИЕВ