«Tartyl Fest» жеңімпаздары

Уақыты: 15.07.2022
Оқылды: 1228
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Талдықорғандағы «Жастар» саябағында республикалық «Tartyl Fest» фестивалінің екінші іріктеу кезеңі өтті. Жарысқа 300-ге жуық адам қатысты. 

Жарыстың ашылу салтанатында Жетісу облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының олимпиядалық спорт түрлері бөлімінің басшысы Саят Сарқытов, Nomad MMA федерациясының президенті Гаджи Гаджиев, «Дара» дарындыларды қолдау қорының жетекшісі Нұрлан Қоянбаев сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Үміткерлер жасы мен салмағына қарай 9 санатқа бөлініп, өзара мықтыны анықтады. Дода қызықты әрі тартысты өтті. Жарыс қорытындысы бойынша 65 және 80 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен 38 жастағы Мадиар Байзақов пен 19 жастағы Нұрбатыр Құдайбердиев  кермеге 35 рет тартылып, рекорд жасады. Сонымен қатар, Алишер Сыдықбаев, Бекберген Кенжебаев, Ислам Усманов, Асқар Сейдахмет, Мерхат Талғатұлы, Ғалым Жылқыбеков, Әділет Мақсұтов өз санатында жеңіске жетіп, 200 мың теңгенің сертификатын еншіледі. Күміс пен қола жүлдегерлер 100 және 50 мың теңгенің сертификатын иеленді. Ең кіші және үлкен қатысушылар да марапаттан тыс қалмады. Фестивальдің ең жас қатысушысы ­– 7 жасар Егор Горяев, ең үлкені ­– 63 жастағы қатысушы Әбдуәли Тастанов болды. Сондай-ақ, кермеге 5 рет тартылған 13 жастағы Лашын Мырзақул  мен 13 рет тартылған 12 жастағы Арина Уткинаны да айта кеткеніміз жөн. 

Талдықорғандағы Tartyl Fest-те тартылулардың жалпы саны ­– 4 731 жетті. Айта кетейік, әр салмақ бойынша жеңімпаз атанғандар қыркүйек айында өтетін фестивальдің финалдық кезеңіне жолдама алды.

Айдар ҚАЛИЕВ,
Жетісу облысы