Көксуым – киелі мекенім

Уақыты: 18.07.2022
Оқылды: 1558
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ел ішінен небір таланттарды қанаттандырып жатқан Көксу ауданы да өнердің кеніші екені рас. Орталығы Балпық би кентінде орналасқан аудандық Мәдениет үйі руханияттың қайнаған ордасы десек, асыра айтқандығымыз емес.

Бүгінде топтың алдында жүрген, тіпті, ән әлемі мен театр және кино саласында жұлдызы жанған дара талант иелерінің алтын қазығы осы қаймағы бұзылмаған – ауыл екені ақиқат! Көксу жері ертеден-ақ ән мен жырдың, күй мен бидің алтын бесігі. Ақжал толқынды өзенмен өрнектелген өлкеден шығып, өнер әлеміне есімін алтын әріппен жазған жандар қаншама десеңізші?! Солардың ізін жалғап, атағы алысқа шықпаса да, ауылдағы өнер ошағын өшірмей, барын беріп, терін төгіп жүрген таланттар әлі де бар.

Ауданда жалпы 7 Мәдениет үйі, 3  клуб  тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді. Әрқайсысы өз ауылының ажарын ашып, базарын тасытып жүрген ұжымдар. Сонымен бірге халықтық атағы бар 3 ұжым да ұлттық өнерімізді ұлықтап жүр. Олар – «Көксу толқыны» ән би ансамблі, «Мұқыры»  халық театры және «Үлгілі  балалар» халық оркестрі.  Бәрі де аудандық Мәдениет үйінің директоры Ермек Қыстаубаевтың бастамасымен өңірдің барлық мерекелік іс-шарасына белсене қатысып, құрметке ие болуда. «Мұқыры» халық театрының ұжымы спектакльдер сахналаумен бірге, аудан көлемінде өтетін айтулы мейрамдарда да театрландырылған көріністер қойып, мерекенің шырайын келтіреді. Ал «Көксу толқыны» әуезді әнімен тербеп, әдемі бимен көркемдеп жатады. «Үлгілі  балалар» халық оркестрі аты айтып тұрғандай өнерлі өрендердің шығармашылығын шыңдауға бағытталған. Олардың да асқан асуы мен шыққан биігі өз алдына.

Ауылдық Мәдениет үйлері мен клуб меңгерушілері де ұлттық өнерімізді ұлықтауда аянбай еңбек етіп келеді. Биылғы жылғы «Мәдениет және өнер қызметкерлері» күніне  орай «Мұқыры» халық тетарының әртісі Жұмакүл Сыбанқұлованы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі арнайы марапаттаса, Айгүл Әліпбаева  «Үздік Мәдениет үйі қызметкері» номинациясын жеңіп алды.

Аудандық Мәдениет үйінің директоры Ермек Мақсымұлы қарамағындағы әріптестерімен бірге тұрғындарға тек өнерден сый жасап келе жатқан жоқ. Орайы келгенде қайырымдылық шараларына да атсалысып, қолдау көрсетуді дәстүрге айналдырған. Текелідегі «Қарттар үйіне» арнайы барып, ән мен биден тарту жасап, көңілі құлазыған жандардың жанына демеу болып, еңселерін көтеріп қайтады. Өздерінің сахнасында өткізетін мереелік концерттерге облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның әртістерін, әріптес достарын да шақырып, көксулық көрерменнің қолы жете бермейтін өнер иелерін тамашалауға мүмкіндік жасауда. Атап айтсақ, «Кұлкістан» әзіл-оспақ театрының директоры ҚР Мәдениет қайраткері Мағауия Қозыбағаров, талантты актер Дінмұхамед Әбжаппаров пен «Бауыржан шоу» әзіл-оспақ театрының негізін қалаушы, театр және кино актері Алмат Сақатовтар әсерлі қойылым, әдемі әзілдерімен көксулық көрерменнің алдында бірнеше мәрте өнер көрсетті. Ермек Мақсымұлы да осы әріптестерімен бірге сахнаның сан рет сәнін келтіргені ел есінде. ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, әнші Өмірқұл Айниязов, «Мен Қазақпын» мега-жобасының бас жүлдегері Бейбіт Мұсаев, ҚР Мәдениет саласының үздігі Арафат Ысқақов, сонымен бірге «Алтынай» мемлекеттік би ансамблінің бишілері де шығармашылық байланыста бірге болып,  аудандық Мәдениет үйінің сахнасының ажарын ашып жүр. Ауыл өнерпаздарын осындай танымал әншілермен қатарласа ән салдырып, рухани байланыс орнату да үйлестіре алатын басшының еңбегі. Жақында жоғарыда аталған театр саңлақтарымен бірлесіп аудан тұрғындарына ұсынған «Көңілді Көксу» атты мерекелік кешті көршілес жатқан Кербұлақ ауданының да тұрғындарына көрсетіп, гастролдік сапармен барып қайтқан.

Жалпы аудан өнерпаздарының атағы біршама жерге жетіп жатыр. Ұжымдық байқауларда да, жекелеген жарыстарда да атағы асқақтап, алдыңғы қатардан көрініп келеді. «Ел іші – өнер кеніші» дегеніміз осы шығар!

Думан РАМАЗАН,
Көксу ауданы
Жетісу облысы