ТАҒДЫРЛЫ ТҰЛҒА

Уақыты: 15.09.2022
Оқылды: 999
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жер жаннаты Жетісудың шұрайлы өңірі Сарқанда тағдырлы тұлғалардың  аз  болмағандығы  тарихтан  белгілі. Аймаққа нәр беретін үш өзенді қатар еміп, мал шаруашылығы мен егін шаруашылығын дамытып, бағзыдан бері бақуатты тұрмыс кешкен елдің бағыттаушысы, әрине, жақсы мен жайсаңдардан сараланған көшбасшылары болғаны анық.   

Садырдың Мәмбетейінен тараған Ақтауұлы Базарбай би 1840 жылы дүниеге келіп, 1888 жылы тірлік сапары шектелген елеулі тұлға. Тірлігінде әділдігімен танылған, қара қылды қақ жаратын би атанып, болыс болған екен. 

Жетісу облысы, Сарқан ауданы Амангелді ауылдық округінің аумағындағы  Ақтауұлы Базарбай  би кесенесіне алыстан зиярат етіп келетіндер көп. Олай болатын жөні бар. Заманында Базарбай би түйіні қиын дауларды старшындарға, онбасыларға тапсырмай, төрелікті өзі шығыпты. Және шешімдерінен ши шықпағанын көнекөздер кейінгілерге жеткізген. Алыстан ат арылтып келгендер бидің  адалдығын, әділдігін айналасына әйгілеген.
Баба кесенесіне біздің де жолымыз түскен еді. Сол жолы Барлыбек Айнабековтың  ұйымдастыруымен тарихи кесенеге баба ұрпақтары ескерткіш тақта орнатты. 

Базарбайдың баласы Тәсібек те 20 жасында билік айтып, беделді билердің бірі атаныпты. Ел сенімін иеленіп, болыстыққа да сайланған. Қысқаш Садыр болысын құруда ерекше қарым-қабілетімен, қажыр-қайратымен дараланады. Қабілетті жігіт орысша тіл үйреніп, біршама төселгеннен кейін, орысша оқуға тартады. Ауылдарда мешіт ашып, сауаттандыру жұмыстарын ұйымдастырды. Аласапыран заманда тәуелсіз қазақ елін құрамыз деген алашордашылардың қатарынан көрінген.

– Менің әжем Жібек Қайнарбайқызы 14 жасында Мәмбетей ауылына келін болып түсіпті, – дейді осы өңірдегі жақсылар мен жайсаңдар жөніндегі ел аузындағы  әңгімелерге қанық зерделі ағамыз Жанат Мұхаметқалиұлы. – Сонда Базарбай бидің зираты бар еді, ескерткіш күмбез көркемдігімен көз тартып тұратын. Тәсібек болыс ауылға келгенде ауылдың келіндері көзіне көрінуге батпай, киіз үйдің жабығынан сығалайтын. Зор денелі, өткір көзді, сұсты адам еді, – деп айтып отыратын әжем. 
Жәкеңнің осы деректі берген әжесі 1904 жылы дүниеге келген екен. Демек болыс ауылына келін болып түсуі 1918 жылға орайлас келеді. 
Базарбай бидің жолын жалғастырып, тура шешім айтуымен Тәсібек болыс та ел есінде қалды. Топта тартынбай сөйлейтін, кесімді билік айтатын, сөзін оязға өткізе алатын батыл, шешен, әділ, тапқыр тұлғаны ел-жұртының ұмытпасы анық. 

Тәсібек би де замандастары сияқты 1928 жылы  тәркіленіп, Оралға  жер аударылады. Жолда үстіне шешек шығып, қайтыс болған екен. 

1917 жылдары ақ пен қызылдың арпалысы кезінде қызылдардың әскеріне көлік, киім-кешек, тамақтарына дейін беріп жәрдем көрсетіп тұрған. Осы жақсылығымды ескеретін шығар деп арғы бетке (Қытайға) қашпаған. Қызылдарға қатты сенген. 

Қаламгер-қайраткер Кәкімжан Қазыбаевтың «Сұрапыл» романында Тәсібек болыс туралы құнды деректер бар. 

Болыстың қасиеттілігін, ерекшелігін еміс-еміс болса да ел аузынан естіп жүрдік. Мына төмендегі оқиғаны Абай ауылының тумасы Болат Құттыбеков әңгімелеп берген еді: 
– Тәркіленіп, тағдыры шешіліп қалған кезеңде атқосшылыққа жарап жүрген жас жігітке батасын беріпті деседі: 
– Қасиетім балаларыма қонбайтын түрі бар. Батамды саған берейін. Алғырлығың, зеректігің менің көкейіме қонады. Атыңа мін де, артыңа қарайламай шығысты бетке аларсың. Бірақ артыңа қараушы болма, – деп нығыздап тұрып тапсырыпты. 

Болыстың айтқанынан шықпайтын жас жігіт аттанып бара жатып әуестігі ұстап артына қараса, болыстың екі иығында от жанып тұр екен. 
– Әй, балам-ай, қасиетім саған қонсын деп ықыласым түсіп еді. Амал не, шартты өзің бұздың, – деп өкінген көрінеді болыс. 

Жылдар өтті, ғасыр алмасты, заман өзгерді. Тәуелсіздіктің нәтижесінде кезінде «халық жауы»  атанған жақсы-жайсаңдарымызды қайта тануға мүмкіндік туды. Осы тұрғыда Тәсібек болыс зерделі зерттеуге сұранып тұрған, есімін мәңгі есте қалдыруға лайықты тағдырлы тұлға. 

Жомарт ИГІМАН,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
Сарқан ауданы
Жетісу облысы