КЕРБҰЛАҚ АУДАНЫНДА КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫ ГАЗҒА ТЕГІН ҚОСЫЛДЫ

Уақыты: 31.12.2022
Оқылды: 2504
Бөлім: КҮЛТӨБЕ


 Тоғыз жолдың торабында жатқан Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек кентіне табиғи газ жетіп, алғашқы отбасы көгілдір отынға қосылды. 14 баласы бар Сәдуақасовтардың үйіне газ қосу салтанатына аудан әкімі Қанат Есболатов, облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ернат Бәзіл, «ҚазТрансГаз» компаниясының өкілдері мен журналистер қауымы барды.
Табиғи газға қосылған үйдің отанасы Гүлназ Шәкенова аудан орталығынан шағын кафетерий ашқанын бұған дейін хабарлағанбыз. Тура Жаңа Жылдың қарсаңында қуанышқа кенеліп жатқан келіншек облыс басшылығының қолдауымен табиғи газға тегін қосылғанын айтты. Оның айтуынша, бұған дейін жылына 10-12 тонна көмірдің қасына тамызыққа отын алып, жанған оттың күлін шығарып, машақатын көріп, бір қыста 200 мың теңге жылуға жұмсап отырған. Енді табиғи газдың әр текше метріне 30 теңгеден төлейді.
Тура жылдың соңында табиғи газға қосылған отбасының қуанышына өзге жұрт та жақында қол жеткізеді. Алдағы қаңтардың 4-і күні Сарыөзектегі басқа да үйлер көгілдір отынға қосылмақ. Облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ернат Бәзілдің айтуына қарағанда, Кербұлақ аудандық әкімдігінің ғимаратына орналасқан «ҚазТрансГаз» компаниясының мамандары тұрғындарды қабылдайды.
– Бүгін өздеріңіздің қатысуларыңызбен бір отбасын газға қосып отырмыз. Аудан орталығына 1 магистралмен газ келіп тұр. Алдағы 4 қаңтарда басталатын жұмыс күнінен Сарыөзектің халқы «ҚазТрансГаз» компаниясынан техникалық шарттарды алып, табиғи газға қосылуға мүмкіндік алады. Газ ауылға толығымен келді, – деген Ернат Дүйсенбекұлы алдағы жылдардың жоспарын таныстырып өтті. – Аудан орталығынан бөлек тағы 25 елді мекенді газға қосу жоспарда тұр. Дәл қазір бесеуінің жобасы сараптамадан өтіп жатыр. Қолымызға тие салысымен құрылысын бастаймыз. Қалған 20 ауылға автоматты газ тарату стансысын орнатудың жобалық-сметалық құжаттамасын жасауға байқау жариялаймыз. Шартты жұмыстары жазға салым аяқталса жыл соңына дейін 20 ауылға газ тарту жұмыстары басталады. Алдағы 2024 жылға дейін олардың бәрі аяқталуы тиіс. Облысқа арнайы келген ел Президенті Сарыөзектен бастап Талдықорғанға дейінгі аралықта жатқан ауылдарға газ жеткізуді тапсырма ретінде жүктеді. Одан соң Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарына 350 шақырымдық магистралды құбырмен табиғи газ жеткізу міндеті тұр. Оның жобасы дайын. Алдағы қаңтар, ақпан айларында мемлекеттік сараптамадан өтсе қажетті жұмыстар басталады. Ол бағыттағы жұмыстар 3 кезеңмен жүргізіледі.
Басқарма басшысының айтуынша, халықты табиғи газға қосудың бағасы облыс бойынша 135-175 мың теңгенің аралығында. Мердігер компаниялар бағаны жөнсіз өсірмеуі үшін табиғи газдың пештері мен қажетті тетіктерін молынан сатып алып, тұрғындарға ұзақ уақытқа қарызға беру жоспарлануда. Сонда ғана газға қосудың бағасын тұрақтандыруға болады.
 

 

Мәди ӘСЕТҰЛЫ,
Жетісу облысы