«КҮЛДІР ДЕ, КҮЛДІР КІСІНЕТІП»

Уақыты: 03.02.2023
Оқылды: 581
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазақтың өмірімен біте қайнасып, ғасырлар бойы ұлтпен бірге жасасып келе жатқан жылқы осы күні бұрынғы биігіне жете алмауда. Көбіне соғым мен бәйгеге ұсталатын қылқұйрықтың саны қазір едәуір азайған. Ертедегідей ер адамның қасынан табылған жануарды бүгінгі күні жайылымнан немесе ипподромнан ғана көреміз. Ауыл тұрғындары қажетіне мініп жүрген жылқыны қала тұрғындары еті үшін сүйеді. Қазысын кертіп жеп, жал мен жаясын қонағына ұсынады.

Жалпы, әлемде жылқының 200-ге жуық тұқымы бар. Атап айтқанда, ақалтеке, жәуміт, қарабайыр, араб, ағылшын, дон, буденный, украин, алтай сынды тұқымдар көпшілікке жақсы таныс. Солардың арасында қазақы тұқымның өзі бірнеше түрге бөлінеді. Көбіне белді келетін қостанай, мұғалжар, жабы сияқты жылқы тұқымы ұзақ жолға шыдамдылығымен, оңай үйретілетіндігімен ерекшеленеді. Дегенмен қазір селекциялық тұқым өсіру үрдісі жүрмегендіктен жылқы тұқымы азып барады. Қазақ жылқысының келешегіне алаңдаған азаматтар еліміздің әрбір өңірінде жылқы тұқымын асылдандырудың жұмыстарын жүргізіп отыр. Солардың қатарында Жетісу жерінің солтүстік-шығысындағы Алакөл ауданына тіркелген «Алакөл асыл жылқы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар.

Серіктестік басшысының орынбасары Айдын Сейітжанұлының айтуынша, қазір Алакөл ауданының Шығыс Қазақстанмен шектесетін Қаратау деген жерінде 10 мыңға жуық жылқы өсіріліп, қазақ тұқымның ерекшелігі зерттелуде. Негізгі мақсат жергілікті жылқының басын 20 мыңға жеткізіп, қазақы жылқы тұқымын асылдандыру.

– Қазір жергілікті жылқылар ұсақталып кетті. Соның өзі қымыз бен етіне де әсер ететінін көріп жүрміз. Сол себепті, жылқы тұқымын ірілендіріп, қазысын жеңді білектей күйіне жеткізуді көздеп отырмыз. Осылайша жылқы етіне деген сұранысқа жағдай жасап, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосу, негізгі мақсатымыз. Биылғы қыс мезгіліне арнап 700-ге жуық жылқыны бордақыға байладық. Бұл жылқы етін экспортқа шығаруға мүмкіндік береді. 70 күннен артық байланатын бордақыларды жергілікті тұрғындар соғымға шамамен 500 мың теңгеден сатып алып жатыр. Құнан, дөненшығар жастағы жылқы 200-250 келі ет береді, – деген Айдын Сейітжанұлы жылқыны табынға бөлу мен бағудың жолын таныстырып өтті. – Біздің орталықтың ашылғанына 7-8 жыл болып қалды. Содан бері жылқышыларды үйретіп, мал бағудың қыр-сырына баулып жатырмыз. Өз басым 10 жылқы баққан адаммын. Орталық ашылғаннан кейін, басшының орынбасарлығына шақырылдым. Әрине, жылқышы болу оңай емес. Алдымен жастарды жылқышының көмекшілігіне аламыз, қабілеті барлар уақыт өте келе құрық ұстап, қылқұйрықтың бабын меңгеріп шығады. Көбіне жергілікті жігіттер алынады. Сырттан келгендер де жоқ емес. Дегенмен, олар жер жағдайын жетік меңгеріп, жұмысқа тұрақтанғанша сынақтан өтеді. Оларға айлық жалақы бағатын табынына байланысты төленеді. Мысалы, бір табында 700-800 бас жылқы болса әр жылқыға мың теңгеден жалақы қойылады. Сонда бір табынды кезекпен бағатын 4 адамға 200 мың теңгеден тиеді. Көмекшілер алғашында 150 мың теңгеден алады. Кезекпен 15 күн жылқы бағып, 15 күн демалатындықтан кейде бір жылқышының кезегі ұзағырақ шығады. Оған әртүрлі себеп бар. Ондайда өзара келісіп, ауысып отырады. Жалпы, 15 табын жылқының бағылуы 60-70 адамды жұмыспен қамтып отыр деуге болады.

«Алакөл асыл жылқы» ЖШС басшысы орынбасарының айтуынша, қазіргі технологияның қарқынды дамуы жылқы бағуға зор мүмкіндік беріп отыр. Әр жылқыға салынған GPS құрылғы жануардың қайда жүргенін алыстан бақылауға көмектеседі. Әсіресе, боранды күндерде, тұманды түндерде компьютермен көріп, ит-құстан, ұрыдан амандығын біліп отыруға болады. Одан бөлек, әр табынға бір-бір Газ-66 автокөлігі бекітілген. Қажетті нәрсенің бәрімен жабдықталған жүк көлігінде жылқышылар тамағын істеп, уақытымен демалады. Тұяқты малмен бірге жайылым-жайылымға көше жүріп, жылқыны белгіленген аумақтан қайырып отыруға ыңғайлы. Автокөліктің арқасында өзара кезек ауыстыру, жатақханадағы бала-шағасына бару, моншаға түсу секілді қажеттіліктерді атқару оңайлаған. Жылқышылардың балалары жоғарғы оқу орындарына түсіп, студент атаныпты. Өмір бойы қыл құйрықты жануардың табиғатын танып өскен жастар малды ауылды сағынып тұрады.

Қарақұм өңірінде орналасқан «Алакөл асыл жылқы» ЖШС-ның орталығында жүріп жатқан селекциялық жұмыстарға «Қазақ мал шаруашылығы және жылқы шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің жетекші ғылыми маманы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Амангелді Тұрабаев жетекшілік етіп, жылқы тұқымын асылдандыру шарасының дұрыс жүруін қадағалап отырады. Ғалымның айтуынша, елімізде өсетін төрт жылқы тұқымын – етті, мығым денелі қазақы жабы жылқысы, Маңғыстау, Атырау облыстарында өсірілетін жеңіл типті «Адай» жылқысы, 1951 жылы шығарылған спорттық бағыттағы «Қостанай» тұқымы, ет-сүт бағытындағы 1976 жылы шыққан «Көшім» тұқымы және 1998 жылы шыққан Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда облыстарында өсірілетін «Мұғалжар» тұқымы деп бөліп қарастыруға болады. Ал қазақ жылқысын зерттеген профессор Юрий Барминцев кезінде Алматы облысының шығыс жағындағы шекара аймағында өсірілетін жергілікті қазақы жылқының бір түрін «найман жылқысы» деп бөліп атаған екен.

– Бірақ біз оны «найман жылқысы» деп айта алмаймыз. Себебі, ешқандай апробациядан өтпеген, ғылыми тұрғыдан мойындалмаған. Сол себепті, жергілікті қазақ жылқысына жатқызамыз. Негізі оларды жыл сайын тексеріп, бойын, салмағын өлшеп тұрамыз. Зерттеудің нақты өлшемдерімен жергілікті қазақ жылқысының стандартына кіреді. Яғни, жабының стандартынан төмендеу келетін бұл тұқымның бойы аласа, тірідей салмағы 400 келіден аспағанымен таулы-тасты жерге жүруге икемді, ұзақ жүріске шыдамды келеді, – деген ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Амангелді Тұрабаев жүріп жатқан селекциялық жұмыстарын таныстырып өтті. – Біздің мақсатымыз – жергілікті қазақ жылқысының өнімділік қуатын арттыру. Сондықтан жан-жақтан тұқымдық айғырлар алып, сіңіре будандастыру шараларын жүргізудеміз. Былтыр «Новоалтай» және «Мұғалжар» тұқымынан алғашқы будан ұрпақ алдық. Кеңес одағының кезінде бұл аймаққа «рысак», «дон» жылқысы сынды тұқымдар көптеп келген. Сөйтіп, қазақ жылқысының тұқымын солармен араластырып, будандастырған. Одан әрі жұмыс жүрмеген. Соның кесірінен жергілікті тұқым толық қалыптаспай қалған. Яғни, будан өзінің бойындағы қазақы жылқының жақсы қасиеттерін келесі ұрпаққа бере алмайды. Ол үшін жылқының бойындағы тектік қасиеттерді бекіту жұмыстары жүріп, сол тұқымның аталықтарымен шағылысуы тиіс. Бізде сол тәртіппен жұмыс істекдеміз. Оның үстіне «Мұғалжар» жылқысы да, Ресейдің Алтай аймағында шыққан «Новоалтай» тұқымы да қазақ жылқысынан тамыр алады. Асылдандыру жұмыстарының өзіне 7-8 жыл керек. Сондықтан асығыс болжам жасау, жергілікті қазақ жылқысының тұқымын шығарамыз деп айту әлі ертерек. Әрине, мал басы өсіп, селекциялық жұмыс нәтижесін берсе жаңа тұқым шығаратынымыз анық. Ол үшін тұқымның селекциялық-генетикалық параметрлеріне сай келетін 500 бие болуы керек. Бұл мемлекеттік стандарт. Сол үшін жыл сайын тірідей салмағы, бойы, түрі бойынша іріктеу жүргізіп келеміз. Енді алдымызда биылғы жылы туған будандардың ішінен ең ірілерін бөлектеп, «Новоалтай» тұқымымен шағылыстырамыз.

Ғалымның айтуынша, іріктеу шараларынан өткен соң ғана тұқымдық статус иеленген «Мұғалжар» жылқысы негізінен тез жерсініп, ерте жетілетіндігімен ерекшеленеді. Ал «Новоалтай» тұқымының бойы биік, тұрқы ірі келеді. Сол себепті, осы екі тұқым әдейі таңдалыпты. Бұл жергілікті қазақ жылқысының өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Иә, ұшқан құстың қанаты талған Ұлы Даланы мекен еткен батыр бабаларымыз ат тұяғының мықтылығын пайдаланып, кең байтақ жерді бүгінгі біздер үшін сақтап қалды. Ғасырлар бойы астындағы атының қамын ойлаған халқымыз:
Бұрқылдаған қақ көзі,
Суат болмас демеңіз.
Жер тағысы Керқұлан,
Жылқы болмас демеңіз, – деп тарпаңнан тұқым алып, құланды үйірге қосқан. Сондықтан, бабалар мінген сәйгүліктің тұқымын келер кезеңге аман-есен жеткізу бүгінгі ұрпақтың міндеті.

Мәди Алжанбай