БӘТИМА АПА

Уақыты: 03.02.2023
Оқылды: 569
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Батырлық бойда емес – ойда. Бәтима  Сақауова жас кезінен зерек болды.  Намысы бар адамның нар күші барын дәлелдеді.  Бала кезінен өз күшіне ғана сеніп бойжетті. Өзіңе сенсең құстай ұшасың, біреуге сенсең мұрттай ұшасың деген сөздің мәнісін біліп өсті. Өз ісіне мығым болды.  Алдына алтын мақсат қойып алып,  бақытты күндеріне қол созды.  Ол  таудың қызы еді. Тауға қарап ержетті. Аласармауды таудан үйренді.

Бәтима Есболатқызы Қапал мектебінде оқып жүргенде-ақ зеректігімен көзге түсті. Қатар құрбыларының алды болды.  Ұстаздың берген тапсырмасын тастай қылып орындайтын.  Ойын-күлкіге әуес болмады.  Еңбек пен сабақты ұштастыра білетін. Ақырында еңбектің бәрін жеңетініне  сыныптастарының да көзін жеткізді. Ол ұстаздық жолды таңдады. Ол кезде үлкендер мұғалім бол деп бата беретін.  Бәтима Сақауова педагогикалық білім алып келіп, өзі оқыған мектепте  шәкірт тәрбиеледі. Боламын деген баланың бетін қақпа, белін  бу» дегендей,  Бәтима Есболатқызының іскерлігін байқаған аудандық партия комитеті 18 жасында  аудандық партия комитетінің әйелдер бөлімінің меңгерушілігі қызметін тапсырды.

Бәтима Есболатқызының қызметке араласқан кезі кеңес өкіметінің идеологиясы аспандап  тұрған кез еді.  Біреуге біреудің жаны ашысын ба? Мәскеуден басқарылатын жүйе  халықты орыстандыру саясатын ұстанды. Еңбекші халықтың табысы Кеңес өкіметінің орталығына жөнелтіліп отырды. Астық, ет, түпсіз тұңғиыққа кетіп отырды.  Тек, жастар тәрбиесін қолдан шығарып алмау керек болды. Дәл сол кезде  қазақ жерінде 700 мектеп жабылды.  Қазақ мектептерін қайта ашу, балабақшалардағы бүлдіршіндерді  ұлттық тілде тәрбиелеу үшін күш салуға тура келді.   Сол кезде Бәтима Сақауованың замандастары саясатпен астыртын күресті. Түрлі қулыққа көшті. Малшылардың, механизаторлардың балалары  қазақ тілінде ғана біледі дегенді сылтауратып,  ауыл-аймақтарда қазақ мектептерін жапқызбауға күш салды.

Бір сұхбатында Бәтима апа «Ең қорқыныштысы, қазақ мектебін жабу керек деген жиындарда кейбір қорқақ қандастардың қос қолын көтеретіндігі еді», – деп күйінетін.  Мұндайға жаны шыдамайтын өр мінезді қыз кейбіреулерге астыртын мінез көрсететін.  Бабалар аманатына қиянат жасағандармен жеке сөйлесіп, мәселенің төркіні тереңде екенін түсіндіретін.  Кейіннен бізбен әңгімелескенде  қазақ халқының ұлттық болмысына шабуыл жасалып, тұтас бір тілді жоюға тырысқан қызыл саясаттың келмеске кеткеніне қуанатын. Сондай сындарлы шақтарда Бәтима апа бастаған ұлт жанашырлары қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, жөн-жоралғысын жасырын орындап жүрді. Ұзақ жыл мемлекеттік идеологияның тізгінін ұстаған ел анасына тізгінді тең ұстау үшін ақыл-айла керек  болды.   Қазақтың өзегіне түскен жегіқұртты алып тастау үшін бірде жеңді, бірде жеңілді.  Егер, сол кездегі шоғыртабандылық танытып, ұлт мүддесін қорғамағанда  ұрпақ мәңгіүрттенер еді. Ал мәңгүртті емдеу қиын... Тілін, тарихын білмейтін түрі қазақ, ойы орыс қызметкерлер ел басқарса жағдайыңды өзің саралай бер.

Бәтима Сақауова апаның замандастарының ұлтты  өз болмысымен сақтап қалудағы ерлігі теңдессіз.  Бәтима Есболатқызының елжанды, рухы биік, қайсар болуы заңдылық.  

Ол Ілиястай Құлагер ақын,  Барлыбек Сырттановтай Ата Заңымыздың негізін қалаған Алаштың арысы,  Көтен Тәуіптей әулиені сыйлаған қасиетті Ақсу өңірінің тумасы.  Бұл - ұлыларды өмірге әкелген қасиетті мекен. Тақыр жерге шөптің де  шықпайтыны белгілі. Ол қазақтың біртуар азаматтарының рухынан күш алған қыз.  

Ол қызмет бабында  жастарға қамқорлық жасап, жүрген жерінде ұлт мұрасын жаңғырт­ты. Жастарға сөзбен емес, іспен өнеге көрсетіп, адал еңбектің жолын нұсқады. Жастардың бейіміне қарай жолын ашты.  Көптің қамын ойласаң, өз қамың соның ішінде. Ол көпті тәрбиелей жүріп, өзі де   ұл-қыз өсірді. Олардың білікті  азамат болып  ержетуіне  күш салды. Бірақ, тағдырдың салғанына не шара?! Бір ұл, бір қызы дүниеден ерте кетті.   Әйелді босқа ақ қайыңға теңемейді екен?! Қайың жел, боран, жауын  жауса белі майысыпм, жапырақтары дірілдеп шарасыздық танытқанмен құламайды. Ыққа қарай иілгенмен дауылдан кейін қайта орнына келе қалады. Бораннан кейін  ақ қайыңды қараңызшы. Түк болмағандай жайқалып тұрады. Бәтима апа да жылағанмен құламады. Қызы мен немерелерін көңіліне медеу етіп, еңсесін тіктеп алды.  Халықтың керегіне жарауым керек деген  мақсат оны алға жетеледі. Бір жылдары Талдықорған өңірі қаңырап бос қалғанын ел біледі. Облыс орталағы Алматыға ауысып,  бұл аймақ экономикалық тұрғыдан  тұралады. Зауыттар жұмысын тоқтатты. Ел жылдап еңбекақыларын ала алмады.  Электр жарығы сөніп,   азық-түліктен тапшылық тудындады. Сол кезде Бәтима апа мен басқа да ел ағалары бірігіп, жоғары жаққа хат жазды. Талай құзырлы мекеменің есігін тоздырды.  Талдықорғанға қайтадан облыс орталығы дәрежесін қайтармаса, елдің жағдайы оңалмайтынын айтты. Сонымен, облыстың  ақсамайлы аналары мен  ақсақалдары  Талдықорған өңірінің қайтадан гүлденуіне қол жеткізді.  Елдің тілеуі орындалып, халықтың еңсесі көтерілді. Өңірдің экономикалық жағдайы жақсарды. Міне,  Бәтима апа осылайша, күннен қорғар  көлеңкесі, жел соқса  ықтасыны бола білді.  Ол кісінің замандасы, пікірлесі, иық тіреп бірге жүрер досының бірі, ел анасы  Злиха Тамшыбаева еді. Злиха апа бізге берген бір сұхбатында «Бәкең Гвардия аудандық атқару комитетінің төрағасы. Екеуміз  төрт жылдан аса қоян-қолтық еңбек еттік. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы           А. Брагин талапшыл, бірақ өзін өзгелерден өте жоғары ұстайтын басшы еді. Осындай қызметте кездесетін кейбір мәселелерге қарамастан Бәтима Есболатқызы өз саласындағы қызметкерлерді қажет кезінде қорғап, білмегендерін үйретіп, жан-жақты қамқорлық жасады. Сөзінде тұратын, жалғандықты жаны ұнатпайтын. Сол кезде ауткомның отырысына дайындалып, имене кіретін едік. Бәкеңнің іскерлігіне тәнті болдық. Әсіресе, әлеуметтік саланы дамытуға барынша күш салды. Ұқыптылығы байқалып тұратын, айналаға әйел адамға ғана тән аса сезімталдықпен қарайтын. Нәтижесінде аудан орталығы Қоғалыда қаншама құрылыстар бой көтерді. Көшелер ретке келтірілді. Ауылға деген көзқарас барынша жақсарған кезең де осы тұс. Бәтима Есболатқызының жүріс-тұрысы, киім киісіне дейін айналасындағы қыз-келіншектерге үлгі-өнеге болғанын байқайтынбыз. Олар байыпты басшыға қарап ой түзеді, бой түзеді, ұқсағылары келді. Содан болар, бүгінде Бәкеңнің қамқорлығын көрген, ізін басқан бір шоғыр Жетісудың қыздарының арамыздан жарқырай шыққаны», -деп бірге жүрген күндерінен естелік айтқан еді. Қазір қос құрбы келместің кемесіне мініп, аттанып кетті. Бірақ, соңдарында жақсы сөз, игілікті іс қалды.

 Бәтима Сақауова Гвардия, Ақсу ауданда­ры­ның және Алматы облы­сының Құрметті азаматы атан­ды.  Үш мәр­те «Құрмет белгісі» орденінің ие­гері.  Бәтима Есболатқызы– қайраткер әйел бейнесінің үлгісі!

Гүлжан Тұрсын