ЖҰПЫНЫ АУЫЛДЫҢ ЖЫРТЫҒЫ КӨП

Уақыты: 03.02.2023
Оқылды: 1333
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бұл ретте алыстағы Ақжар ауылына бет алдық. Қыстың көзі қырауда жол жүрудің өзі тиімсіз. Ал біраз жылдан бері жыры бітпеген Үштөбеден Көпбірлік ауылына дейін апаратын жолдың да жайсыздығы мазаны қашырады. Бір тұсы жөнделіп, енді бір жері баяғы көне асфальтпен жатқан кедір-бұдыр жолдың қиындығы бір жағында, интернет тартпайтын, телефон алынбайтын меңіреу тыныштық кімді болса да жалықтырады. Бірақ, біз жалыға қоймадық. Өйткені, бұрын-соңды бұл маңға ат ізін салмағандықтан айналадағы мүлгіген табиғат, бұтағын қырау шалған сексеуілдер, тастақты адырлар мен жота-жондар, көлікпен бірге жарысып отыратын жағасында қалың қараағаш қою өскен Қаратал өзенінің  тамаша көрінісі таңдай қақтырады. Ара-тұра күрежолды кесіп өтіп, секектеп қашып бара жатқан қоян мен жол шетінде тыныстап отырған қырғауылдарға кездескенде көзің тұнып кетеді.  Алдымыздан Ақжар ауылы деген жазуы бар жол белгісі кездескенше осындай көріністерге көңілімізді жүздіріп отырдық.

Ауылға кіреберісте мықтыбек батырдың кесенесі көзімізге оттай басылды. Бел үстіне қойылған белгі тас: «Біз жаудан қорғадық, сендер ел мен жерді тонаудан қорғаңдар?» деп тұрғандай сезілді маған. Әрине, сол бабаларымыз қорғаған жердің бүгінгі игілігін көріп, азамат боп атқа мініп жүрген соң тіземізді бүгіп, перзенттік борышымызды өтеуді парызымыз деп білдік. Айналаны ақ мамық қар қымтап жатқан соң ба? Ауыл бізге тім жұпыны көрінді. Ауыл азаматтары бізді ауыл ортасындағы үш қабатты мектепте күтіп отыр екен.

– Біздің ауылға аң мен балық аулайтындар жиі келуші еді. Соңғы 30 жылда «Жетісу» газетінің тілшісі бірінші рет келіп тұр, – деп ауылдың аңқылдақ әзілімен қарсы алды.

Ақжар Байшегір ауылдық округіне қарасты үш ауылдың бірі. 1970 жылы қой кеңшары болып құрылғанда 150-ге жуық үй, 30 мың бастан артық қой, 2 мың бастан артық сиыр, 1 мың бастан артық жылқы болыпты. 150 мың гектар жайылым, 6 мың гектардан астам суармалы жері тағы бар.

 – Айналасы жазық дала, сексеуілі қалың құмды алқап малды жұтатпайтын. Балқаш көлі де алыс емес. Қалаға барсақ, қап-қап ет пен қалта-қалта сазан балық апарушы едік. Тоқырау жылдары сол байлықтың тоз-тозы шықты. Енді өзіміз керек-жарақығымыз қаладан қашан келеді деп телміріп отыратын болдық, – дейді ауыл ақсақалы Сембек Жұмағұлов.

Жүдеген тіршілікті айналадағы тоқал тамдардың өзі-ақ айтып тұр.

– Бала күннен осы ауылда туып, өстік. Жорға мініп жүйіткітіп, мыңғырған малды құм төбешікке иіріп қойып, әзіліміз жарасып жүрген сол күндерді сағынамыз. Көз алдымызда құрдымға кетіп бара жатқан ауылдың жағдайын көріп, жүрегіміз ауырады, – дейді Өмірсерік Сәрсенбаев.

Мал өсірем десе, жайылым мол. Кеңшар кезінде мал азығын дайындайтын суармалы алқаптарды бүгінде құм басып, құты қашқан. Өз кезінде осы ауыл 30 гектар жерге қант қызылшасын да еккен Қазір ауласына көкөніс өсіре алмай отыр. Оған себеп – су мәселесі.

– Кеңшар кезінде Қаратал өзенінен су тартатын насос, алқапқа су жеткізетін канал бар еді. Бүгін насос істен шығып, каналдың жолы бітеліп, жазды күні тұрғындар су таппай қалады. Кезінде ауламызда түрлі көкөніс өсіп тұрушы еді. Қазір борпылдаған бос құм басып барады, – деп қынжылды Ырымқұл Қонысбеков.

Ауыл әкімі бас болып, ауыл тұрғындары құптап, аудан әкіміне: «Қартал өзенінен су тартатын насосты жөндеп, каналдарды тазалап берсе?» деп бірнеше рет өтініш-тілек білдірсе де, ешкім елеп-ескермеген көрінеді. Ал ауыл тұрғындары өздері қаражат жинап, бұл мәселені шешіп алуға тырысқанымен қырықшақты үйдің жиған-тергені насосқа кететін салеркадан аспайды.

– Егер су тартатын насос жаңаланып, каналды тазалап берсе, бос жатқан жерге жоңышқа егіп, мал азығын дайындап алар едік, – дейді Мәди Бодаубеков.

Жігері тасқындап жігіттердің қолын жоқтық байлап тұрғанын көрдік. Аудан бюджетіне де көп салмақ түсірмейді. Аудан әкімі Ұлан Досымбеков осыны ескерсе, құба құп болар еді.

Инвестордың әлегі

Ауыл тұрғындарының айтуынша, осыдан 2-3 жыл бұрын «Темірқазық» ЖШС  ауылды көркейтіп, көсегесін көгертеміз, миллиондап қаржы құйып, жастардың бәрін жұмыспен қамтимыз деп ауыл маңындағы жайылымдық жерден 300 гектар жер алып, құлшынып жұмыс бастаған екен. «Су тартатын насосты жаңартып, ауылды абаттандырамыз» деп уәдені ұйіп-төгіпті.

Нәтижесінде, сол жылы 60-70 гектар жерді аударып, құрыс-қопасын шығарғанымен сепкен тұқымы, өсірген дақылы жоқ. Кедесі жылдан бері  көрінбей кетіпті. Жайылымдық жердің қандай құжатпен егістік жерге ауысып, құрғақ уәдесі көп инвестордың иелігіне бергенін түсіне алмай ауылдағылар аң-таң. Оны қойшы басында техниканың тілін білетін  азаматтарды ақылы жұмысқа қабылдапты. Олардың да еңбекақысы төленбеген. Соның бірі Рафель Валерка:

– «Темірқазық» ЖШС-нің «Т-150» маркалы тракторы әлі менің ауламда тұр. Олар бастабында бір гектар жерді жыртып беруге 3 мың теңгеден ақы төлейтін болып келіскен. Жұмыс істелді, жер жыртылды. Ал өздерін таба алмай жүрміз. Техникасы менің ауламда тұр. Келіскен еңбекақымды төлесін де көлігін айдап кете берсін, – дейді ол.

Аталған ЖШС-ге ауылдағы ағайынның алданбаған бірі жоқ. Өткен жылы үлкендер жиылып, «Темірқазық» ЖШС-ге берілген жерді қайтарып,  ауыл тұрғындарына бөліп беруін өтініп сотқа арызданыпты. Бірақ баяғы жартас, сол жартас күйінде қалып келеді.  

«Темірқазық» ЖШС туралы ауылдастар көп дерек білмейтін болып шықты. Біз де іздеп көрген едік. Ақжарға қатысты ешқандай ақпарат таппадық. «Енді осы инвестициялық жобаның мән-жайын аудан әкімдігі түсіндіріп береді» деген ойдамыз.

Мектебі бар, оқушысы жоқ

Ақжар ауылындағы 3 қабатты еңселі мектепте кезінде 200-ден аса бала білім алған екен.  «Мектептің жанындағы интернаттың да тіршілігі қыз-қыз қайнап жататын» дейді ауыл ақсақалдары. Кейінгі жылдары мектеп ағымды жөндеуден өтіп, тағанынан шатырына дейін жаңаланыпты. Ол жағынан кінәрат таппадық. Берісі Талдықорған, арысы Алматы мен Астанадан табысқа жеткен, жоғары лауазымды қызметте жүрген талай азаматты түлеткен оқу орны қаңырап тұр. Мектепте бүгінде бар-жоғы 25 бала оқиды.

– Ауылдағы жоғары сыныпта оқитын балалар 30 шақырым жердегі Байшегір ауылдық округінің орталығы Алмалы ауылындағы орта мектепке барса, біразы Үштөбе мен Талдықорған қаласынан пәтер жалдап немесе туыстарының үйін жағалап білім алуда. Соңғы кезде мектеп оқушылары арасында орын алған келеңсіздіктерді әлеуметтік желіден көрген сайын балалардың жайын ойлап, ұйқымыз қашатын болды, – дейді мектеп мұғалімі Динагүл Какимова.

Бүгінде «Мектебі бар, оқушысы жоқ» жағдай шалғай ауылдардың бәрінің бас ауруына айналды. Бала саны осылай кеми берсе, мектеп бір күні мүлдем жабылып қалады. Сондықтан ауылдың демографиялық жағдайын дұрыстау керек. Ол үшін ішкі және сыртқы көші-қонның мүмкіндігін пайдаланған жөн.

– Мал бағамын, жер өңдеймін деген қандастар болса, есігіміз қашанда ашық. Жағдайына қарайласуға дайынбыз, – дейді ауыл әкімінің міндетін атқарушы Әлішер Тілеуғасын.

Интернеті нашар, грант алып көрмеген ауыл

Негізінен интернетке қатысты өкпені ауыл әйелдерінің аузынан естідік. «Алыстағы ағайыннан хабар алу үшін телефонды құшақтап, ауыл маңындағы төбе-төбені кезіп кетеміз» дейді өкпелі жұрт. Әйтеуір, ауылда ауызсу мен электр жарығы жеткілікті. Күндіз-түні көгілдер экраннан жаңалық тыңдап, елдегі өзгерістер мен әлеуметке жасалатын жақсылықтарға құлақ құрышын қандырады. Ауыл мен мал шаруашылығы, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға мемлекеттен бөлінетін қайтарымсыз гранттар туралы естігендері болмаса, соңғы 30 жылда ауылдың бір тұрғыны оны алып көрмепті. Тіпті: «Гранттарға қалай қатысуға болады?» – деп бізден өтініп сұрады. Біз білгенімізді айттық.

Расында, облыс орталығындағы мекемелердің, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының ғимаратында түрлі тренинг, семинар өтіп, кәсіпкерлікпен айналысамын дегендерді оқытып жатады. «Біз ауылды көркейтеміз» десек, қалалықтарға аса қызықты емес, сол шаралар шалғай ауылдарда неге өтпейді» деген ойға қалдық. Бұл қазақстандық ауылдардың бәріне ортақ мәселе. Мұны да сұрап көреміз.

Тілші түйіні:

Байшегір ауылдық округінің тізгінін қазірше ұстап отырған Әлішер Тілеуғасым еті тірі, сөзі пысық, іске икемді жігіт көрінді. Ол Ақжар ауылын өркендетуге кедергі болып отырған 12 түрлі қиындықты тізіп шықты. Сол қатарда су, жер, жол, жарық, оқушыларды мектепке тасымалдау, ауылды құм басу, тағы сондай мәселелер қарастырылған. Айта кетерлігі, өткен жылдан бері Президенттің Жарлығымен ауыл әкімдерін сайлау тәртібі атқарылып келеді. Осы айдың 12 жұлдызында Байшегір ауылдық округінің әкімін сайлау өтпек. Сол сайлауға қатысатын үміткердің бірі Әлішер Тілеуғасым. «Ертеңін ойлаған жұрт осындай білікті жастарды таңдайды» деген ойдамыз.

Қажет Андас
Ақжар ауылы
Қаратал ауылы