ҚАНТ ӨНДІРІСІН ҚАЙТСЕК ӨРКЕНДЕТЕМІЗ?

Уақыты: 18.03.2023
Оқылды: 651
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Елімізде былтыр өткір мәселеге айналып, жұртты біраз алаңдатқан қант тапшылығы алдағы кездері қайталанбауы үшін қант өндірісі саласын өркендету қажеттігі кейінгі уақытта биік-биік мінберлерден айтыла бастады. Мемлекет басшысы да өткен жылы Жетісу облысына арнайы жұмыс сапарымен келгенде заманында республиканы ғана емес, тұтас одақты ақ қантпен қамтамасыз етіп келген аймақта бүгінде қант қызылшасын өсірудің кері кеткенін, бес зауыттың екеуі ғана қалғанына қынжылыс білдірген еді. Облыс басшылығы мен тиісті министрліктерге қазіргі кезде Жетісу облысында жұмыс істеп тұрған екі қайта өңдеу кәсіпорнының жүктемесін арттыруды, әсіресе, қайта қалпына келтіруге қыруар қаржы жұмсалған Ақсу қант зауытының жұмысын жүйелі жолға қоюды тапсырған болатын. 

– Қант қызылшасын өсіретін алқаптар азайып кетті. Соның кесірінен импортқа тәуелділік арта түсті. Зауытты іске қосуға 2017 жылдан бастап жергілікті бюджеттен 12 миллиард теңге жұмсалды. Биыл жазда қант бірден қымбаттап, оның тапшылығы туындады. Оның бәрі құзырлы органдардың салғырттығы мен бейқамдығының кесірінен болды, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы қаңтарылып тұрған алып зауытты тезірек толық іске қосуды, қажет болса, басқа инвесторлар тартуды қарастыру керек екеніне назар аударған.

Сонымен қатар, облыстағы екі қант зауытының қуатын 100 пайызға жеткізіп, 2026 жылға қарай өндірілетін қант көлемін 180 мың тоннаға арттыру қажеттігін ескерткен.
Мемлекет басшысынан кейін облысқа жолдары түскен Премьер-Министр, Ауыл шаруашылығы министрі мен оның орынбасарлары және тағы да осы салаға жауапты тұлғалар Жетісуда қант өндірісін дамытуға қатысты ойларын ортаға салып, осы бағытта атқарылатын істерді анықтауға тырысқаны да есте. Жергілікті билік те қарап отырған жоқ. Зауыттардың жүктемесін арттыру жолында үлкен шараларды қолға алды. Қант қызылшасын өсіруді біртіндеп көбейте отырып, 2026 жылы екі есеге арттырып, 15 мың гектарға жеткізбек. Сол кезде тәтті түбір мен қамыс құрағын өңдеу арқылы жылына 525 мың тонна қант өндіріледі. Бұл туралы осыдан біраз бұрын облысқа келген Премьер-Министр Әлихан Смайылов та айтты.

Күні кеше Президент Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевты қабылдағанда да аграрлы облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамыту шараларына баса назар аударылды. Атап айтқанда, игерілмей жатқан жерлерді қайтарып, ауыл шаруашылығы айналымына қосу, суландыру жүйелерін қалпына келтіру және инновациялық агротехнологияларды қолдану арқылы егін өнімділігін арттыру мәселелері талқыланып, қант өндірісіне қатысты сөз қозғалды. Облыс әкімі қант өндірісі саласының дамуы ұдайы бақылауда екенін мәлімдеп, Ақсу қант зауыты жақында іске қосылатынын, биыл кәсіпорын 40 мың тоннаға дейін қант құрағын өндіруді жоспарлап отырғанын баяндады. Жалпы өңірде осы жылы 132 мың тоннаға дейін қант өндірілмек. Бұл облыстың қантқа деген қажеттілігін толық өтеп қана қоймай, өнімді басқа өңірлерге де шығаруға мүмкіндік береді.

Жоғарыда оқығандарыңыздай, Жетісудағы қант өндірісінің болашағы жарқын болатын сыңайлы. Алайда алаңдатар тұстар да жоқ емес. Соның бірі де бірегейі – жергілікті шаруалардың қант қызылшасын өсіруге деген ынтасының азайып, құлшынысының кемігені. Шығыны көп, бейнеті мол техникалық дақылды өсіріп, өткізуге қатысты кейінгі жылдары алдарынан шыққан бітіп болмас проблемалар қажытқан, ерте көктемнен қарасуық түсетін қарашаға дейінгі еңбектерінің өтеуі көңілдерін көншітпейтін шаруа адамдары біртіндеп қант қызылшасынан бас тартып, бейнеті аз, пайдасы көп дақылдарға ден қоюда.

Жарайды, қос қант зауытының жүктемесін шетелдерден тасымалданатын шикізатпен толтырып, құрақтан өндірілетін қантпен елді қамтамасыз етерміз. Бірақ өңірдің басты дақылы атанып, кезінде тұтас облыстың даңқын аспандатқан, зауыттардағы жүздеген жұмысшыны айтпағанда, ауылдардағы мыңдаған қарапайым жанды еңбекпен қамтуға мүмкіндік берген тәтті түбірді түбегейлі ысырып тастауға болмайды.

Осы саладағы мықты мамандардың айтуынша, қант қызылшасы мен қант құрағынан алынатын шекерлердің арасындағы айырмашылық та жер мен көктей. Сырттан тасымалданатын қант құрағының бағасы да қызылшаға қарағанда қымбат екенін де естен шығармаған абзал. Қалай болғанда да жергілікті өнімнің жөні бөлек қой! Сондықтан қант қызылшасы өндірісін барынша қолдау керек. Бұл туралы облыс басшысы да аудандарға барған жұмыс сапарларында жұртшылық алдында жиі айтады және жанындағы жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеп отырады. Соның арқасы болар, биыл облыста қант қызылшасы алқаптарының аумағы біршама артпақ. Онан алынатын өнімге қатысты болжамды жоспар да жаман емес. 

Зауытқа өткізілетін қант қызылшасының сатып алу бағасы да біртіндеп көтеріліп келеді. Жетісу облыс басшылығының ұсынысымен зауытқа өткізілетін шикізаттың әр тоннасы үшін мемлекеттен берілетін субсидия 15 мыңнан 25 мың теңгеге көтерілді. Осы ақшаға қайта өңдеуші кәсіпорын төлейтін 15 мың теңгені қосқанда биылдан бастап шаруа күзде кәсіпорынға өткізген әр тонна өнім үшін 40 мың теңге алатын болды. 

Жетісулықтар былтыр орташа есеппен 1 гектар қант қызылшасын өсіруге 1 миллион теңгеден жұмсапты. Сол бейнеттеніп, шығындалып өсірген өнімді өткізуде де қиындықтарға тап болды. Ақсудағы қант зауыты тәтті түбірді қабылдамады. Шикізат қабылдайтын алаң қайта жабдықталмай қалды. Соның салдарынан сырт елдерден тасымалданатын қант қамысын өңдеу де кешеуілдеуде.

Осылайша 13 жылдан астам уақыт  тоқтап тұрып, осыдан бірнеше жыл бұрын ғана мемлекеттің миллиардтары мен инвесторлардың қаржысына қайта жарақтандырылып, іске қосылған алып зауыттағы қызу тірліктің ғұмыры ұзаққа созылмады. Алакөл, Ақсу, Сарқан аудандарының қант қызылшасын өсірушілері өнімдерін тағы да 150-300 шақырым қашықтықта орналасқан Көксу қант зауытына тасымалдап, қосымша шығынға батты. Жол азабын тартты.

Соңғы жылдары алқаптары айтарлықтай қысқарып кеткен қант қызылшасын өсіруге былтыр да бел буып, тәуекелге барғандардың айтуына қарағанда, жағдай осылай жалғаса берсе, жыл сайын жағадан алатын қымбатшылық бұл саланы да мүлде тұралатады. Өйткені, 1 гектар тәтті түбірді көктемнен бастап қара күзге дейін егіп, күтіп-баптау, жинау жұмыстарына өткен жылы гектарына 1 миллион теңгеден кетсе, алдағы кезде одан да көп жұмсалуы әбден мүмкін. Жұмсалған шығын ақталып, аздап болса да пайда көру үшін кем дегенде әр гектардан 500 центнер (50 тонна) өнім алу керек. Бір кездердегідей, 260-360 центнерден жинау өзін ақтамайды.Ал 500-700 центнер алу екінің бірінің қолынан келе бермейді.

Сонымен бірге қант қызылшасын өсірушілер мен қайта өңдеушілер арасындағы түсінбестік те шаруаларды әуреге салады. Диқандарды зауыттың қант қызылшасын қабылдау барысында түлі себептермен шығынға есептейтін мөлшерлемені көбейтіп жіберетіні мазалайды. Қанттылығын төмендететіндігі қынжылтады. Алқапта ала жаздай төгілген маңдай тердің арқасында жиналған өнімді азаптанып жүріп шалғайдан жеткізгенде оның жарым-жартысы есептен шығарылғанын, қанттылығы төмендетілгенін кім құптасын?

Бірақ зауыт мамандарының айтуынша, оның өзіндік себептері бар. Қабылдау (кагаттық) алаңына төгілген қант қызылшасын өндіріске жібергенше қалыпты жағдайда сақтау оңай емес. Кейде алаңдағы қызылшаны сақтау мерзімі 2-3 айға дейін созылады.

Егер қант қызылшасының арасында шөп-шалаң, тас-топырақ және тағы басқа да бөгде заттар көп болса, шикізат сол алаңда тұрып-ақ шіриді. Күн аяқастынан ысыса қанттылығын жоғалтады. Жауын-шашын көп болса буланады. Кәсіпорынның қант қызылшасын зертханалық тексерістен қатаң түрде өткізуінің себебі де осында екен. Сондай-ақ, шаруашылықтардың бәрі бірдей өз өнімдеріне жауапкершілікпен қарамайды. Арасындағы тас-топырағы алынбаған, шөп-шалаңы тазартылмаған қант қызылшасын әкелетіндер де кездеседі. Сондықтан бұл мәселеге екі тарап та түсіністікпен қарағаны жөн.

Зауытқа өткізілетін қант қызылшасының сатып алу бағасы да біртіндеп көтеріліп келеді. Жетісу облысы басшылығының ұсынысымен зауытқа өткізілетін шикізаттың әр тоннасы үшін мемлекеттен берілетін субсидия 15 мыңнан 25 мың теңгеге көтерілді. Осы ақшаға қайта өңдеуші кәсіпорын төлейтін 15 мың теңгені қосқанда биылдан бастап шаруа күзде кәсіпорынға өткізген әр тонна өнім үшін 40 мың теңге алатын болды. 

Ауыл шаруашылығы министрлігіндегілердің мәлімдеуінше, мемлекет қызылша өсірушілерге қолайлы жағдай жасау үшін қант өндірісін дамыту жоспарын дайындапты. Жоспарға сай қант қызылшасының 1 келісінің бағасы биыл  40 теңге болды.Осы мақсатқа бюджеттен 20 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінген. Сол сияқты қазір тұқымның, гербицидтің, тыңайтқыштардың 50, отандық ауыл шаруашылығы техникасы құнының  25-30, шетелдік техникалардың 15 пайызы, қызылша жинайтын комбайндар құнының 50 пайызы субсидияланады. 

Дегенмен, шаруалардың қант қызылшасын өсіруге деген ынтасын қайта ояту оңайға соқпайтын сыңайлы. Кейінгі жылдары облыстағы қызылша өсіретін негізгі аудандардың бірі – Ақсуда диқандардың 80 пайызы тәтті түбірден түбегейлі бас тартып, басқа дақылдарға таңдау жасаған. Оның себебі де көп. Су тапшы, жанармай қымбат, жинаған өнімді өткізу қиын және тағы басқа кедергілер алдыдан шығады дейді шаруа адамдары.

Солардың бірі 1999 жылдан бері қант қызылшасының қызығын көріп келген Александр Квитко былтыр 80 гектар егістік алқабына жүгері егіпті. Өйткені соңғы үш жылда тәтті түбірдің пайдасынан гөрі машақаты көбейіп кеткен. Маңдай термен келген өнім лайық бағаланбайды. «Өткен жылы зауыт бір келі қант қызылшасына 15 теңге берді. Мемлекет те өнімді өсіруге 15 теңге бөлді. Енді биыл мемлекет 25 теңге субсидия берсе, зауыт 15 теңгені сол бойы қалдырып отыр. Сонда зауыт шаруаларды ойламай ма?» – дейді шаруа қожалығының басшысы.

Қалай болғанада да Жетісудағы егіншіліктің басты әрі маңызды саласының бірі – қант қызылшасы өндірісіне өзгеше назар, нақты қолдаулар қажет. Шетелдерден қыруар қаржыға сатып алынып, тасылатын қант құрағы да дәл қазіргі күрделі кезеңде тапшылықты жоюға әсер еткенімен, өз өніміміздің орны бөлектігін естен шығармайық. Сондықтан жағдайға орай жоспарланған істерді жүзеге асыра отырып, ауылдағылардың басты табыс көзінің бірі, мыңдаған отбасы үшін негізгі кіріс көзі болып саналатын қант қызылшасын өсіру мен өңдеуге жаңаша көзқарас қалыптастырып, заманауи озық технологияларды қолдануды қолға алған жөн. 

Болат АБАҒАН 
Талдықорған қаласы