Бейбіт Исабаев Қытайдың Сямынь қаласында «Бір белдеу – бір бағыт» атты семинарға қатысты

Уақыты: 03.06.2023
Оқылды: 676
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев бастаған жетісулық делегация Қытайдың Сямынь қаласына барған сапарында «Бір белдеу – бір бағыт» жобасы аясында өткен сауда, экономика және инвестиция жөніндегі семинарға қатысып, қос тарап өңірлерінің сауда-саттық және экономикалық байланыстағы мүмкіндіктері таныстырылды.

5 миллионнан аса халқы бар Сямынь шаһары – әлемдегі ең ірі теңіз порттарының бірі. Ондағы жылдық контейнер айналымы – 12,4 млн. Сондықтан бұл аймақ Оңтүстік Қытайдың маңызды логистикалық хабы саналады. Осы орайда «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағын дамыту жөнінде осы өңірмен тәжірибе алмасудың Жетісу өңірі үшін маңызы зор болмақ.

– Біз сіздермен екіжақты байланыс орнатып, Сямынь қаласынан Жетісу облысына инвестиция тарту мәселесімен келдік. Ең басты мақсатымыз – «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА аумағында салынатын «Қазақстан – Қытай халықаралық өнеркәсіп қаласының» жобасын талқылап, соны жүзеге асыру. Пандемияға байланысты ол біраз тоқтап қалған болатын. Қытай тарапымен бірлесе отырып, осы жобаны жандандыру жөнінде меморандумдарға қол қойдық. Арнайы экономикалық аймақтағы 1000 гектар жерде құрылыстың алғашқы кезеңін жыл соңына дейін бастау жоспарланып отыр, – деді  Б. Исабаев.

Негізінен «Қазақстан – Қытай халықаралық өнеркәсіп қаласы» жобасына қатысушы компаниялардың көбі осы Сямынь қаласында орналасқан. Сондықтан сауда, экономика және инвестиция жөнінде өткен семинарға 10-нан астам іргелі компания өкілдері қатысты. Солардың ішінде жетісулық делегацияның өз сапары барысында ат басын бұрған нысандардың бірі Қытайдағы ең ірі ITG логистикалық компаниясы да бар.

Компания Сямынь қаласындағы кен рудасы мен түрлі түсті металдарды, каучук, қағаз және мақта өнімдерін, ауыл шаруашылығы тауарларын өндіріп, ішкі нарықты қажетті шикізатпен қамтамасыз етуде. Экспорт және импорт айналымы бойынша жылдық табысы 600 млрд. юань, яғни, 40 трлн. теңге. Forbes рейтин-гісінде әлемдегі ең мықты 2000 компанияның қатарына кірген. Дүниежүзінің 10-нан аса мемлекетімен байланыс орнатқан. Осы ретте облыс әкімі шикізатты алыс шетелдерден тасығаннан гөрі Қытайға іргелес жатқан Жетісу облысынан жеткізу әлдеқайда тиімді екенін, қажетті кен ресурсы да жеткілікті екенін атап өтті.

Өз кезегінде компания басшылығы қызығушылық танытып, алдағы уақытта Қазақстанға барып қайтатындарын жеткізді.  

Семинарға қатысқан компаниялардың басым бөлігі көлік, логистика, экология және жасыл энергетика саласында жұмыс істейді. Сол қатарда арнайы құрылыс техникаларын шығаратын кәсіпорындар да жобаға қызығушылық білдірді.

Жетісу облысының әлеуетімен танысқан олар қазақстандық делегацияға өздерінің инвестициялық мүмкіндіктері жөнінде айтып берді. Мәселен, «Chengdu Keerun Investment» компаниясы ауыл шаруашылығы өнімдері мен түрлі түсті металл өндірісі саласында тығыз байланыс орнатуға мүдделі. Шілде айында Қазақстанға арнайы баруды жоспарлап отыр. Ал «Xiamen Municipal Envioronmental» болса өндірістік және медициналық, тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеуге әзір екендерін жеткізді. Бұл ретте облыс әкімі өңірде жылына 130-140 мың тоннаға дейін қоқыс шығарылатынын, оның жартысынан көбін қайта өңдеуге болатынын алға тартты. Егер өңірге жұмыс істеуге келетін болса, ризашылықпен қолдайтынын атап өтті. Шара барысында осы секілді әрбір компанияға тиімді ұсыныстар айтылды.

Семинар соңында «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында «Қазақстан – Қытай өнеркәсіп қаласы» жобасына қатысуға ниетті 3 компаниямен «Дачжуо» ЖШС меморандум жасасты. Олар – Солтүстік-Қытай электроэнергек-тиканы жобалау институтының консалтингтік тобы, «Chengdu Keerun Investment» және «Shenzhen Eternal Asia Logistic» компаниялары.

Бұл «Дачжуо» серіктестігі «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында «Қазақстан – Қытай халықаралық өнеркәсіп қаласы» жобасын жүзеге асырады. Олар көлік және инвестиция, қала безендіру құрылыстары саласында кешенді жобаларды басқарумен айналысады. Қытайда үлкен беделге ие. Ширек ғасырға жуық уақыт ішінде сол елде 45 филиалын ашқан. Жыл сайын жобаларды басқаруға  6,5 трлн. теңге, ал инвестициялық және қаржылық қызмет көрсету бағытына 5,2 трлн. теңге бөліп отыр. «Дачжуо» компаниясы үшін «Қазақстан – Қытай халықаралық өнеркәсіп қаласы» шетелдегі ең алғашқы инвестициялық жоба болмақ. Оның құны 330 млрд. теңге. 

Болашақ логистикалық технопаркте жаңа өндірістер, дамыған инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу кәсіпорындары, сауда, ойын-сауық объектілері, фудкорттар және т.б. нысандар болады, яғни жаңа жұмыс орындары ашылады, заманауи технологиялар қолданысы кеңейеді. Бұл қадамдар іргелі жобаның тиімді жүзеге асырылуына үлкен ықпал ететін болады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі