Мезет мерейі: Жетісу облысын өзге өңір әкімдері құттықтады

Уақыты: 08.06.2023
Оқылды: 597
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетісу облысының өз алдына отау тігіп, құрылғанына бір жыл толуына орай Абай, Алматы, Ұлытау облыстарының әкімі құттықтау жолдады. Осы орайда өңір басшыларының жылы лібіздерін назарларыңызға ұсынамыз.

Қадірлі жетісулықтар! Ардақты ағайын!

Киелі Абай елінің атынан ортақ қуанышымыз – облыстарымыздың бір жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ТОҚАЕВТЫҢ Жарлығымен жаңғырған өңірлер бүгінде өзіндік даму жолына түсті. Халықтың тілегі қабыл болып, өткеніміз орнына келді. Үміт оты маздады. 

Ұлы Абайдың «Берекелі болса ел – жағасы жайлау ол бір көл» деген ұлағатты сөзін басшылыққа алған Абай, Жетісу, Ұлытау және Алматы облыстарының бүгінгі беталысы, бағыт-бағдары айқын, қадамы нық, ортақ мүдде тоғыстырған халқының береке-бірлігі, жасампаз еңбегі көпке үлгі болып келеді.
Құрылыс жаңданып, тұрғын үйлер мен заманауи ғимараттар, әлеуметтік нысандар бой көтере бастады. Аймақтарға инвестициялар тартылып, тың жобалар іске асты, жаңа жұмыс орындары ашылып келеді. Мұның барлығы  еншісін алып, еңсесін тіктеген халқымыз үшін үлкен қолдау, зор қуаныш! Халықты жұмыспен қамту, олардың әл-ауқатын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүруде. Әсіресе  тұрғындар баспаналы болып, шаңырақ шаттығына кенелуде. Облыс орталығынан бөлек аудандардағы көпқабатты үйлер құрылысының қарқыны жоғары. Осының барлығы еліміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырады.

Орайы келгенде Жетісудың төрі Талдықорған қаласында хакім Абайға арнап еңселі ескерткіштің қойылуына алғыс-рахметімізді де жеткізгенді жөн деп санаймыз! Өйткені, ұлы ғұлама барлық адамзатқа ортақ тұлға. «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған», деп дана Абайдың өзі айтқанындай, ұрпағына қалған мол мұрасы Мәңгілік Елімен бірге жасай бермек. 

Адамзаттың бәрін бауырым деп сүюге үндеген Ұлы Абайдың асқақ рухы Жаңғырған Жетісу жұртын ұлы мұраттарға жетелей берсін!
Туған жер аман, Отанымыз тыныш, болашағымыз баянды болсын!

Құрметпен, Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев


Құрметті жерұйық мекен жұртшылығы!

Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауындағы мәлімдемесіне сәйкес осыдан тура 1 жыл бұрын Алматы облысын екі аймаққа бөліп, Алматы облысының аумағынан Жетісу облысын құру туралы шешім қабылданды. Бұл, әрине, еліміздегі мемлекеттік басқару үдерісін жеңілдету үшін өңірлерде әкімшілік-аумақтық өзгерістер жасау қажеттілігіне байланысты туындады.

Осылайша  Алматы және Жетісу облыстары екі бөлек облыс ретінде тыныс ала бастады. Облыс мәртебесі бар өңірлерде әрдайым тұрғындар саны көбейіп, тұрмыс сапасы жоғарылайды. Әкімшілік-аумақтық өзгерістер мемлекеттік басқару үдерісін жеңілдететіні сөзсіз. Осы кезекте қазіргі Жетісу облысы құрылған күннен бастап қарқынды нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Жаңа инвестициялар тарту, халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатындағы жұмыстар легі біршама артуда.

Жетісу облысы бұрынғы уақытта Алматы облысының аумағында болған кезеңде әрдайым көркем табиғатымен ерекшеленді. Қазір де бір жылдың ішінде бұл өңірде туризмді дамытудың орасан зор әлеуеті айқын болды: Қазақстанның оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан, табиғатты және белсенді демалысты жақсы көретін туристер үшін керемет мүмкіндіктері бар. Жас аймақтың орналасуы мен табиғи ресурстары туризмге қолайлы. Аталған бағыттың дамып келе жатқаны, әрине, қуантады.

Алматы облысы мен Жетісу облысы мемлекетіміз үшін экономикалық маңызы бар кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы салаларына бағытталған өңірлер болып табылады. Соңғы 1 жылда астық өндіру бойынша көш бастап келеді.

Құрметті жетісулықтар! Сіздерді Жетісу облысының құрылғанына 1 жыл толуымен құттықтаймын! Халық арасында «Жер жаннаты – Жетісу» деген киелі ұғым бар. Олай болса Жетісу өңірі әрдайым гүлденіп, өркендеп-дамыған аймақтардың қатарында болуына тілектеспін!

Құрметпен, Алматы облысының әкімі Марат СҰЛТАНҒАЗИЕВ


Құрметті  Жетісу облысының тұрғындары!

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Жарлығына сәйкес жеке облыс болып құрылғандарыңызға 1 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын!

Ұлытау даласы – тасын түртсең тарихтан сыр шертетін, қойнауы қазынаға толы мекен. Қазақстанның кіндігінде орналасқан жерді қайта облыс ету, оған Жошы ұлысы қоныс тепкен Ұлы Даланың атауын беру – Президентіміз айтқандай, рухани жағынан да маңызды шешім болды деп білеміз. Бұл – Ұлытаудың өндірістік қуатын, логистикалық мүмкіндігін ұтымды пайдалануға ашылған жол.

Жақында Ұлытау облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Жезқазған – Қызылорда тасжолының 65 шақырымы биыл іске қосылуы қажет екенін айрықша тапсырды. Аталған жұмыс – біздің өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуымызға, логистиканың қарыштауына жол ашатынына сенім мол.

Қадірменді  жер жаннаты Жетісудың жұртшылығы!

Президенттің елімізде 3 облыстың құрылуы жайындағы саяси шешімі – тарихи әділдік деп білемін. Тарихи датада орын алған ерекше күнде сіз бен біздің қуанышқа барша қазақ ортақтасты, барлығы жүрекжарды лебізін білдірді. Сіздердің өңірде де инфрақұрылым қарыштап, халықтың әл-ауқаты жоғарылай берсін! 

Қазақ даласының әр өңірі – ішкі туризмді дамытуға таптырмас орын, ал Жетісу – оның бірегейі. Отандық туризмнің дамуына сіздердің мекен мол үлес қоса алады. Қолға алған бастамаларыңыз жоғары бағаланып, еліміздің дамуы жолында еңбек ете беріңіздер! 

Құрметпен, Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы

 

Фото: көрнекілікке алынды