Талдықорғанда 24 отбасына пәтер кілті табысталды

Уақыты: 08.06.2023
Оқылды: 472
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

8 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жетісу облысын құру туралы қаулысы күшіне енген болатын. Айтулы күнге орай Талдықорған қаласында пәтер кілттері беріліп, 1 жасқа толған балалардың тұсауы кесілді, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы ҚазАқпаратқа сілтеп.

Аймақтың бір жылдығында талдықорғандық 72 отбасы баспаналы болды. Жаңа шаңырақтың кілті негізінен мүмкіндігі шектеулі жандарға, толық емес отбасы өкілдері мен ата-ана қамқорлығынан айырылған жастарға берілді. Өңір басшысы Бейбіт Исабаев жыл аяғына дейін ай сайын көпқабатты тұрғын үйлер қолданысқа беріліп, баспана кезегінде тұрғандардың мәселесін шешу жоспары тұрғанын атап өтті. Қазір облыс орталығында 15 мыңға жуық адам үй кезегінде тұр. Биыл 2 мың адам қоныс тойын тойлайтын болады.

Сондай-ақ мерекелік іс-шара барысында былтыр 8 маусымда дүниеге келген 22 нәрестенің тұсауы кесілді. Жетісу облысы құрылған күні аймақта 47 бөбек дүниеге келген.

«Біз балаларымыздың осындай айтулы күні дүниеге келгеніне өте қуаныштымыз. Енді жыл сайын балапандарымыздың туған күнін Жетісу облысының құрылуымен қатар атап өтіп отыратын боламыз. Облысымыз қалай дамыса, балаларымыз да өсіп-өніп, үлкен азамат болып, елге қызмет етеді деген сенімдеміз», - дейді егіз қыздың анасы Нағима Қожанбаева.