«WorldSkills» чемпионаты техникалық және кәсіптік білім беретін мекемелер арасында жыл сайын өткізілетін, жұмысшы мамандықтарының әлеуетін арттыруға зор ықпал ететін бірден-бір сайыс. Еңбек нарығында сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті маман даярлауда бұл чемпионаттың үлесі зор.
Елімізде «WorldSkills» қозғалысы күннен-күнге күш алып келеді. Әрбір елде, аймақтарда кәсіби шеберлік конкурстарын ұйымдастыру және жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру, кәсіптік білім беруді дамыту мақсатын көздеген «WorldSkills» аймақтық чемпионатына биыл 28 құзырет бойынша 177 адам қатысты. Нәтижесінде республикалық чемпионатқа жолдама алатын өз ісінің үздіктері анықталды.
Кез келген байқау қатысушылар үшін үлкен сынақ. Осы сынақтан сүрінбей өткен біздің Текелі кәсіптік колледжіміздің студенттері марапатталды.
«WorldSkills Жетісу-2024» кәсіби шеберлік чемпионатында колледжіміздің 14 студенті өздерінің оқу орнын облыстық деңгейде абыроймен таныстырды. Байқауға қатысушылар 8 құзыреттілік бойынша өздерінің білімдері мен кәсіби дағдыларын көрсетті және чемпионатта жеңіс тұғырынан көріне білді. Атап айтсақ, Фатима Омахан «Аспаз ісі», Юрий Баранов «Шанақ жөндеу», Ольга Филатова «Отель-ресепшионист» құзыреттілігі бойынша алтын медаль еншіледі. Әли Мұрат пен Виктория Рыжова қола жүлдеге ие болса, Карина Колмакова және Артем Смирнов колледж қоржынына «Электромонтаж» және «Жеңіл автомобильдерді жөндеу» құзыреттіліктері бойынша күміс медаль әкелді, Артем Махаев және Светлана Воронцова «Үздік маман» медалінің иегерлері атанды. Осы орайда, біздің барлық қатысушымызға және олардың тәлімгерлеріне біздің оқу орнымызды кәсіби шеберлік чемпионатында лайықты түрде көрсете білгені үшін алғысымызды білдіреміз!
Дәуболат НҮСІПОВ,
Текелі кәсіптік
колледжінің басшысы