Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде халықтың репродуктивті денсаулығын қорғау туралы брифинг өтті. Бұл жайлы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жанета Нұрманбетова баяндады.
Репродуктивті денсаулық – бұл халық пен даму жөніндегі Халықаралық конференцияның анықтамасына сәйкес, толық физикалық, психикалық және әлеуметтік әл-ауқаттың жай-күйі ғана емес, сонымен қатар, репродуктивті жүйеге және оның функциялары мен процестеріне қатысты мәселеде аурулардың болмауын нақтылау.
Қазіргі жағдайда репродуктивті денсаулық мәселелері жыныстық өмірдің ерте басталуына, отбасындағы тәрбиенің жеткіліксіздігіне, білім беру бағдарламаларының болмауына байланысты жасөспірімдер үшін ең өткір мәселе болып тұр.
Жыл басынан бері 15-18 жас аралығындағы жасөспірімдердің 14%-ы жүкті болды. Олардың 57%-ы жүктілікті босанумен, 27%-ы жасанды түсік, ал 16%-ы өздігінен түсік тастаумен аяқталды. Аталмыш жағдайларға қарап, қыздар мен жасөспірімдердің репродуктивті қызметі мен соматикалық денсаулығының бұзылуы бала тууға және болашақта ана мен нәресте өліміне әкеліп соғатыны рас.
Денсаулық сақтау және жасөспірімдер мен жастарға тегін білікті медициналық, психологиялық, әлеуметтік және заң көмегін көрсету бойынша қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету үшін «Талдықорған қалалық емханасы» ШЖҚ МКК базасында 1-ші жастар денсаулық орталығы жұмыс істейді. Онда дұрыс репродуктивті мінез-құлықты қалыптастырып, насихаттау жүзеге асырылады. Сондай-ақ, қыздардың ғана емес, жасөспірім ұлдардың да репродуктивті денсаулығын сақтауға бағытталған профилактикалық іс-шаралар жүзеге асырылуда.