МАҒЫНАЛЫ ҒҰМЫР КЕШКЕН

Уақыты: 10.07.2024
Оқылды: 506
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қаншайым (Әсия) Сыдыққызы өмірін тәлім-тәрбиемен өрнектеген жан.  Ол шағын мемлекет саналатын  отбасының берекесін тасытып, қазақ қоғамында ұрпақ тәрбиесіне өз үлесін қосып, сабырлы мінезімен көпке үлгі болған ардақты ана.


Мәңгі өмір жоқ, бірақ, мәнді өмір бар.  Қаншайым апаның өмірі мәнді де сәнді болды. Мағыналы ғұмырын  ұрпақ тәрбиесіне атсалысқан еңбегімен, жеткен жетістігімен  өлшеуге болады. Ол өмірін бала тәрбиесіне арнады. Адал еңбек  абыройға бөледі. Өмірінің соңына дейін облыстық ардагерлер кеңесіне мүше болып, мектеп пен жоғары оқу орындарында жастар тәрбиесімен айналысты. Ал, сәнді өмір сүргеніне  құдай қосқан қосағы  Жекен аға екеуінің алдыларынан кілең жақсы адамдардың кездесуі,  солардың қамқорлығы мен тәрбиесін тең көруі дәлел.  Жексембай (Жекен) Жетпісбаев екеуі  бас қосқан алғашқы күні-ақ «Дала академигі» атанған  Нұрмолда Алдабергенов атаның пейілі түсіп,  жас жұбайларды өзінің ақ «Волгасына»  отырғызып,  қыдыртып, үйлендіргені. Келінді алып келуге «ақбоз атын» бергені. Жас отаудың есігін ерекше тұлғаның ашқандығы бақытқа жетелер жол болды десек артық айтпаған болар едік.   Біртуар азаматтардың батасы қабыл болып,  Қаншайым апа мен Жекен аға бақыттты ғұмыр кешті.  Ағаларының ақ үмітін ақтап, үлгілі отбасы болуға талпынды.  Сыйластықтың үлгісін көрсетті.  

Қаншайым Сыдыққызы  Алакөл ауданына қарасты Қарлығаш ауылында дүниеге келген.  Екпінді орта мектебін үздік бағамен бітірген ол 1958 жылы Қазақ қыздар педагогикалық институтына қабылданады.  Оқу орнын қызыл дипломға аяқтап, қиындығы мен қызығы қатар жүретін мұғалімдік мамандықтың тізгінін қолына алады.  Ұстаздың өз ісіне тыңғылықтылығы, ұлағатты жолы бірден білім шаңырағына басшылық етуге болатынын байқатады. Қаншайым  ұстазға  Кеңес Одағының Батыры Матай Байысов атындағы мектепте оқу және тәрбие ісінің меңгерушісі міндеті жүктеледі. Қай істе де тыңғылықтылығымен үлкендерді сүйсіндіретін. Осындай ақжарқын мінезіне тәнті болған Нұрмолда Алдабергенов  ауылға жақсы-жайсаңдар келгенде ерлі-зайыпты Жекен мен Қаншайымды қонақтарды күтісуге шақыратын. Бұл жақсылардың «қолына су құюға» адам таппағандықтан емес. Олардан тәлім-тәрбие алсын, өмір мектебінен өтсін деген ой болу керек.  Батасын алсын, шапағаты тисін деген шығар. Мен өмірімде Қаншайым тәтемен бірнеше рет дәмдес болдым.  Екеуміз Жамбыл облысында өткен әйелдер форумына бардық. Ширақ, білімді,  биязы,  бекзат болмысы тәнті етті. Өз ісіне жауапты. Республикалық форумда «Қоғамдағы қыз-келіншектердің орны» тақырыбында баяндама жасады. Форумға қатысушылар Қаншайым Сыдықова арқылы облыстық ардагерлер кеңесінің атқарып жатқан жұмысын үлгі етіп, өздеріне тәжірибе ретінде қабылдап, алып жатты. Пойыздағы бірнеше күндік жолсапарымызда  Қаншайым тәтенің   адаммен сыйластығы, кішіге қамқорлығы, өміріндегі  көрген-түйгені жайлы тәлімді әңгімелері жадымда әлі жаңғырады. 

Ол атақ-абыройға бөленген жан. Алған  медаль, төсбелгі, Алғыс хаттары  еңбегінің өтеуі. Қаншайым Сыдықова Ақсу ауданының Құрметті азаматы. Ол өте қарапайым жан еді.  Жақсының жақсылығын айтудан жалықпайтын.  «Нұрмолда ата, жары Ақжарқын тәтелердің көппен араласа білуі  біз үшін өмірлік мектеп болды. Солардан алған үлгі-өнегемен қонақ күтіп үйрендік.  Үй шаруасы мен қоғам ісін бірлесе алып жүруді  көңілге қондырдық. Қазақтың біртуар азаматтары Сәбит Мұқанов, Бауыржан Момышұлы, Қаныш Сәтбаев сынды тұлғаларды күткенде қастарында жүрдім. Жұбайым  Жекен  еңбек жолын Нұрмолда ағаның «Победа М-72» маркалы қызметтік көлігінің жүргізушісі болып бастады.  Одан кейін XXIІ съезд атындағы ұжымшарда бас инженер, біраз уақыттан кейін партия комитетінің хатшысы болып сайланды. Кейін   Жансүгіров атындағы ұжымшардың басқарма бастығы болып тағайындалды. Ескелді,  Ақсу мен Көксу аудандарының «Құрметті азаматы» атанды,– деп өмірлік қосағының жетістігін мақтанышпен айтып бергені бар. Қаншайым  Сыдыққызының өнегесі ұстаздық еткен оқушыларының бойына дарыды. Олар арқылы  апамыздың өмірі жалғасын тауып келеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын мектеп бітірген шәкірттері Қаншайым ұстазды кездесу кешіне шақырғанда  өлең арнап еді. Бұл өлең оның ұстаздық жолына берілген баға іспетті.  
«Әркім-ақ бала күнін сағынады,
Көңілден жыр маржаны ағылады.
Сенбілік, сабақ па, 
            әлде концерт, кеш пе, 
Әсия апай арамыздан табылады.
Ұстаз деген ұлы есім, асқақ ұғым,
Келіп тұр бүгін менің ақтарылғым.
Бақыт тілеймін қамқоршы,
         ақылшыма
Балалық, оқушылық 
шақтарымның!»,– депті  түлектер.
 Қаншайым апа – адал жар, ардақты ана, ұлағатты ұстаз, сырлас дос, білікті әріптес, қамқор әже келбетімен замандастарын тәнті еткен жан. Оның өнегелі өмірі жалғасын тауып жатыр. Немерелері мен шөберелерінің жас шыбықтай жайқалып өсіп келе жатқандығы соның дәлелі. Жүзінен мейірім ескен ананың келбеті көптің жанында мәңгі сақталады. Бір әулеттің киесіне айналған Қаншайым апаларын ұрпағы сағына еске алады. Соңында өшпес із қалдырған ұлағатты ұстаздың жүріп өткен жолы баршаға үлгі.

Гүлжан ТҰРСЫН