Қиюын таппаған қисынсыз сөздер

Уақыты: 10.08.2024
Оқылды: 1193
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бұқаралық ақпарат құралдарында қолданылып жүрген шетел тілінен аударылған қисынсыз сөздер күннен-күнге көбейіп барады. Бұл қазақ тілінің байлығы мен сөздік қорының молдығын  жете түсінбегендіктен деп есептеймін. Әсіресе, адам аттары мен жер-су атауларын аударудан көп қателік жіберіп жүрміз.  Қазақ-қытай тілінде аудармашылықпен айналысып жүргендіктен тәржіма барысында кездесетін жер-су атауы мен адам есімдері көбінше қате аударылады.

Осындай ағаттықтың көбі қазақ тілінің қадіріне жетпей, орыс тілінің жетегінде кеткеніміз деуге болады. Мысалы, елімізге сапарлай келген Шаңхай Ынтымақтастық Ұйымының бұрынғы бас хатшысы Жаң Мің (zhang ming)-ның аты-жөнін  еліміздегі БАҚ беттерінде  Жан Мін деп жазылды.  Алайда, оның аты мен тегі мүлдем басқаша болып өзгеріп кеткенін қытай тілін білетін адам ғана аңғарады. Қытайда Жаң (zhang) фамилиялылардың саны 80 миллионнан, ал Ваң  (wang) фамилиялылардың саны 100 миллионнан асады. Егер қытай тіліндегі Жаң-ды Жан, Ваң-ды Ван деп аударсақ, онда өзге ұлттың құндылығына құрметсіздік, салғырт қарау саналады. Ал жер-су атауларындағы қателіктер өз алдына бір төбе. Қытайдағы Бейжің, Шаңхай, Гуаңжоу сынды  ірі қалалардың біз қолданып жүрген орыс тіліндегі аудармалары әлемге басқа бір қаланы орнатып қойғандай сезіледі.  Мұндай мысалдар жетіп-артылады.

Айта кетерлігі, қазақ тілінің орыс тілінен артықшылығы, бізде «ң, ұ,ү, ғ, і, қ, ө» сынды әріптердің болғандығында. Сондықтан Қытай және басқа ұлттардың атау-терминдерін осы тұрғыда дұрыс жазып, дұрыс  сөйлей алатын мүмкіндігіміз мол. Өкінішке орай, осындай мүмкіндікті қолданбай, өз тілімізді өгейсітіп қойғанымыз жанды ауыртады. Ең сорақысы, түркітілдес ұлттардан енген атауларды да орыс тілінің ыңғайына қарай қолдана салу үрдіске айналған. Мысалы,  осы күнге дейін орысша жазылып «Мурод, Улугбек, Эльшод, Джелал» атанған адам аттарын  «Мұрат, Ұлықбек, Елшат, Жәлел» деп тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп тұратын қазақы есімге аударуға  әбден болар еді. Бұл түрік халықтарына емес, барлық мұсылман қауымына ортақ есім. Егерде бұл аттар орыстілді басылымдарда жазылса қарсылығымыз болмас еді, оны қазақтілді баспасөздерде жиі кездестіреміз.

Бүгінде қазақ жастары көптілді меңгеруге бейім. Оның түпкілікті себебі – қазақ тілінің құрылымы мен грамматикасы жағынан шығыс азиялық тілдермен өте ұқсастығы. Қазақ жастары түрік, арап және парсы тілдерін тез үйренеді. Мұндай асыл қасиетін алдымен өзіміз зерттеп білуіміз, насихаттауымыз керек.

Қысқасы, қиюын таппаған қисынсыз сөздерді түзету үшін  ақпарат ағынында жүрген тілшілерге ауыр жүк артылары анық. Қаламын қару еткен журналистер осы жағына атсалысса нұр үстіне нұр болар еді.  

Шайқас ТӨЛЕУБАЙҰЛЫ
«PANDA» аударма орталыы
Астана
Фото: termincom.kz