Дүбір! Бірлік керуені Елордаға жетті

Уақыты: 06.09.2024
Оқылды: 354
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Күллі түркі жұртын әлемге паш ететін V Дүниежүзілік Көшпенділер ойынының әлемді таңдай қақтырар күні таяғандай. Ұлы дүбірдің шымылдығы түрілмей тұрып, Елордаға әр өңірден шыққан "Бірлік керуені" жетті.

Естеріңізде болса   29 тамыз күні Жетісу облысы өзінің елшілерін салтанатты түрде Астанаға шығарып салған болатын. Міне, сол бірлік керуені Орта Азия бойынша ең биік сарқырама Бұрқан бұлақтың қасиетті суын алып, Сары арқаның төріне жеткізді.  Биылғы доданың негізгі элементі болып тіршіліктің көзі су екенін бұған дейін де жазған болатынбыз.

Соның куәсындай, әр өңірден келген елшілер өз аймақтарының қасиетті суын торсыққа құйып, Елдордаға алып келді. Бұл бірлік пен берекенің, ынтымақ пен елдің ауызбірлігін көрсететін нышан. Барлық аймақтан келген бір торсық су бір арнаға тоғысып, Көшпенділер ойынының ашылу салтанатында тайқазанға құйылады. Бұл бірлік пен берекенің көрінісі.
Дәл осы салтанатты шараға қатысып жатқан Жетісу облысының елшілер құрамындағы ақсақалымыз Ермек Келемсейіт өз пікірін білдірді:

- Бүгінгі шараның мағынасы өте тереңде. Жер жаннаты Жетісу жерінен шыққан "Бірлік керуені" аман-есен Елордаға жетті. Елдің аманаты, жеті өзенмен өрнектелген өлкенің суын алып, жарысты ұйымдастырушыларға табыстадық. Тіршілікті көзі су болғандықтан доданың басты элементіне айналып отырғаны да бекер емес. Тамшыдан көл құралса, береке-бірліктен елдің ауызбірлігі артады. Олай болса, бізде сол бірлікке өз үлесімізді қосып отырмыз. Бүгінгі "Бірлік керуенінің " ашылу салтанаты өте жоғары деңгейде өтті. Алдағы жарыста ел спортшыларының қанжығасы майлансын деген тілекті арнағым келеді.

Көшпенділер ойынына 100 ден астам елден 4 мыңға жуық спортшы қатысады. Спорттың 20 дан аса түрінен бақ сынамақ.

Ришад Тұрғанбай
Астана