БАҒА ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ МАҢЫЗДЫ

Уақыты: 16.09.2024
Оқылды: 209
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бағаны тұрақтандыру үшін облыста 22 мың тонна азық-түлік дайындалады.  


Оған «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы 9 млрд. теңге қаражат бөлді. Бұдан басқа, өңірлік даму институтымен уағдаластық шеңберінде 20 ірі ауыл шаруашылығы өндірушілеріне жеңілдікті несие берілді. Енді олардың өнімдері белгіленген бағамен сатып алынады. «Өңірлік даму институты» АҚ департаментінің директоры Бақтияр Сембековтің айтуынша, аймақта 4,5 мың тоннадан аса көкөніс пен жемістер қоймаларға орналастырылып, басқа да әлеуметтік маңызы бар өнімдер дайындалады.

– Қазір бізде 15 мың тонна қант, 4,5 мың тонна жеміс пен көкөніс, 450 тонна бірінші сұрыпты ұн, 568 тонна күнбағыс майы, 600 тоннаға жуық күріш, басқа да әлеуметтік маңызы бар тауарлардың барлық түрі бойынша қор қалыптасқан. Жалпы, 22 мың 100 тонна келісімшарт жасалды, – дейді Бақтияр Сембеков.
Қазір аймақтағы егістіктерде көкөніс жинау жұмысы қызу жүріп жатыр. Фермер Қизат Әбіровтің сөзінше, олар 32 гектар алқаптан картоп жинайды. Биыл өнім жақсы шыққан және оны ойдағыдай бағамен сататын орын бар. Әр келісі 120 теңге. Көктемде ол жергілікті әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациямен меморандум жасасқан. Сондай-ақ, барлық шығынға жеңілдікті несие алған.

– Несие бойынша пайыздық мөлшерлеме шамалы, бұл біз үшін тиімді. Келісім бойынша биыл 130 тоннаны 120 теңгеден сатуға тиіспін. «Жетісу» ӘКК-мен осымен үшінші жыл жұмыс істеп келеміз. Бұл өте ыңғайлы, – дейді Қизат Әбіров.

Ал сәбіз өсірумен айналысатын Ескендір Жайлығұлов өнімдерін жинауға әзірлік үстінде. Ол 10 гектар жерге сәбіз отырғызып, одан шамамен 500 тонна өнім алмақ. Шарт аясында барлық өнім «Жетісу» ӘКК көкөніс қоймасына орналастырылады. 

Сөйтіп, оның әр келісі 140 теңгеден әлеуметтік дүкендер арқылы сатылмақ. Дайындалған өнімдер маусымаралық ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде және әлеуметтік дүкендерде саудаланады. «Жетісу» ӘКК өкілдерінің айтуынша, баға нарықтағыдан 15 пайызға төмен болады.

А. Ыбырай