Жазиралы мекен: ырысы мен тынысы, бірлігі мен тірлігі...

Уақыты: 18.10.2024
Оқылды: 2615
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Текті жұрттың төріне сан алыбын шығарған құтты мекен, құсни орда есебіндегі жазиралы Жаркент жерінде атқарылып жатқан іс ауқымды. Көрсеткіші көңіл тоғайтады. Экономикалық өсім қарқын алған өркенді өңірдің төл перзенттері ардақтаудан, құрмет көруден кенде емес. Өткен жылдары облыстағы өнердің қара шаңырағы саналған филармонияға дауылпаз әнші Дәнеш Рақышевтің есімі берілсе, биыл қылқалам шебері Әбілхан Қастеевтің еңселі ескерткіші тотыдай түрленген Талдықорған төрінен орын алды. Өнерді қолдаған облыс басшысының барша игілікті ісіне ізгі тілек жаудырып, ілтипат көрсетуді жаркенттіктер сондықтан да заңдылық санайтын секілді. Бұған облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВТЫҢ берекесі тасып, ырысы артқан өңірге жұмыс сапары барысында көзайым болдық.

САПАҒА МӘН БЕРДІ

Облыстағы жетекші өңір саналатын Панфилов ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімі Бейбіт Исабаев алдымен жол құрылысының сапасын тексерді. Республикалық маңызы бар Алматы-Қорғас автомобиль жолының Жаркент-Қорғас бөлігі толығымен аяқталып, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде автожолдың 32 шақырымына жаңадан асфалтобетон жабыны төселіп, жайластыру мақсатында Қорғас елді мекенінде жол бойына жарықтандыру мен тротуар орнату жұмысы аяқталған. Қырыққұдық, Ақкент және Ават елді мекендеріндегі 16 жаяу жүргіншілер өткелдерінде жарықтандыру жүйесі толығымен тартылған.

– Біріншіден, Қорғастан бастау алатын республикалық маңызы бар жолдың Жаркент қаласына дейінгі 32 шақырымына екі қабатты асфальт төсеу жұмысы аяқталды. Бұл бағыттағы үш ауылға жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, енді халықтың былтырғы кездесуімде айтқан тілегі бойынша Ақкент, Ават елді мекені арасына тротуар төселуде. Бұл бағыттағы жұмыс жыл соңына дейін аяқталып, ел игілігіне ұсынылады. Екіншіден, «Сарыөзек – Көктал» автожолының 110-178 шақырым жол бөлігінің орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, келесі жылдың соңына дейін қолданысқа беріледі. Сондай-ақ Көктал ауылынан «Алматы-Қорғас» трассасына шығатын 15 шақырым автожолдың орташа жөндеу жұмыстарына мердігер анықталды, жұмыс биыл басталады, – деді облыс басшысы. Сонымен қатар, республикалық, облыстық маңызы бар күре жолдар келер жылдың соңына дейін толықтай ел игілігіне берілетінін де атап өтті. Күрежол сапасына көңіл толатынын да айшықтады.

Жалпы, ауданда білім беру саласында 123 ұйым жұмыс істейді. Жыл соңына дейін тағы бір мектеп ел игілігіне берілмек. Ол – «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Жаркент қаласында салынып жатқан 1200 орынды алып мектеп. Аталған құрылыс басына арнайы барған облыс басшысы әуелі абаттандыру жұмысын жақсылап жасау керектігін, асфальт төсемесі тым жұқа екенін мердігерге ескертті. Өз кезегінде «BI GLOBAL» ЖШС салып жатқан теңдессіз мектептің ішін аралап, әрбір кабинетті, арнайы сыныптарды тексерді. Сапасына зер салды.

Айталық, 7,6 млрд. теңгеге бой көтеріп жатқан жайлы мектептің жалпы құрылыс жұмысы бітуге таяу. Электр және байланыс желілерін, жылыту жүйесін, су құбыры мен кәріз жүйелерін тарту толығымен аяқталса, шатыр жабу, қасбет монтаждау, әрлеу, абаттандыру секілді жұмыстың 90 пайыздан астамы біткен.

Қос құрылыстың жұмысымен танысқан аймақ басшысы әдеттегедей кезекті кездесуді қоғамдық қабылдаудан бастады. Алғаш болып қабылдауға кірген зейнеткер ана Махинур Акбарова баспана мәселесін жыр етті. Мүмкіндігі шектеулі 2 баласы мен немересіне қорғаншы болып отырған ол мемлекеттік тұрғын үй қорынан алған 1 бөлмелі пәтерін кеңейтуді қалайды. Оған заңдық тұрғыда мүмкіндігі болса, бүгінге дейін игілігін көрген тар үйін мемлекетке қайтаруға ықтияр екенін айшықтады. Аймақ басшысы аталған мәселені аудан әкіміне жүктеп, назарға алуды тапсырды.

Келесі кезекте қоғамдық қабылдауға жазылған «Құралай» ШҚ басшысы Азикен Карибжанов өткен жылы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы алған несиенің осы уақытқа дейін төленбей жатқанын айтып, жүгеріге субсидия төлеу көлемін ұлғайту туралы талап-тілегін жеткізді. Аталған мәселелер бойынша облыс әкімінің орынбасары Әбілбек Жақанбаев жан-жақты жауап беріп, сан шаруаны қынжылтқан мәселенің кезең-кезеңімен шешіліп жатқанын, оған қоса жүгері бағасы тұрақтанғанын атап өтті. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азамат Қуаныш Аманбаев «Нұр жолы» кеден бекетінен өткен ҚХР-ның автожүргізушілері мен туристердің Қазақстан мемлекетінде жүру тәртібін ыңғайластырып берсе деген тілегін жеткізді. Бұл мәселе бойынша облыс әкімі аудан басшысы мен «Нұр жолы» кеден бекеті басшыларын тұрғызып, мәселенің мән жайын баяндап беруін талап етті. Аталған іс те жуыр маңда шешімін табатын болады, бұл жайлы тілге тиек еткен аймақ басшысы тікелей назарда ұсталатын тақырып екенін де атады.

 ТАПСЫРМА ЖҮКТЕДІ

Аудандық Мәдениет үйінде өткен өңір халқымен кездесуде Бейбіт Өксікбайұлы алдымен облыста атқарылып жатқан ілкімді істерді атап, жұмақ өлкенің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішіне тоқталды. Жылпы, 9 айдың қорытындысы бойынша облыс экономикасының барлық саласында өсім қамтамасыз етіліп, қысқа мерзімді экономикалық индикатор 114,4%-ды құраған. Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, тұрғын үйді пайдалануға беру, құрылыс салаларының көрсеткіші көңіл тоғайтса, сауда көлемі 1,4 есеге өскен. Өңірге 28,4% өсіммен 285,4 млрд. теңге инвестиция тартылған. Атап өтсек, биыл ауыл шаруашылығы саласына 24,4 млрд. теңге инвестиция тарта отырып, жыл соңына дейін 10 жаңа нысанды іске қосып, 3 нысанды кеңейту жоспарланды. Бүгінгі күнге 3 жоба іске асырылды. Аталған бағытта жұмыстар жалғасуда. Өңдеу өнеркәсібінде биыл 6 нысан пайдалануға беріліп, жұмыс істеп тұрған 5 нысан толық қуатына шығарылады.

Қазір облыста цемент, аккумулятор батареялары, керамика плиткаларын шығару жолға қойылып, құрама жем, күн панельдерінің өндірісі дамуда. Инвестициялық жобаларды іске асыра отырып, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, автокөлік және теміржол желілерін салу жұмыстары нәтижелі жүргізілуде. Биыл 39,2 млрд. теңге бөлініп, облыстық деңгейдегі 193 шақырым және 54 елді мекеннің ішкі жолдары жөнделді. Балқаш көліне дейінгі 132 шақырым жолдың құрылысы келесі жылғы туристік маусымға дейін толық пайдалануға беріледі. Сонымен қатар Лепсіден Балқаш көлі жағалауына жарық, су және кәріз құбырларын тарту жұмыстары қарқынды жүруде. Бұдан бөлек, «Талдықорған – Үшарал» және «Жаркент – Қорғас» автомобиль жолдарына асфальт жамылғысы төселіп, көлік қозғалысы қамтамасыз етілді, – деп атап өткен Бейбіт Исабаев, Көкталдан Сарыөзекке дейінгі қалған жол учаскелері келесі жылы бітетінін, аталған жұмыстар толық аяқталғаннан кейін облыстағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 94%-ға жететінін атап өтті.

Өз кезегінде облыс басшысы жазиралы өңірдің әлеуеті мен мұндағы әлеуметтік-экономкалық көрсеткішке, ауданды дамыту бағытында қабылданып жатқан шаралар мен нақтылы жұмыстарға тоқталды.

Жалпы, Панфилов ауданы – ауыл шаруашылық, өндіріс, логистика салаларын жан-жақты дамытуға қолайлы, аграрлық бағыттағы өңір. Облыс экономикасында айтарлықтай үлесі бар. Ауыл шаруашылығында биылғы жылдың 9 айында өсім – 3,4%-ды құраған.

Ауданда ауыл шаруашылығы дақылдары 44 мың гектарға себілді, оның басым бөлігі дәнді жүгері. Қазіргі уақытта астық жинау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, себілген масақты дәнді дақылдар толық жиналып, 1160 тонна астық орылған. Өнімділік гектарына 24 центнер құрады.  Дала аруының өлкесі саналған аудан бойынша  2 мыңнан астам фермер жүгері өсірумен айналысады. Қазіргі уақытта себілген 23,4 мың гектар жүгерінің жартысынан көбі орылып, 101 мың тонна өнім алынған.

– «Көктал-Агро» ЖШС, «Әйгерім» және «Аширов» шаруа қожалықтары ылғал сақтау мақсатында суды үнемдеу технологиясын қолданып (тамшылатып суару), агротехнологияны сақтап, тыңайтқыштарды енгізудің арқасында жүгерінің өнімділігін көбейтті. Осының нәтижесінде әр гектардан 150 центнерден өнім алуда. Сондықтан диқандар заман талабына сай инновациялық технологияларды қолданып жұмыс атқарса, жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады. Жүгері дақылының төңірегіндегі өткен жылы өздеріңіз көтерген екі мәселе шешімін тапты. Атап айтсам, Алмалы ауылындағы қырман бюджет қаржысына жөнделіп (185 млн. теңге), қолданысқа берілді. Екінші, алынған өнімді терең өңдеуге өткізетін шаруашылықтарға тоннасына төленетін субсидияның көлемі 6 мың теңгеден, жергілікті бюджет есебінен 10 мың теңгеге дейін ұлғайтылды, – деген аймақ басшысы мемлекет тарапынан шаруашылықтарға жан-жақты қолдау көрсетіліп, жағдай жасалып жатқанын, өткен жылғыдай мәселе туындамас үшін ауа райының қолайлы мерзімін тиімді пайдаланып, жиын-терінді уақытылы өткізуді ұйымдастыруымыз қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, аудан әкіміне, ауыл шаруашылық басқармасымен бірлесіп, шаруашылықтар арасында агротехнология, су үнемдеу мен мемлекеттік бағдарламалар бойынша мүмкіндіктерді пайдалану жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, егінді өткізу кезіндегі проблемаларды болдырмау мақсатында кәсіпорындармен алдын-ала өнімді қабылдау бойынша келісімшарттар жасау жолдарын қарастыруды тапсырды.

Жетісу облысындағы бақтардың 44%-дан астам алқабы, яғни 2,3 мың га Панфилов ауданында орналасқан. Мұнда алма, алмұрт, шабдалы, өрік, шие өсіріледі.

– Бір мыңнан астам гектар бақ алқабы бар аса ірі бау-бақша шаруашылығы Панфилов ауданында орналасқан. Бүгінгі күні бұл шаруашылық жемісті өсіріп сатумен айналысып отыр. Сондықтан осы бау-бақша шаруашылығының әлеуетін ескеріп, өнім өңдеуді қолға алу керек. Ауданның климаты жылыжай шаруашылығын дамытуға қолайлы, әрі ыстық су көздері де бар. Бұл өнімнің өзіндік құнын төмендетіп, маусым аралығында халықтың көкөніске деген сұранысын қанағаттандыруға үлкен мүмкіндік береді, – деп атап өткен Б. Исабаев осы бағыттарға инвесторлар тарту жұмысын күшейтуді тапсырды. Атап өтсек, ауданда бақ өнімдерін сақтауға арналған сыйымдылығы 8,5 мың тонна 8 қойма бар. Сол сияқты аумағы 1 га жылыжай жұмыс істейді.

Келесі кезекте мал шаруашылығына тоқталған Бейбіт Исабаев, 9 айда төрт түлік саны өскенін, өткен кездесуде нақты тапсырмалар берілсе де, ет, сүт өндірісі артқанымен, мал бордақылау алаңдары 70%-ға, екі тауарлы сүт фермалары 50%-ға ғана жүктелгенін атап өтті.  

Осы орайда аудан әкіміне, облыстық ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармаларымен бірлесіп, қолда бар әлеуетті толығымен пайдалана отырып, тауарлы сүт, ет фермаларының жүктемесін арттыру және ауыл шаруашылық тауарларын өңдеу кәсіпорындарын ашу бағытында нақты жоспарлы шаралар қабылдауды тапсырды.

Ауданның ветеринариялық қызметін жақсартуға және осы бағыттағы іс-шараларға биыл 505,4 млн. теңге бөлінген. Қараша айында Алтыүй, Шолақай, Әулиеағаш және Сарыбел ауылдық округтерінде модульді ветеринариялық пункттер ашылатын болады.    

Тірлігін шаруашылықпен байланыстырған аудан жұртшылығы үшін жер мәселесі өзекті. Десе де кейбір жер телімдері бос жатыр. Осыған орай, екі жыл ішінде пайдаланбай жатқан 56,4 мың га жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Бұған қоса, 24 шаруашылықтың 4637,20 га жерді пайдаланбай жатқандығы анықталып, аталған жер иелеріне 1 жылға ескерту берілген. Келесі жылдың ақпан айынан бастап жерді мемлекет меншігіне қайтару жөнінде нақты шаралар қабылданатын болады.

– Биыл барлығы 26,8 мың га жер ауыл шаруашылығы айналымына қайта енгізілді, оның ішінде 3 конкурс өткізіліп 14,7 мың га жер шаруа қожалықтарына және 12 мың га жайылымдық жер ауылдық елді мекен тұрғындарына бекітіліп берілді. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылық мақсатындағы жерге шаруа қожалықтарының сұранысы жоғары. Сондықтан қайтарылған жерлерді қайта айналымға енгізу жұмысын белсенді қолға алу қажет. Сонымен қатар аудан азаматтары кәсіпкерлікпен айналысуға бейімделген. Өз кәсібін ашамын деген азаматтарға 9 учаскені құрайтын  5 аукцион өткізіліп 5 га жер пайдалануға берілді, – деген Бейбіт Исабаев, аудан әкіміне пайдаланбай жатқан жерлерді қайтаруды және қайтарылған жерлерді конкурс арқылы кәсіпкерлік саласына беру жұмыстарын заң шеңберінде өткізуді, өз кәсібін ашамын деген азаматтарға аукцион арқылы жер беруді, жердің мақсатты игерілуін қатаң бақылауды тапсырды.

КӨРСЕТКІШ КӨҢІЛ ТОҒАЙТАДЫ

Облыс әкімінің айтуынша ауданның өнеркәсіп саласында биылғы 9 айда 15,8% өсіммен 21,3 млрд. теңгенің өнімі өндірілсе, жыл соңына өнеркәсіп өнімінің көлемін 32 млрд. теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда.  Бұған ауданның толық мүмкіндігі бар.

Негізінен,  Жетісу облысындағы негізгі экономикалық өсу нүктелерінің бірі – Қорғас торабы. Ол Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі дамытудың маңызды элементі, әрі объектілер кластері болып отыр. Атап айтқанда, «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығында 2023 жылдан бастап 2,2 миллионнан астам адамға қызмет көрсетіліп, 36,3 мың тонна жүк тасымалданған. Осы ретте Панфилов ауданының шекаралық маңда орналасуы ауданның инвестициялық тартымдылығына және дамуына оң ықпал етеді. Бұл туралы ерекше атап өткен Облыс әкімі Б. Исабаев:

 Аудан – Қытаймен шекаралас жатқан аймақ болғандықтан, инвестициялық жағынан тартымды өңір. Жыл басынан аудан экономикасына 14,9% өсіммен 28,8 млрд. теңге инвестиция тартылса, соның 59,1%-ы немесе 17 млрд. теңгесі бюджеттен тыс инвестицияға тиесілі. Бүгінгі күні биылғы жылға жоспарланған 12 жобаның 9-ы жүзеге асырылды, – деді.

Өңір басшысының айтуынша, облыстағы сауда-саттық пен туризмді дамыту көздерінің бірі «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы болып отыр. Онда 2023 жылдан бері 2,2 миллионнан астам адамға қызмет көрсетіліп, 36,3 мың тонна жүк тасымалданған. 2028 жылға дейін «Қорғас» ШЫХО аумағында 245 млрд. теңгеге 33 жобаны іске асырып, оларда 5 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарлануда. «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағын дамыту шаралары да қолға алынуда. Онда 51 млрд. теңгеге екі мыңға жуық жұмыс орнын құратын 21 жоба іске асырылды. 2027 жылдың соңына дейін 44 жобаны іске асырудың арқасында тағы 5 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарлануда.

Осыған орай Бейбіт Исабаев жаңа жобаларға қажетті мамандар даярлау жұмыстарын қазірден қолға алып, оған жергілікті жастарды көптеп тартуды тапсырды.

Ауданда 9 айдың қорытындысы бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 12,4 мың бірлікті құрап, 19,6 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау аясында биыл ауданда 25 жоба субсидияланған.

Келесі кезекте халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіе тоқталған облыс әкімі, бүгінгі күні тұрғын үй кезегінде аудан бойынша 5370 адам тіркелсе, соның 700-і биыл баспаналы болатынын, сөйтіп кезек саны 13 пайызға азаятынын атап өтті. Айталық, жыл басынан бері 280 отбасы тұрғын үймен қамтылған. Сондай-ақ Жаркент қаласынан несиелік 60 пәтерлі екі тұрғын үйдің,  «Самұрық-Қазына» АҚ арқылы 80 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұлар осы жылы пайдалануға беріледі.

Жалпы Панфилов ауданында 42 елді мекеннің 26-сы газдандыруға жатады. Бұл туралы облыс әкімі:

– Қазіргі таңда Жаркент қаласында, Головацкий және Жерұйық ауылдарында газға қосылу құнының бастапқы 50 мың теңгесін төлеп, қалған бөлігін 10 айға бөліп төлеу мүмкіндігі қарастырылып отыр. Қазандықты тұрғындар өз қаражаты есебінен сатып алады. Сонымен қатар бүгінгі күні 13 ауылға құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу үшін мердігер ұйымдармен келісімшарттар жасалды. Бұл ауылдар - Нәдек, Әулиеағаш, Ақжазық, Ақарал, Ават, Ынтымақ, Сұптай, Сарпылдақ, Қырыққұдық, Ақкент, Керімағаш, Қызылжиде, Аққұдық. Жұмыстар 2025 жылы жүргізіледі, – деп атап өтті. Айта кетерлігі, тағы 12 елді бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Сараптаманың қорытындысы алдағы қараша айында шығады деп жоспарланып отыр.  Осы жобаларды іске асырғаннан кейін ауданның 118 мың тұрғыны немесе 91%-ы 2026 жылы табиғи газға қол жеткізе алады.

 «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде облыста 59 медициналық нысан салу жоспарланса, соның 11-і Панфилов ауданында тұрғызылады, атап айтқанда 9-ы биыл пайдалануға беріледі, екеуі келесі жылға өтпелі жоба. Мұны кездесу барысында айтқан облыс әкімі Бейбіт Исабаев:

– Жыл соңына дейін Қырыққұдық, Алтыүй, Алмалы, Тұрпан, Ақжазық, Қорғас, Сұптай, Сарытөбе, Аққұдық ауылдарында 9 нысанды қолданысқа береміз, Садыр, Дихан-Қайрат ауылындағы қалған 2 нысанда құрылыс жұмыстары келесі жылы жалғасады, – деді Б. Исабаев.  Жиында айтылғандай, жергілікті бюджет есебінен былтыр Ақкент және Ақарал ауылдарында блокты-модульді медициналық пункттер, сондай-ақ Жаркент қаласында жедел және шұғыл көмек стансысы орнатылсаосы жылы қарашаның соңына дейін Қызылжиде, Керімағаш ауылдарында осындай тағы екі медициналық пункт қолданысқа беріледі. Сондай-ақ биыл шілдеде Жаркент қаласындағы көпсалалы ауданаралық аурухананың күндізгі стационарының күрделі жөндеу жұмыстары аяқталдыОсы айдың соңында Шежін ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға беріледі. Әулиеағаш, Нұркент және Алтыүй ауылдарына 3 санитарлық автокөлік сатып алынған. Ал жылдың соңына дейін ауданның орталық ауруханасы медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі.

Сонымен қатар «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Нәдек ауылында бір ауысымда 25 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория салынып жатыр, нысан 2025 жылы пайдалануға беріледі.

ТАЛАП-ТІЛЕК ТЫҢДАЛДЫ

Сан сала бойынша осылайша халық алдында есеп беріп, атқарылған ауқымды істер мен шешімін күтіп тұрған мәселелерді баяндаған, жауапты қызметкерлер мен мамандарға арнайы тапсырма жүктеген облыс әкімі Бейбіт Исабаев өз кезегінде жазиралы елдің жұртшылығы нағыз еңбекқор екенін атап өтті. Шаруашылықты шалқытқан жігерлі халық өзге өңірлерге осынысымен үлгі екенін жеткізді. Келесі кезекте кездесуге келген жергілікті халықтың талап-тілегін тыңдады.

Кездесудің сұрақ-жауап бөлімінде алғашқы болып сөз алған Гүлжайнар Батырбекова Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің салынғанына 70 жылдан асқанын, әлі күнге жөндеу көрмегенін жеткізді. «Ұлағатты ұстаздар қауымы мен ата-аналардың тілегін арқалап келдім», – деген ол аталған мектепте 1900 оқушы білім алып жатқанын, екі корпустан тұратын білім шаңырағы тозып кеткенін айшықтады. Ал өз кезегінде басқұншылық Ұлтуған Насырбекова шағын бизнесін шалқыту үшін алақандай жер керектігін атады.

Мен Басқұншы ауылдық округіне қарасты Алмалы ауылынан наубайхана ашқанмын. Бүгінге шағын ғана кәсіпорнымнан 5500 тұрғын нан алып отыр. Күніне мың тоқаш пісіріп сатамын. Десе де наубайханам ауылдың төменгі жағында орналасқан, өте қолайсыз. Сондықтан да Алмалы ауылының орталығынан, халыққа ыңғайлы жерден 10 сотық жер берулеріңізді сұраймын, – деген Ұлтуған Бекназарқызының өтініші қанағаттандырылды. Бұл туралы облыс әкімі аудан басшысына тікелей тапсырма беріп, өз ісін өркендетемін деген шағын және орта бизнес өкілдеріне барынша қолдау көрсетілуі керектігін баса айтты.

Осы тақылеттес өтініш-тілектер айтылғанмен, халықтың дені сөз алып облыс басшысының іскерлігіне, азаматтығына, өзендермен өрнектелген Жетісу өлкесінің әлеуметтік-экономикалық көрсеткішін еселеген терсіңді еңбегіне алғыс жаудырды. Мәселен, Гүлбархан Әбдіманапова 1986 жылдан бері жөндеу көрмеген Головацкий орта мектебін заманға сай жаңартып, материалдық-техникалық базасын толықтырып берген әрі өтінішін толық қанағаттандырған аймақ басшысына алғаусыз алғыс айтса, бұл тұрғыда Атамекен және Нұркент ауылдарының азаматтары атынан алғыс арқалап келген зейнеткер Жақыпбай Шынжырбаев, Көктал ауылдық округі Ақсақалдар алқасының төрағасы Сайлау Солтанқұлов ақ батасын жаудырды.

Баспана мәселесі бойынша өтініш айта келген, әлеуметтік, рухани бағытта көмек сұрау келген тұрғындардың да айтылған сөзі арна тауып, облыс әкімі тарапынан қолдау табатыны ескертілді. Осылайша алғыс пен тілек, өтініш қатар айтылған кездесуден көпшілік үлкен серпінмен тарқасты.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Суреттерді түсірген Жеңіс Ысқабай