ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕС СУБЬЕКТІЛЕРІНІҢ САНЫ 60 МЫҢНАН АСТЫ

Уақыты: 30.10.2024
Оқылды: 317
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетісу облысында өткен 9 айда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 60,1 бірліктен асты. Саланың жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 33 % асады.


Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметіне сәйкес биыл шағын және орта бизнесті қаржылай қолдауға 7,4 млрд. теңге бөлінген.

- Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша шағын, орта бизнесте 369 жоба мақұлданды. Соның ішінде пайыздық мөлшерлемені субсидиялауда 249 жобаға, ішінара кепілдендіруде 118 жобаға қолдау көрсетілсе, 5 млн. теңгелік грант беруде 3 жобаны қамту жоспарланған. Осы жобалардың негізінде өңірде 450-ден астам жұмыс орны құрылады. Оған қоса инженерлік-инфрақұрылым жүргізудің 2 жобасына 50,7 млн. теңге қарастырылды, - дейді облыстық кәсіпкерлік және ИИД басқармасының бөлім басшысы Асхат Кәрібаев.

Осындай қолдаудың арқасында облыс орталығында бірқатар шағын кәсіпорындар ашылды. Талдықорғандық кәсіпкерлердің бірі инновациялық жобалар конкурсының негізінде бес миллион теңге мемлекеттік грант ұтып алып, шыны талшықтарын шығаруды жолға қойған.

Сонымен қатар тағы бір талдықорғандық жеке кәсіпкер мемлекеттік гранттың арқасында жиһаз жасайтын цех ашты. Бес миллиондық грантқа кәсіпкер Д.Құмархан сандық бағдарламамен басқарылатын станоктар әкеліп орнатқан.

Жалпы Жетісу облысында осы жылдың бірінші жартысында шағын және орта бизнесте жұмыс істейтіндердің саны 104,7 мыңды құрады.