КӨКСУ КӨРКЕЙІП КЕЛЕДІ

Уақыты: 01.11.2024
Оқылды: 597
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Арнасынан күндіз күміс, түнде алтын аққан, қасиет қонып, бақ дарыған Көксу ауданы күн сайын тотыдай таранып, көркейіп, қанатын кеңге жайып келеді. Бірлігі мен берекесі жарасып, ырысы тасыған аудан орталығына облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ жұмыс сапарымен ат басын бұрды. 


Аймақ басшысы Қаратал ауылында биыл ашылған жаңа мектепке барды. 25 балаға арналған мектепке дейінгі шағын орталығы бар 120 орынды Қаратал мектебінде 1-11 сыныптарда 100-ден астам бала оқиды. Бұрынғы мектеп 1970 жылдары салынған, бейімделген ғимаратта отырған бастауыш мектеп болатын. Енді жаңа мектеп салынған соң балаларды тасымалдап оқыту, ыстық тамақпен қамту мәселелері де өз шешімін тапқан. Қаратал ауылындағы мектептің құрылысы өткен жылы сәуір айында басталып, биылғы жаңа оқу жылына пайдалануға берілді. Мектепте 12 орынды кітапхана, спортзал, 80 орынды мәжіліс залы, 40 орынды асхана қарастырылған. Мұнда жаңа модификациялы физика, химия, биология және мультимедиялық кабинеттер, ағаш ұсталығына, ас пісіруге, киім тігуге арналған құрал-жабдықтармен қамтылған шеберханалар да бар. Алаңсыз білім алуға барлық мүмкіндік жасалған.

Облыс әкімінің грантымен білім алған Әдемі Жақыпова аталған мектепте химия-биология пәнінен сабақ береді. Биыл ғана Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетін тамамдаған жас маман лабораториядағы құрылғылармен таныстырды. 

Облыс басшысы Бейбіт Өксікбай- ұлы заманауи білім ошағынан ел тізгінін ұстайтын білімді де білікті тұлғалардың шығуына тілектестігін жеткізді. 

Аймақ басшысы тұрғындарға жеке мәселелері бойынша қоғамдық қабылдау өткізді. Жылы жүздесу барысында жер, баспана, әлеуметтік мәселелер көтерілді.
Облыс әкімінің қабылдауына алғаш кірген Әлия Білібаева Балпық би ауылындағы Мырзабеков және Исабаев көшелеріндегі көппәтерлі тұрғын үйлердің шатырын жөндеуге көмек сұрап келген. 7 екі қабатты көппәтерлі тұрғын үйлер 1964 жылы салынған. Барлығы 64 пәтерде 118 адам тұрады. Олардың басым көпшілігі әлеуметтік осал топтағы жандар. Үйлердің шатырлары ескірген, арқалықтары әбден тозған, жаңбыр жауған кезде төбесінен су ағады, үйлер пайдалануға берілген сәттен бастап шатырларға күрделі жөндеу жүргізілмеген. Аймақ басшысы жекеменшік тұрғын үйлерге мұндай көмек заң бойынша көрсетілмейтінін айтты. Десе де халықтың үніне құлақ асып, аудан әкімі Дәулет Халеловке көппәтерлі тұрғын үйлердің шатырын күрделі жөндеу бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге белгіленген тәртіппен бюджеттік өтінім беруді тапсырды. 

Жалғызбасты ана Азиза Байғожанова үш баласымен пәтер жалдап тұратынын айтып, баспана алуға көмек сұрады. «Kezekte.kz» бірыңғай ұлттық жүйесінің деректеріне сәйкес «Халықтың әлеуметтік осал топтары» санаты бойынша толық емес отбасы ретінде 2018 жылы тіркелген. Аймақ басшысы Бейбіт Өксікбайұлы ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес тұрғын үй кезегінде тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету тек қана кезек бойынша  жүргізілетінін айтты. 

Мәмбет ауылында жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер учаскесін сұраған Болатхан Қарсақовтың өтініші аяқсыз қалмады. Мәмбет ауылының бас жоспарына сәйкес ауылдың оң жағында 22 гектар жерге 100 тұрғын үй салу жоспарланған. Әр үйге 10 сотық жерден белгіленген. Өтініш иесі Мәмбет ауылында жеке тұрғын үй салу үшін жер кезегінде 44-ші болып тұр. Аудан әкіміне Мәмбет ауылының жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілетін жер телімінде инженерлік-коммуникациялық желілерінің құрылыс жұмыстарының басталуына облыстық бюджетке заңнамада белгіленген тәртіппен бюджеттік өтінім беріп, кезек бойынша, белгіленген заңдық шеңберді бұзбай жер телімін беруді тапсырды. 

ЖЕТІСТІК КӨҢІЛ ҚУАНТАДЫ

Аудандық Мәдениет үйінде облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың аудан тұрғындарымен кездесуі жалғасты. Облыс басшысы биылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен алдағы жоспарлары туралы айтты. Соның ішінде ауылшаруа- шылығы, өнеркәсіп, шағын және орта бизнес, инженерлік инфрақұрылымдар мен әлеуметтік салаларды дамыту мәселелеріне тоқталып, қолға алынған жобалардың іске асырылу барысы жайлы баяндады. 

Жалпы, облыс орталығының іргесінде жатқан Көксу ауданы ауылшаруашылығы бағытындағы аграрлы, өндірістік аймақ. Жыл сайын бұл салада ілгерілеу жұмыс- тары байқалады. Биыл 9 айдың қорытындысы бойынша ауылшаруашылығындағы өсім 13,6%-ға артқан. Агроөнеркәсіп кешеніне 492 млн. теңге инвестиция тартылған. 

Биыл ауылшаруашылығы дақылдары 31,4 мың гектарға себілген. Қазіргі уақытта астық жинау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Себілген масақты дәнді дақылдар толық жиналып, 22,4 мың тонна астық бастырылды. 

Ауданда ауылшаруашылығы тауарларын өндіруге үлес қосып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған үш ірі кәсіпорын бар. Соның бірі –  Көксу қант зауыты. Онда жылына 250 мың тонна қант қызылшасы өңделеді. 

– Облыс бойынша биыл 13,7 мың гектарға қант қызылшасы себіліп, 615 мың тонна өнім алу жоспарлануда. Оның ішінде Көксу ауданында 105 мың тонна қант қызылшасы жиналмақ. Облыстағы екі зауыт биыл жалпы 100 мың тонна ақ қантты өндірсе (оның ішінде 73 мың тонна қант қызылшасынан, 27 мың тонна қамыс құрағынан), оның 57 мың тоннасы – Көксу қант зауытына тиесілі. Қазіргі уақытта себілген 2,3 мың гектар қант қызылшасының 1,4 мың гектары жиналып, 71,9 мың тонна өнім алынды. Өнімділік гектарына былтыр- ғымен салыстырғанда 184,7 центнерге артқан. Биыл ауданда қант қызылшасы бағытында 4 шаруашылық бірігіп, «Тәтті түбір» сервистік даярлау орталығын құрды. Оларға 738 млн. теңгеге 4 комбайн, 4 сепкіш және 3 жапырақ жинағыш техникасы лизингке берілді. Енді тек ауылшаруашылық саласын дамытып, отандық өнімді сапалы етуге атсалысу ғана қажет, – деді аймақ басшысы.  

Ауданда 4 сервистік даярлау орталығы жұмыс жасауда. Майлы дақылдарды өңдейтін «Уыз Май Индастри» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тұрақты жұмыс істеп тұр. Қуаттылығы 53 мың тонна болатын серіктестік 7,5 мың тонна майбұршақ қабылдап, оның 2,2 мың тоннасын қайта өңдеуден өткізіп, 600 млн. теңгеге өнім шығарды.

«Көксу СМ» сүт зауыты жылына 12 мың тонна сүтті өңдейді. Қазіргі уақытта зауыт сүт өнімдерінің 37 ассортиментін өндіреді. Шикізаттың басым бөлігін аудандағы 7 тауарлы-сүт фермалары қамтиды. Соның ең ірісі – «Каримов» сүт фермасы. Былтыр ірі жобалар шеңберінде 576 млн. теңге жеңілдетілген несие бөлініп, шетелден асыл тұқымды мал және заманауи техникалық жабдықтар алған. 

Облыста суармалы жерлерді тиімді пайдалану үшін су шаруашылығы нысандарын жаңғыртуға да ерекше көңіл бөлінуде. Соның ішінде Көксу ауданының егістік жерлеріне суармалы су 767 шақырым су арналары арқылы қамтамасыз етілуде. Осы каналдардың су беруін жақсарту мақсатында Ислам Даму Банкінің қаражаты есебінен бірінші кезекте 108 шақырымға қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жұмыс 2026 жылы толығымен аяқталады. Жұмыстар толық аяқталғанда 4,5 мың гектар суармалы жер жаңадан қосылып, 9 мың гектар жер  сумен қамтамасыз етіледі.

Суармалы суды жинау мақсатында Алғабас ауылындағы Быжы өзенінің бойынан сыйымдылығы 15 млн. текше метр болатын су қоймасын салу көзделген. Бүгінгі күні жергілікті бюджет есебінен 22,5 млн. теңге бөлініп, жобасы әзірленуде. Нәтижесінде суармалы жердің 2,3 мың гектары жаңадан қосылса, 1,2 мың гектарына су беру жақсаратын болады.

Ауданда су үнемдеу технологиясын қолдану шаруашылықтармен қолға алынуда. Биыл «Смарт Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 667 гектарға тамшылатып суару жүйелерін енгізуде. Жалпы аудан бойынша бұл технология 2 мың гектар алқапта қолданылады. 

ЖЕР МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАЙТАРЫЛДЫ 

Мал шаруашылығында төрт түліктің саны өскен. Қазіргі уақытта ет, сүт өндірісі өссе, ал мал бордақылау алаңдарының жүктемесі өткен жылғы көрсеткіштен екі есеге дейін артқан. Ауылшаруашылығының бір саласы ветеринария қызметін жақсартуға және мал ауруларының алдын алу іс-шараларына биыл 395 млн. теңге бөлінді.

Ветеринария саласының инфра­құры­лымын дамыту мақсатында биыл қараша айының ортасында Балпық би, Айнабұлақ және Жарлыөзек ауылдық округтеріне ветеринариялық пункттер қолданысқа беріледі. 

– Жер – халықтың қазынасы. Оны барынша тиімді пайдалану керек. Аудан бойынша 2022-2024 жылдары пайдаланбай жатқан 40,8 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның ішінен 7,7 мың гектары Мұсабек, Лабасы ауылдық округтеріне қоғамдық жайылым ретінде бекітіліп берілсе, 33 мың гектар ауданның жер қорында. Былтыр ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерге екі конкурс өткізілсе, биыл тек бір ғана конкурс ұйымдастырылған. Коммерциялық жер учаскелерін табыстау бойынша аукцион мүлдем өткізілмеген. Бұл жұмысты күшейту керек.  Бірінші орынбасарым Әлібек Жақанбаевқа, аудан әкіміне және тиісті басқарма басшыларымен бірлесіп тауарлы-сүт, ет фермаларының жүктемесін арттыруды, шаруашылықтар арасында су үнемдеу мен мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, пайдаланбай жатқан жерлерді қайтаруды және конкурстарды заң шеңберінде өткізуді, коммерциялық жер учаскелерін табыстау бойынша аукцион өткізуді, жердің мақсатты игерілуін қатаң бақылауды тапсырамын. Мемлекеттің бізге берген барлық мүмкіндігін пайдаланып, нәтижелі жұмыс істеу қажет, – деп атап өтті облыс әкімі Бейбіт Исабаев.  

Ауданның өнеркәсіп саласында биылғы 9 айда 27,7 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Жалпы ауданның өнеркәсіп өндіру көлемі жағынан облыстағы үлесі 11%-ды құрайды. Жыл басынан ауданға 12,8 млрд. теңге инвестиция құйылған. Айта кету керек, тартылған инвестиция- ның 5,1 млрд. теңгесі бюджеттен тыс көздерге тиесілі. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде биыл 45 жаңа жұмыс орнымен 2,8 млрд. теңгеге 4 жобаны іске асыру жоспарланған. Алайда жобаның тек екеуі ғана жүзеге асырылған. 

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту– маңызды саланың бірі. 9 айдың қорытындысы бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 4 мың 327 бірлік. Онда 6,6 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау аясында биыл ауданда 9 жоба субсидияланған.  

Аймақ басшысы аудан әкіміне, облыстың кәсіпкерлік және индустрия- лық-инновациялық даму,ауылшаруа- шылығы басқармаларымен бірлесіп жоспарланған жобалардың сапалы орындалуын бақылап, мерзімінде іске асырылуын қамтамасыз етуді, көрсетілген қолдау мен мүмкіндікті толық пайдаланып және ауданның облыс орталығына жақын орналасқанын ескере отырып, құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорын ашу мәселесін қолға алу қажеттілігін айтты.

ІС ПЕН НӘТИЖЕ

Былтыр қараша айындағы кездесуде Нұргүл Чалабаева Нұрмолда Алдабергенов атындағы орта мектепке күрделі жөндеу керегін айтып, мәселе көтерген.

Осыған орай Балпық би ауылындағы ғимаратты күрделі жөндеуге тапсырма берілген. Бүгінгі күні жобалық-сметалық құжаттама жасалуда. Нысанда күрделі жөндеумен қоса қосымша модульді асхана орнату және ғимаратты сейсмикалық күшейту жұмыстарын жүргізудің қаржысы келер жылдың бюджетінен қарастырылады. Қазіргі уақытта мектептің ғимаратын күрделі жөндеу және блокты-модульді асхана орнату бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Құжаттамасы дайын болғаннан кейін қаражат мәселесі қарастырылады.  

Аудан тұрғыны Айман Тойшубекова Балпық би ауылындағы 2016 жылы апаттық деп танылған тұрғын үйлердің орнына мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген жалдамалы және коммуналды пәтерлерді (42 тұрғын үй) жекешелендіру бойынша мәселе көтерген болатын. Алайда Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына (13-бап, 7-8-тармақтар) сәйкес тұрғын үйі авариялық жағдайда деп танылған азаматтарға берілген жалдамалы және коммуналды үйлер жекешелендіруге жатпайды. Бұл сұрақ бойынша екі рет сот шешімі шықты. Алайда біздің тарапымыздан осы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша ұсыныс хат жолданды. Қазіргі уақытта жаңа заң жобасы Парламент депутаттарының қарауында.

БАСПАНА – БАСТЫ МӘСЕЛЕ

Бүгінгі күні тұрғын үй кезегінде аудан бойынша 1 мың 518 адам тіркелген. Кезектілікті азайту мақсатында әлеуметтік осал топтарға арналып, 50 тұрғын үй сатып алу жоспарланған. Оның 17 үйі тұрғындарға берілді. 

Балпық би ауылындағы 60 пәтерлі несиелік тұрғын үй қолданысқа берілді. Нәтижесінде осы жылы барлығы 110 отбасы  тұрғын үймен қамтамасыз етіліп, кезек 7,2%-ға төмендейді.

Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыру мақсатында биыл 60 пәтерлі несиелік 2 тұрғын үйдің құрылысына қаражат бөлініп, бір үйдің құрылысы басталып, екінші үйдің құрылысына мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Баспана 2025 жылдың қазан айында беріледі деп күтілуде. 

– Былтыр аудандық ауруханаға барғанымда ауданға 20 маман дәрігер келгені айтылды. Бір ауданға осынша маман келу – өте жақсы көрсеткіш. Біз биылдан бастап облысқа келген дәрігерлерге республикада бірінші болып, 5 және 10 млн. теңгеден бір реттік көтермеақы бере бастадық. Сол кезде қажетті мамандарды тұрғын үймен қамту жағын қарастыруға уәде бергенмін. Соған сәйкес ауданның әлеуметтік сала қызметкерлеріне, жас мамандарға арнап Балпық би ауылынан 20 пәтерлі жалгерлік тұрғын үйдің құрылысына жоба әзірленді. 2025 жылдың бюджетін нақтылау кезінде қаржы қарастырылатын болады. Сол сияқты Балпық би ауылындағы жаңа шағынаудандағы жеке тұрғын үй құрылысына арналған инженерлік-коммуникациялық желілерді салудың сараптама қорытындысы алынды, – деді облыс басшысы Бейбіт Өксікбайұлы.  

Ауданда халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету толығымен шешілген, барлық 34 елді мекен орталықтандырылған сумен қамтылған. Дегенмен, құбырлардың тозуына байланысты З. Тамшыбай ауылында және Көксу бекетінде сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңарту және салу бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде (18,5 млн. теңге). 2025 жылы республикалық бюджетке өтінім беріледі.

Аудан бойынша 34 елді мекеннің 26-сы газдандыруға жатады. Бүгінде оның 13-і газдандырылды. 

Осы жылы ауданның жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын, жөндеу жұмыстары мен күтіп ұстауға 1,8 млрд. теңге бөлінген. Оның ішінде 12 елді мекеннің 46 көшесін орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге 673 млн. теңге қарастырылған. 9 ауылдың көшелері аяқталып, қалған 3 ауылдағы жұмыстар жыл соңына дейін бітеді. 

Облыстық маңызы бар Жарлыөзек ауылына кіреберіс автожолында орналасқан көпірдің күрделі жөндеу жұмыс-  тары  шілде айында аяқталған. Енді Айнабұлақ ауылына кіреберіс жолында орналасқан көпірдің қайта жаңғырту жұмыстары келесі жылы басталады. 
Облыс әкімі орынбасары Әсет Қанағатовқа, аудан әкіміне, тиісті мемлекеттік органдардың басшыларымен бірлесіп, аудандағы газдандыру, ауызсумен қамтамасыз ету және жол жөндеу жұмыстарына бақылауды күшейтіп, сапалы әрі мерзімінде аяқтауды ерекше бақылауға алуды тапсырды.

ӘЛЕУМЕТТІК САЛА КӨРСЕТКІШІ ЖОҒАРЫ 

Көксу ауданы бойынша жұмыссыздық деңгейі 5,4%-дан 4,8%-ға, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны 7,1 мыңнан 5,9 мыңға төмендеген. 1 қазанға дейінгі мәліметке сүйенсек, ауданда 1942 адам жұмысқа орналастырылған.

Аудан әкімі, аудандық кірістер басқармасы жұмыс берушілермен бірлесіп, ресми статистикадан жасырылған азаматтарды тіркеп, оларға міндетті зейнетақы жарналарының уақытылы аударылуын бақылауға алып, нәтижелі жұмыс жүргізуде.

Биыл Айнабұлақ ауылдық округіне  қарасты ПЧ-45 ауылында және Еңбекші округіндегі Кеңарал ауылында блокты-модульдік медициналық пункттер қараша айының соңына дейін орнатылады. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде Көксу ауданында төрт нысан салынады.

Қызылтоған, Бесқайнар, Жетіжал ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункттер биылғы жылдың соңында, ал Қаратал ауылында келесі жылы қолданысқа беріледі.

Ауданға 77,5 млн. теңгеге 3 санитарлық автокөлік сатып алынды. Сонымен бірге аудандық орталық аурухананың материалдық-техникалық базасын жақсартуға 127,5 млн. теңге бөлінді. 

Жарлыөзек ауылындағы 150 орынды Мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары жүргізілсе, Мұсабек ауылына 150 орынды блокты-модульді Мәдениет үйі желтоқсан айында қолданысқа беріледі. 

Облыс басшысы орынбасарлары Марлен Көлбаевқа, Диас Есдәулетовке, аудан әкіміне тиісті басқарма басшыларымен бірлесіп, аталған іс-шаралар бойынша жұмыстарды бақылауға алуды қатаң тапсырды. 

Ауданның әрбір саладағы жетістіктері мен кемшіліктерін саралай келе облыс әкімі Бейбіт Исабаев орынбасарларына аудан әкімдігімен, тиісті басқармалармен бірлесіп, бөлінген бюджет қаражатын уақытылы, сапалы игеруді, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы орын алған кемшіліктерді жою жөнінде шаралар қабылдау қажеттігін айтты.

Облыс әкімінің баяндамасынан кейін кездесуге келген тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Атап айтқанда, Мәдениет үйі, көше жарықтарын орнату, ауылдық әкімдік ғимаратын салып беру мәселелеріне қатысты сауал жолдады. Сұрақтарға нақты жауап беріліп, кейбір өзекті мәселенің шешімін қарастыру жөнінде тиісті лауазымды тұлғаларға міндеттер жүктелді.

Еңлік КЕНЕБАЙ
Суретті түсірген: Жеңіс ЫСҚАБАЙ