ИНТЕРНЕТІ ЖОҚ АУЫЛ

Уақыты: 01.11.2024
Оқылды: 574
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бақалы ауылдық округіне қарасты Кәкімжан Қазыбаев ауылының тұрғыны Жазира Мұқанованың ауыл тұрғындарының интернет пен телефон байланысының нашарлығынан қиналып жүргені туралы өтініші бойынша жолға шықтық. Басында аудан орталығынан 45 шақырым, Талдықорған – Үшарал күрежолынан аса алыс емес жерге орналасқан, тұтас қазаққа аты белгілі Кәкімжан Қазыбаевтың есімін еншілеген ауылда осындай жағдайдың барлығына сенбедік.


Бақалы ауылдық округіне Бақалы, Кәкімжан Қазыбаев, Тасқұдық ауылдары қарайды. Үш ауылда 1500-ге жуық тұрғын, 363 үй бар. Биыл ауылдық округ тұрғындары 12262 гектар жерге дәнді-майлы дақыл, қант қызылшасы, көпжылдық шөп сеуіп, ел ырысын шалқытып отыр. 

Кәкімжан Қазыбаев ауылының тұрғындарымен кездесуден бұрын аудандық мәслихаттың депутаты Талғат Оралғановтың бастауымен Бақалы, Тасқұдық ауылдарын аралап, тыныс-тіршілігімен танысып шықтық. Еңселі Мәдениет үйі, екі қабатты әкімдік ғимараты, фельдшерлік-акушерлік пункт, мешіт, қатымхана, заман талабына сай салынған балалар ойын алаңы ауылдың бет-бейнесін ажарландыра түскен. Ауылдың жолдары асфальтталған. Жаңадан салынған үйлер, ретті қоршаулар тұрғындардың ауқатты екендігін көрсетіп тұр. 

Бақалы ауылдық Мәдениет үйінің алдындағы мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Арынның бюсті жаныңа жылу сыйлайды. Биыл К. Қазыбаев атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жұмысы қолға алынып, үш қабатты мектеп ғимаратының жанынан үлкен стадион салынып, қолданысқа беріліпті. Ал оның бір шетінде балалар ойын алаңы орналасқан. Мектеп қақпасының құрылысы мектеп түлектерінің демеушілігімен жүріп жатыр екен. 

– Білім шаңырағы 1980 жылы ашылған. Жалпы 640 орынға арналған мектепте бүгінде 243 бала білім алады. Шағын орталығымыз бар. Өткен жылы наурыз айында мектепке жаңа автобус берілген. Онымен шалғай орналасқан К. Қазыбаев ауылының оқушылары тасымалданады. Биыл мектеп ғимаратын күрделі жөндеу мақсатында қомақты қаржы бөлініп, кіреберістен шатырға дейін жөндеу жұмысы жасалды. Есік алдына брусчатка төселіп, еден мен есіктері ауыстырылып, жаңа үстел-орындық алынып, терезелерге жаңа перде тартылды. Жиынжай мен асхана, үлкен және кіші спортзал толықтай жаңартылды. Сонымен қатар, Кәкімжан Қазыбаевтың 95 жылдығына орай көптеген шара атқарылуда. Алдағы уақытта үлкен кездесу болады. Жалпы, жаңа оқу жылына осындай жақсы көңіл-күймен кірістік, – дейді мектеп директоры Назерке Құтбаева.

Бақалы ауылындағы жақсы істерді көріп, жадырап шыққан көңіл-күйіміз күрежолдан Кәкімжан Қазыбаев ауылына бұрылғанда су сепкендей басылды. Алдымен интернет істемей, телефон байланысы өшті. Одан кейін тас төселген кедір-бұдыры көп жол көлікті сілки бастады. Аяңдап жүріп, ауылдың орта тұсындағы мектептің алдында күтіп тұрған тұрғындардың жанына жеттік. Бірақ көпшілік ашулы көрінді. Бастабында сөзіміз жараса қоймады. Бірақ «Адам сөйлескеше» деген ғой, ақырындап сабасына түскен тұрғындар өкпе-назын үйіп-төкті. Атағы алысқа жеткен Кәкімжан Қазыбаев атындағы ауылдың ақпараттық әлемнен оқшау тірлік кешіп жатқанын көріп, көңіліміз құлазыса, Бақалы мен Тасқұдық ауылындағыдай жайнаған жағдайды көрмедік. 

Алдымен ауыл балаларына арнап жасалған ойын алаңы көзге түсті. Қолданысқа берілгеніне көп болмаған нысанның аңғал-саңғалы шығып тұр. Бірнеше бала әткеншекке асылып, дөңгелекпен қызықтап жатқаны болмаса ойыны қанды деуге келмейді. Тасқұдық ауылындағы балалар ойын алаңын көргеннен кейін болар, көзімізге оғаш көрінді. Бұл жағдайды ауыл әкімдігінің мамандары екі алаңға бөлінген қаражаттың аз-көптігіне байланысты екенін алға тартты. Яғни, «ауылдағы 48 отбасындағы қарадомалақтарының көңіліне демеу болсын» деген оймен жадағайлап жасай салған дүние екені көрініп тұр.

Ауылдастардың тыныс-тіршілігі жұтап тұр деуден аулақпыз. Егістік жері мол, мал басын мыңғыртып өсіруге жайылымы да жетерлік. Қара жердің қадірін арттырып, қамбасын толтырып, төрт түлігін саудалап, қалтасындағы қаржысын көбейтіп отырғандар көп. Дегенмен, ауылдағы интернеттің нашарлығы мен телефон байланысының қолайсыздығы тұрғындардың бас ауруына айналғалы қашан?! Көпшіліктің бәрі осы мәселені алға тартып, атсалысуымызды сұрады. 
Кәкімжан Қазыбаев ауылына былтыр модульді аурухана салынып, ел игілігіне беріліпті. Құрылыстың сапасында және ондағы құрал-жабдықтарда сын жоқ. Бүгінде мұнда 3 дәрігер ауылдың 180 тұрғынына күндізгі дәрігерлік көмек көрсетеді. Алайда, интернеттің нашарлығына байланысты дәрігерлер құжаттарды рәсімдеу, аудандық, облыстық ауруханаға сұраныс жіберіп, тапсырыстар қабылдап алу үшін Бақалы ауылдық округінің орталығына баруға мәжбүр.

– Күрделі аурулар болып, «Жедел жәрдем» шақыртуға немесе аудандық емханадағы білікті дәрігерлерден кеңес алуға тура келгенде төбе-төбені қыдырып, телефон байланысын іздеп кетеміз. Қазыбаев ауылы мен Бақалы ауылдық округінің орталығына дейін 6 шақырым жер. Кейде өзіміздің көлікпен, кейде жол тосып таксилетіп, болмаса көлігі бар көрші-қолаң, дос-ағайынға өтініп күндеріміз өтіп жатыр, – дейді ауылдық емхананың дәрігері Сабира Шопанова.

Кәкімжан Қазыбаев ауылындағы 180 тұрғынның 31-і зейнеткер. Әрине, жиі ауырып, сырқап жатады. Оның үстіне аудан орталығы, Талдықорған, Алматы, Астанадағы балалары ауылдағы ата-анасымен хабарласа алмай төзімдері таусылатыны тағы бар. Бір жолы 87 жастағы Күнсипа Мұқанова абайсызда жығылып, мертігіп қалғанда «Жедел жәрдем» шақырғанға интернет ұстамай, телефонмен байланысу мүмкін болмай ауылдастар дөң-дөңге шығып жүріп, Талдықорған арқылы «Жедел жәрдем» шақыртып, қарт ананы дер кезінде емдетіп алыпты.

– Интернеттің жоқтығынан жаңалық дегенді білмейтін болдық. Телефон байланысының нашарлығынан үйде қалған үлкен кісілермен байланыса алмай қиналамыз. Тіпті, «Жедел жәрдемді» Талдықорған, Алматы, Астанадағы туыстарымыз арқылы шақыртуға етіміз үйреніп кетті, – дейді апаның қызы Раушан Мұқанова.

Біз балаларымыздың қолынан телефонды тастата алмай жүрсек, Қазыбаев ауылының үлкендері балаларына телефонын құшақтатып, ауыл маңындағы дөң-дөңді қыдыртып, интернет байланысын іздетіп қояды екен. Өркениетті елде осындай өрескел жағдай болады деп ойламаған да шығарсыз?! Басында сеніңкіремеп едік. Жұмыс бабымен хабарласу керек болып, дөң-дөңді аралап, байланыс іздеген кезде ғана тұрғындардың мұқтажын түсіндік.

Ауылдағы сәулетті ғимараттың бірі – бастауыш мектеп. Ондағы 4 сыныпта 20 оқушы бар. Ал жоғары сынып оқушылары Бақалы ауылындағы Кәкімжан Қазыбаев атындағы орта мектепте оқиды. Оларды мектепке апарып, әкелетін арнайы автобус бар. Ауылдағы балаларға қарағанда олардың көңілі тоқ. Өйткені, Бақалыда интернет жақсы істеп тұр. Кәкімжан Қазыбаев ауылындағы бастауыш сыныпта оқитын балалар аға-әпкелері Бақалыдан келгенше тықыршып күтеді. Өйткені, олардан қолжетімді интернет жайлы әңгімелерді бейне қиял-ғажайып ертегісін естігендей тыңдайды. 

– Үйімізге Wi-Fi орнатып алғанбыз. Кезінде оны орнатудың құны 35 мың теңге еді. Қазір 50 мыңға өсіп кетіпті. Көп отбасының оған жағдайы келмейді. Бірақ сол құрылғы бірде ұстап, енді бірде ұстамай қинайды. Осылай ілдалдалап күн кешіп жатырмыз, – дейді ауылдық мектептің мұғалімі Әсемгүл Қалдыбаева.

Интернетпен қоса ауыл үлкендерін жолдың сапасыздығы да қинап келеді. Ауылдан асфальт төселген көше көрмедік. Оның себебін аудандық мәслихаттың депутаты Талғат Оралханов ауылдың сазды жерге орналасқанымен байланыстыра түсіндірді. 

Тұрғындар арасынан Астанадан ауданға дейінгі құзырлы орындарға отбасылық мәселесін айтып, жазып, талай мекеменің табалдырығын тоздырған Айгүл Шаймерденованы кездестірдік. Істің мән-жайын оның үйіне барғанда білдік. Тұрғынның үйінің жанынан осыдан 7 жыл бұрын ауылды таза ауызсумен қамтамасыз ететін қондырғының құрылысы басталыпты. Бірақ айналасы қоршалып, жерасты суын шығарғанмен нысанның жұмысы толық аяқталмай қалыпты. Құрылысқа жауапты мердігер жер астынан сорып шығарған суды нысанның іргесіне ағызып кетіпті. Аққан су жылдар бойы жиналып, көлге айналған. Соның салдарынан Айгүл және оның көршілерінің үйі бүлініп, ауласын қамыс басып кеткен. Тіпті бірнеше тұрғынның баспанасы жарамсыз болып қалған. 

Біз барардан бір-екі күн бұрын Бақалы ауылдық округінің жуырда сайланған әкімі Айдар Жаңабековтің араласуымен аққан судың арнасын басқа жаққа бұру жұмысы қолға алынған екен. Жөндеу жұмысын жүргізген құрылысшы жігіттермен бірге 7 жыл бойы бітпеген істің түйінін шешіп, аққан судың арнасын басқа жаққа бұрып, игілікті іске атсалысып қайттық.

Әрине, Айгүл Шаймерденоваға көмектесіп, оның алғысын алғанымызбен Кәкімжан Қазыбаев ауылының іргесіндегі көне қорғанның бүлінген жағдайын көріп, жүрегіміз тағы ауырды. Кеңес одағы кезінде тарихи нысанды кесіп жол салынса, бүгінде оның дәл ортасынан жерасты суын тартатын сорғы құрылысын жүргізіп, та-ғы бүлдірген. Тарихшылардың еңбегінде айтылатын «Ежелгі Ағарту қалашығы» деп аталатын қоныс осы болса керек.

– Осы жерде 30 жылдан астам тұрып келемін. Кезінде қорғанның ішінде жайқалып жасыл майса шөп өсіп тұратын. Мына құрылыс түскелі айналаны жабайы шөп пен қамыс басып кетті. Ауылдың өркениеттен алыс қалғаны, құрылыс жұмысының шатқаяқтап тұрғаны қорғанның қасиеті емес пе екен?! – деп қалды Айгүл Шаймерденова.

Мұның жайын облыстағы тарихи-мәдени мұраларды қорғаумен айналысатын мекемелер мен аудан әкімдігінен сұрап көретін боламыз. 

Ең бастысы, Кәкімжан Қазы-баев ауылының тұрғындарына сапалы интернет пен жылдам телефон байланысы керек. Оған сұрау салу енді біздің назарымызда болады.

Қажет АНДАС