Газдандыру мәселесіне келгенде алдымызда біршама міндет тұрғанын бұған дейін де Мемлекет басшысы талай мәрте атап өтті. Десе де, өңірлердің газбен қамтылу көрсеткіші әртүрлі. Тіпті, мүлде газ тұтынбайтын облыс орталықтары бар. Осы тұрғыдан келгенде Жетісу облысы көш ілгері деуге болады.
24 қазандағы жағдай бойынша, Жетісу өңірінің газбен қамту деңгейі 51,1 пайызға жетті. Бұл 47 елді мекендегі 345,9 мың тұрғынның табиғи газға қол жеткізгенін білдіреді. Осы жобаларды жүзеге асыруға республикалық және жергілікті бюджеттен, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» АҚ дивидендтері есебінен 22,4 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді.
Тамыз айында көптен бері жұрт көңілін күпті етіп келе жатқан ұзындығы 302 шақырымды қамтитын «Талдықорған – Үшарал» газ құбырының құрылысы басталды. Жалпы құны 131,7 млрд. теңгені құрайтын жоба Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарының 124 мың адам тұратын 66 елді мекенін газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бүгінде Ескелді және Ақсу аудандарының түйіскен жерінде газ құбырын орнату жұмысы қызу жүріп жатыр. Өйткені егіс алқабының үстінен өтетін желіні келесі жылғы егіс науқаны басталғанша толық аяқтап тастау керек.
«Талдықорған – Үшарал» учаскесіндегі құрылыс жобасының жетекшісі Борис Цой бізге магистральдық газ құбырын салу қарқыны қалай жүріп жатқаны туралы айтып берді.
– Қазір нысанда 300 адам тәулік бойы екі ауысымда жұмыс істейді. Бүгінде 40 шақырым траншея қазылып, 15 шақырым құбыр төселді. Алдағы уақытта жұмысшылар саны 600 адамға дейін ұлғаюы мүмкін. Себебі жыл соңына дейін 100 шақырым құбыр дәнекерленіп, 75 шақырым құбыр жер астына төселінеді. Талдықорғаннан Үшаралға дейін 6 автоматты газ тарату стансысы орнатылады. Газ құбырының диаметрі 530 мм. болады, – дейді ол.
Аталған жобаға тапсырыс беруші «Интергаз Орталық Азия» АҚ. Ал «Asia Caspian Construction» ЖШС мердігерлік ұйымы саналады.
Мердігер компанияның техникалық мүмкіндігі, газ желісін тарту бағытындағы тәжірибесі де жеткілікті. Осыған дейін ауқымды жобаның біразын сапалы орындаған. Олар «Талдықорған – Үшарал» газ магистралының жұмысын атқаруға экскаватор, бульдозер, құбыр төсегіш және басқа да арнайы жабдықтармен жабдықталған 80 техника жұмылдырыпты. Айтпақшы, құбыр жеткілікті тереңдікте орналасады. Сондықтан үстінен дала жұмыстары жүргізілсе де еш кедергі келмейді.
Келесі жылы аймақтағы 126 елді мекенді газбен қамту жоспарлануда. Мақсат орындалса көгілдір отын тұтынатын тұрғындар саны 506,6 мыңнан аспақ. Ал 2030 жылға қарай 192 елді мекен тұрғындары көмір жақпайтын болады.
Көгілдір отын тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартып, жұрттың қолы шелек көтеруден босап, сол уақытын басқа кәсіппен айналысуға ауыстырады. Сондай-ақ, өнеркәсіптік кәсіпорын мен басқа да нысан көгілдір отынды пайдаланып, ел экономикасының өркендеуіне, экологиялық ортаның тұрақтылығын сақтауға септеседі.
Қажет АНДАС