Елмен етене байланыс орнатып, жергілікті өзін-өзі басқару саласының маңызды рөлін атқаратын, қоғамның сөзін айтып, азаматтардың құқығы мен мүдделерін қорғайтын ел мәслихаттарына 30 жыл толды. Тауанды тарихы 1994 жылдан бастау алатын әрі депутаттардан құралған жергілікті мәслихаттар атқарушы билікпен бірлесіп өзекті мәселелерді шешуге, күрмеуі көп күрделі дүнилерді тарқатып, бастамаларды көтеруге, оның орындалуына ықпал етіп келеді.
Салтанатты шара алдында ел азаматтары мәслихаттың 30 жылдығына орай 30 түп ағаш отырғызды. Талдықорған қаласындағы Салтанат сарайында өткен конференция Жетісу облысы мәслихатының тарихы туралы бейнефильммен бастау алды. Онда Тәуелсіздік жылында қалыптасқан мәслихаттың тарихи орны мен маңызы, мазмұнды жұмыстары мен әр жылдары мәслихат хатшысы, төрағасы болған тұлғалардың пікірі, өздері атқарған іс пен ел үшін жасаған еңбектері баяндалды.
Жиынның алғашқы сөзін алған облыс әкімінің міндетін атқарушы Әлібек Жақанбаев көпшілікті мерейлі сәтпен құттықтап, облыстағы атқарылған істерге, аймақ экономикасы мен әл-ауқаты жайлы баяндады. Сонымен қатар, Әлібек Әскербекұлы, Жомартқали Баясылұлы, Ермек Әбілмәжінұлы мен облыстық мәслихаттың төрағасы Гүлнар Тойлыбаева «Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл» толуына арналған кітаптың тұсаукесу рәсімін атқарды.
Тарих пен таным сабақтасқан шара барысында ардагер депутаттар мен мәслихат депутаттары марапатталды. Атап айтқанда, Ермек Келемсейіт ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, Римма Салықова ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталса, Руслан Валишанов «Құрметті құрылысшы» төсбелгісін өңіріне тақты. Ал, Секенбай Шенгелбаев пен Қамбарбек Сайранбеков «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен, Арыстанғали Арын, Ермек Егінбаев, Қанат Сатанов облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Бекет Бласов облыс әкімінің Алғыс хатымен мерейленді.
Өз кезегінде Жетісу облыстық мәслихатының төрағасы Гүлнар Тойлыбаева, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сұлтан Дүйсембинов, «Мемлекеттік және жергілікті басқару институты» коммерциялық емес білім беретін мекеме ректоры Әбікен Тоқтыбеков, ардагер депутат Ермек Келемсейіт сөз алып, мәслихаттың 30 жылдығымен көпшілікті құттықтады.
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін белсенді депутаттар мен мемлекеттік қызметшілерді Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтің Құрмет грамотасы, Алғыс хаттарымен ҚР Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сұлтан Мырзабекұлы марапаттады.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ