ҚАНТ ДИАБЕТІ ҚАНДАЙ ДЕРТ?

Уақыты: 14.12.2024
Оқылды: 398
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қант диабеті – глюкозаның метаболизмі бұзылған созылмалы ауру. Бұл ауру ұйқы безі жасушалары шығаратын инсулин гормоны мөлшерінің азаюы салдарынан болуы мүмкін. 


Қант диабеті ауруының қарқынды өсуі әлемдік денсаулық сақтау ұйымдарының жаһандық мәселесіне айналды. Ғаламшардың шамамен 200 миллион тұрғыны осы аурудың құрығына іліккен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының болжамына сәйкес қант диабетімен ауыратындардың саны 2025 жылы 300 миллионға жетеді деген қауіп бар. Біздің елдегі жағдай да мәз емес. Денсаулық сақтау мамандарының зерттеулеріне қарағанда еліміздегі науқастардың нақты саны 700 000-нан асып жығылады. Ал мамандар бұл дертке шалдығу қаупі қазір мейлінше арта түскенін айтуда. Бұған басты себеп – адамдардың аз қимылдауы, шектен тыс салмақ қосуы, ұн өнімдерін көп пайдалану, майлы және қуырылған тамақтарға көбірек құмарлық. 

Қант диабетінің даму себебінің бірі – семіздік. Ал оның алдын алу үшін тамақтануды реттеуден бастаған жөн. Алайда өзіңізді қатаң диеталармен қинауға, аштық жариялауға болмайды. Күніне бірнеше рет, бірақ аз-аздан жеген дұрыс. Қарныңыз ашпаса, тамақ жемеңіз. Мәзірді түрлендіріңіз, оған көкөністер, жемістер қосыңыз. Қуырылған тамақты қайнаған және бұқтырылған тамаққа ауыстырыңыз. Сонымен қатар күніне 30 минут физикалық жаттығуларға уақыт бөліңіз. Физикалық жаттығулар зат алмасу процестеріне жағымды әсер етеді. Қант диабетінің алдын алу үшін жаяу жүру, велосипед тебу, билеу, жүзу, футбол ойнау және басқа да спорт түрлерімен айналысуға болады.

Қант диабетінің алдын алу үшін күйзеліске түспей, эмоциялық жағдайға мән беру керек. Күйзелістер тікелей қан қысымымен байланысты. Жоғары артериялық қысым көмірсу алмасу процестерін бұзады. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, кез келген аурудың алдын алудың негізгі әдісі – уақытылы тексерістен өтіп тұру керек. 

Айым ТҰРАРБЕК, 
 ШЖҚ «Талдықорған жоғары медициналық 
колледжі» МКК МІ 412-топтың студенті,
Арайлым ЖОМАРТБАЕВА, жетекшісі