ІЗГІ ЖАНҒА МЫҢ АЛҒЫС

Уақыты: 14.12.2024
Оқылды: 382
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Әр іс елдің ертеңінің жарқын болуы жолына бағытталуы керек. Бабалар өмірін дәріптеп, олардың ғибратты ғұмырынан сыр шертсек те оның астарында өскелең ұрпаққа үлгі болар кең мағынадағы ізгілік көрініс беруі қажет. Осы орайда тұлғаларды насихаттап, олардың ізгілікті ізін жаңғырту ұрпақ пен ұлттың парызы деп айшықтауға негіз бар.


Өткен жылы тарихтың тарауынан орын алған тұғырлы тұлға Тұрысбек қажыға Ақсу ауданына қарасты «Мамания» мектебінің қабырғасынан мұражай ашып, оның салтанатты ашылу шарасы өткен еді.  

Рас, әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттер бар десек, Жетісу жері білімнің алғашқы шаңырағын тұрғызған Тұрысбек қажы Маман-ұлын еске алары хақ. Ол 1899 жылы Қарағаш ауылында үш кластық мектеп ашады. 1904 жылы мектеп кеңейтіліп, 6 жылдық етіп қайта құрылды. Осындай ізгілікті іс жасап, қазақ сахарасында білімнің қайнарын шығарған  Тұрысбек қажы Маманұлы атындағы мұражайдың мектеп қабырғасынан ашылуы да заңдылық болса керек.

Өткен жылы өрнек тапқан мұражайдың ашылу салтанатына Ақсу ауданы әкімінің орынбасарлары,  аудандық білім бөлімінің басшысы мен «Аmanat» партиясы Ақсу аудандық филиалының төрағасы және Тұрысбек қажының ұрпақтары қатысқан. Сол сәтте мұражайдың ашылуына басты себепкер, демеуші болған Тұрысбек қажының туған немересі Еңлік Тұрысбекова келіп,  салтанатты шараның лентасын қиған еді. Рухани шараның соңында концерт көріп, ізгілікті іске ұйытқы болған жандарға жүрекжарды лебізін білдірген болатын. 

Бүгінде редакцияға хабарласып, мұражайдың мектеп қабырғасынан ашылуына мұрындық болған, ізгілікті іске жанын салып жүгірген сол кездегі «Мамания» мектебінің директоры болған Гүлжан Нұрбековаға, ұстаздарға Еңлік Тұрысбекованың айтар алғысы мол. Осы орайда біз өткеннен сыр тартып, текті ұрпағының лебізін арнайы мақалаға өзек етіп отырмыз. 

ӨЗ  ТІЛШІМІЗ