Елімізде саналы ғұмырын еңбек жолына арнаған жандар баршылық. Солардың бірі – шойынжол үстінде жүйіткіген отарбаның қай бағытта жүретінін айқындап отыратын, вагондарды жалғап, қаншама адамның тағдырына жауапты жұмысты абыроймен атқарып келе жатқан Светлана Әбішева. Бірнеше буын ұрпақ өкілдері үзбей еңбек етіп келе жатқан кейіпкеріміздің отбасы теміржолшылар династиясы санатынан.
Үштөбе қаласындағы теміржол бекетіне келдік. Айнала тым-тырыс. Перронда арнайы киім киіп, қолдарына саймандарын алып теміржол бойында тынбай жұмыс істеп жүрген жұмысшылардан басқа ешкім көрінбейді. Үштөбе теміржол стансысының кезекшісі Светлана Әбішеваға жолықтық. 40 жылдан астам ғұмырын бір ғана салаға арнаған кейіпкеріміз теміржолшының қызы. Оның әкесі Наурызбай да саналы ғұмырын осы салаға арнап, отбасын асырапты. Күн-түн демей перронда зымыраған отарбаны реттеп, адал еңбек етіп, отбасын асырап жүрген әкесін көріп өскен ұл-қыздар осы салада жұмыс істейміз деп шешеді.
– Мен көпбалалы отбасынан шықтым. Жанұяда 11 баламыз. Шойынжолдың қасында тұрғандықтан және әкеміз осы салада қызмет істеген соң біз үшін теміржолшыдан асқан мамандық болмады. Бәріміз асқар тау әкеміздің жолын жалғап, 11 баланың төртеуі теміржолшы атанды. Шүкір, әке жолын жалғағаныма мақтанамын. Теміржол саласында жүріп, бақытымды жолықтырдым. Отағасы Мұрат Биболов та осы салада еселі жұмыс істеген құрметті теміржолшы, – дейді еңбек адамы.
Теміржолшылар отбасы бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіреді. Ұлы Нұрлан да анасының жанында, стансы кезекшісінің көмекшісі болып қызмет істейді.
– Мен де шойын жолдың бойында өстім. Бала күнімде ата-анама еріп жұмысқа келіп алатынмын. Осының барлығын көріп өскен соң ба, теміржолшы болуға қатты қызығушылығым артты. Ендігі арманым – балаларым да ізімді жалғаса екен деймін, – деді Нұрлан Биболов.
Еңбек жолын 1984 жылы Үштөбе теміржолында оператор қызметінен бастаған Светлана Әбішева әр жылдары түрлі қызметте жұмыс істейді. Бүгінде ол отарба қай бағытта жүретінін айқындайтын кезекшілікті абыроймен атқарып келеді. Маманның мәлім де беймәлім жұмысының қаншалықты қиын екенін көріп қайттық. Шойынжолға бір тәулікте 500-ге жуық вагон келеді. Сондықтан күніне 17 адам кезекшілікке түседі.
– Жұмысқа ерте жиналамыз. Себебі, мамандардың көбі дәрігерлердің тексеруінен өтеді. Денсаулықтары жарап, жұмысқа дайын болса стансы кезекшісі құжаттарын тексереді. Егер денсаулықтары жарамай қалса басқа топ шақыртылады. Әр жұмыстың өз уақыты бар. Бір отарба 72 минут жиналады. Жұмыста 12 сағат тапжылмай отырамыз. Себебі, біздің мамандық қателікті кешірмейді, – дейді кейіпкеріміз.
Майталман теміржолшының 41 жылғы адал еңбегі, тыныссыз жұмысы еленіп, әр жылдары түрлі адал, тынымсыз жұмысы марапат алған. Зейнет жасына жақындап қалған білікті маманның басты байлығы отбасы мен немерелері. Еңбек адамы зейнетке шығып, немерелерінің ортасында отыруды армандайды.
Айдар ҚАЛИЕВ