Талдықорған Сервис және технология колледжі облыстағы сұранысқа ие жұмысшы кадрларды даярлайтын техникалық кәсіптік білім беретін мекеме. Бұл күні білім ошағында 60-қа жуық педагог пен 514 білім алушы бар. Мұнда студенттер «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Шаштараз өнері», «Тігін өндіріс және киімдерді үлгілеу», «Киім дизайны» сынды 5 мамандық бойынша білім алуда.
Мекеме басшысы Мөлдір Исламова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаны кәсіптік білім беретін ұйымдар үшін оң нәтиже көрсетіп, тағы үлкен белестерді бағындыруға бағытталған мүмкіндіктің бірі деп есептейді. Ел сенімін ақтайтын мамандарды даярлап шығару үлкен мәртебе екенін айтады.
– Әр мамандықтың өзіндік алатын рөлі орасан зор. Студенттерді оқытуда колледж бүгінде өте жоғарғы нәтиже көрсетуде. Біз облысымыздың 38 кәсіпорынымен келісімшарт жасасқанбыз, білім алушыларымыз осы мекемелерден өндірістік іс-тәжірибеден өтеді. Түркия мемлекетіндегі қызмет көрсету саласындағы кәсіпорындармен жасалған келісімшарт бойынша жылына 6 айға студенттеріміз шетелге іс-тәжірбие алмасуға барады. Колледжде дуалды оқыту жүйесі негізінде 299 студент білім алуда, – дейді Талдықорған Сервис және технология колледжінің директоры Мөлдір Исламова.
Өткен жылдың қазан айынан бастап, аталған колледжде «Айсұлу» тігін фабрикасымен біріккен шағын цех іске қосылды. Шағын орталықтың мақсаты – жұмыс орнын ұлғайту, фабрикаға келіп түскен тапсырысты бірігіп орындап студенттерді еңбекке баулып, өндірістік тәжірбиені тиімді пайдалану. Мұндағы түлектер оқыған саласы бойынша 80-90 пайызы тұрақты жұмысқа орналасуда.
– Мен қазір «Шаштараз өнері» мамандығында оқып жатырмын. Мектеп қабырғасында жүргенде құрбыларымның шашын өріп, үлгілерін жасайтынмын. Сол кезден бастап бұл салаға деген қызығушылығым оянды. Бүгінде кәсіби тұрғыда білігімді арттырудамын. Болашақта жеке кәсібімді ашып, адамдарға пайдамды тигізсем деймін, – дейді 1 курс студенті Әсем Кенжебай.
Колледждің материалдық-техникалық базасы да кейінгі үлгідегі құрал-жабдықтармен, жаңа техникалармен қамтылған. Жайлы оқу кабинеттері, заманауи құрылғылармен жабдықталған өндіріс шеберханалары бар. Мұнда білім алушыларға мемлекет бекіткен тегін оқу, 1 реттік ыстық тамақ және шәкіртақы беріледі. Педагогтар мен білім алушылар республикалық, облыстық деңгейдегі көптеген шеберлік байқаудың жеңімпаздары екенін де айта кеткен жөн.
Медет ЖҰМАБАЙ
Суретті түсірген Жұмабай МҰСАБЕКОВ