Қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – бала тәрбиесі. Жас ұрпақтың бойына ізгілік дәнін себу, жақсы қасиеттерді сіңіру ананың міндеті ме, әкенің бе? Жас отбасыларда жиі талқыланатын мәселенің жауабын бірге іздеп көрейік.
Бірде баласының мазасыздығынан әбден мезі болған Қожанасырдың әйелі ашуға беріліп: «Отағасы, бұл менің ғана балам емес. Сен де оның әкесі саналасың. Олай болса, бала бағуға сенің де көмектесуің қажет. Оған 12 сағат мен қараймын, 12 сағат сен қарайсың» деп шарт қояды. Қожанасыр амалсыздан келіседі. Ұйқыда жатса әйелі иығынан түртіп: «Тұр, сағат 12 болды, менің кезегім аяқталды, енді сен қарайсың» деген екен. Сонда ол: «Сен өзіңе тиесілі бөлікті қарап біттің бе? Онда менің бөлігімде жылай берсін» деп жауап беріпті.
Бұл сәтті әзіл емес. Бірақ, бүгінгі қоғамдағы ащы шындық.
Бала тәрбиесін, оқытуын жақсы білейін деген адам әуелі балаларға үйрететін нәрселерді өзі жақсы білуі керек, екінші баланың табиғатын біліп, көңіл сарайын танитын адам болуы керек. Оны білуге баланы туғаннан бастап өсіп жеткенше тәнімен қатар ақылы қалай кіретін жолын іздеуі керек, баланың ісіне, түсіне қарап ішкі халінен хабар аларлық болуы керек.
Ахмет БАЙТҰРСЫНОВ
Қазір кейбір әке бала тәрбиесіне бас ауыртпайды. Бүлдіршіннің болашағын ананың мойнына артып қояды. Себебін сұрасаң: «Еркек түздің адамы, бала тәрбиесіне ана жауапты болу керек» деген пікір естисің. Меніңше бұл қате пікір. Егер бала тәрбиесіне еркек адамның қатысы болмаса, әйел адамның тәрбиесі балаға жеткіліксіз. Сәби дүние есігін ашқан сәттен бастап, ана мен әкенің қамқорлығында болады. Асыл дінімізде бала тәрбиесіне тек анасы немесе әкесі ғана жауапты деп бөліп-жармайды. Бала тәрбиесі екі жаққа да ортақ. Бала анасынан мейірімділік пен даналықты, әкесінен өжеттік, батылдық сияқты қасиеттерді бойына сіңіріп өседі. Сол себепті де бала тәрбиесінде әке мен ананың орны ерекше.
Өткенімізге үңілейікші. Бұрынғы ата-бабаларымыз баланы қалай тәрбиелеген?! Асқар тау әкелер ұлдарын дау шешуге, шешендікке баулып, қыздарын қонағым деп еркелетіп өсірген. Бізді анамыз «әкеңмен ақылдас», «әкеңнен сұран» деген сияқты қарапайым ғана мысалмен әкемізді сыйлауға үйретті. Ал әкеміз бізді еркелетіп, түрлі ойын ойнатып өсірді. Сабақты бірге оқитын кезіміз де болды.
Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда да ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер. ...бала тар ойлы ақымақ болса, бала кінәлі емес, тәрбиеші кінәлі, бала сұлулықтан ләззат ала білмейтін мылқау жанды болса, бала айыпты емес, тәрбиеші жазалы.
Мағжан ЖҰМАБАЕВ
Қазіргі таңда, әкенің рөлі төмендеп қалғандай көрінеді. Бүгінгі бала әкеден гөрі шешесіне көп иек артады. Меніңше, ұл рухты, намысты болып ер- жетуі үшін мейлінше әкесінің тәрбиесін көп көру қажет. Сонда бала әкенің бүкіл тұлғалық болмысына, өмірлік ұстанымына қарап бой түзейді.
Мағжан атамыз: «Жас бала – жас бір шыбық, жас күнінде қай күйде иіп тастасаң, есейгенде сол иілген күйінде қатып қалмақ», – дейді. Ұрпағымыз үшін алаңдасақ, әке мен ана тәлім-тәрбиеге терең мән бергені жөн.
Сабина ӘЛІМЖАН