Ескелді ауданының тұрғыны Альфия Досанхан интернет алаяқтардың арбауына түсіп, 1 932 000 теңгесінен айырылып қалған. Ұрының құрығына түскен тұрғын дереу полиция департаментіне қоңырау шалған. Аудандық полиция департаментінің жедел әрекетінің арқасында жәбірленушінің ақшасы толықтай қайтарылды.
Қаражатын қайтаруға көмектескен білікті мамандарға алғысын білдірген Альфия облыс тұрғындарын алаяқтардан сақ болуға шақырды.
– Менің арызымды қабылдап, алаяқты табу үшін тынбай жұмыс істеген полиция қызметкерлеріне алғысым шексіз. Күндіз-түні қылмыскерді іздеудің арқасында 4 ай ішінде ақшам толықтай қайтарылды, – деді ол.
111 орам есірткі тәркіленді
Панфилов ауданында заңсыз есірткі сақтаумен айналысқан 21 жастағы Түркістан облысының азаматы ұсталды.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, тінту кезінде күдіктіден 111 орам есірткі тәркіленген. a-PVP психотроптық заты оның сырт киімінің қалтасынан және сөмкесінен табылған. Сонымен қатар, полиция қызметкерлері есірткінің жасырын қойылған орындарын анықтап, тағы 11 орамды тапты. Жалпы алынған a-PVP мөлшері 63,3 грамм болды.
– Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде. Заңнамаға сәйкес, есірткі және психотроптық заттарды заңсыз сақтағаны үшін 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы қарастырылған, – деді облыстық полиция департаментінің өкілі.
ҰРЫ ТҮСТІ ҚАҚПАНҒА
Талдықорғанда PlayStation ойын приставкаларын жымқырған ұры құрықталды. Ол қызметтік жағдайын пайдаланып, ойын приставкалары мен жабдықтарын қолды қылған.
Оқиға ойын-сауық залында болған. Бұл мекемеде күдіктінің туысы әкімшілік қызмет атқарған. Ғимараттың жабылу сәтін мұқият бақылап, ішкі тәртіпті зерттеген қаскүнем біраз уақыттан соң оңтайлы сәтті пайдаланып, қылмыстық жоспарын жүзеге асырған. Ұрлық барысында ол жеті Sony PlayStation 4 ойын приставкасы мен он екі джойстикті жымқырып, иесіне айтарлықтай шығын келтірген. Алайда полиция қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында күдікті көп ұзамай қолға түсті. Ол 21 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде. Ұрланған мүлік заңды иесіне қайтарылды.
7 МОПЕД ТІРКЕУГЕ ҚОЙЫЛДЫ
Облыста мопедтер мемлекеттік тіркеуге алынып, ресми түрде заңдастырылып жатыр. Мұнан былай мопед жүргізушісінде «темір тұлпарының» техникалық төлқұжаты мен мемлекеттік тіркеу нөмірі болуы тиіс.
Мопедтерді заңдастыру 11 қаңтардан бастап күшіне енді. Жүргізушілерге көліктің төлқұжаты мен мемлекеттік нөмір беріледі. Мопедтер механикалық көлік құралдарына теңестірілді.
Облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы процессинг орталығының аға көлік инспекторы Бағлан Әбішев:
– Биыл облыс бойынша 7 мопед тіркеуге қойылды. Мопедін тіркеймін деген азаматтар тұрғылықты мекенжайы бойынша халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну қажет. Алғашқылардың бірі болып Талдықорған қаласының тұрғыны Андрей Борисов мопедін ресми түрде заңдастырды.
– Менің 2 скутерім бар. Оларды заңдастырып, тіркеуге қойдым. Бұл заң өте дұрыс деп ойлаймын. Себебі жүргізушілердің жауапкершілігі ұлғайып, мопед ұрлығы азаяды, – дейді ол.
5 сәуірден бастап тіркеуге тұрмаған, жүргізуші куәлігі болмаған мопед иесі заңмен жазаланады.
Өрт оқиғасы өршіп тұр
Аймақта өрт оқиғасына қатысты ахуал ушығып тұр. Жыл басынан бері облыста 45 өрт оқиғасы тіркеліпті. Төтенше жағдайдың 31-і тұрғын үйде орын алған. Салдарынан материалдық шығын 2,6 млн. теңгені құраған. Ол былтырғы жылмен салыстырғанда 79 пайызға көп.
Осыған байланысты төтенше жағдай қызметкерлері түрлі шаралар өткізіп, тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Жуырда «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында» өрт қауіпсіздігі тақырыбында шара өтті. Онда облыстық төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері зейнеткерлерге өрт шыққан кезде қандай әрекет жасау керектігін, дұрыс эвакуациялану жолдарын, өмірлерін сақтап қалуға көмектесетін дағдыларды үйретті. Сонымен қатар, құтқарушылар ардагерлерге тәжірибелік сабақ өткізді. Мұнда зейнеткерлер түтін басқан ортадан шығуды, егер шығу жолы жабылып қалса не істеу керектігін үйренді.
Үздік атанды
Алакөл аудандық шегара басқармасы қоян-қолтық ұрыстан облыс біріншілігіне қатысып, жақсы нәтиже көрсетті.
Атап айтсақ, 62 келі салмақта катардағы жауынгер Б. Сықақов II орынды, 88 келі салмақта кіші сержант Е. Тұңғатаров III орынды иеленсе, 97 келі салмақта сержант Е. Борашев чемпион атанды. Ал +97 келі салмақта қатардағы жауынгер А. Алпысбайұлы I орынды, 73 келі салмақта қатардағы жауынгер A. Иманғали II орынды қанжығаларына байлады.
Талдықорған гарнизоны бойынша әскери бөлімдер арасында өткен шаңғы тебу жарысында Алакөл аудандық шегара басқармасының әскери қызметшілері намысты қолдан бермей, жалпыкомандалық есепте II орынды еншіледі.
Фото: El.kz
"Жетісу-Ақпарат"