Шыдам шыңдаған шебер

Уақыты: 24.03.2025
Оқылды: 396
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Ерінбеген етікші болады» дейді қазақ. Бірақ, ешкім еріккеннен етікші болмайды, ерінбегендер ғана етікші бола алады. Бұл сөзімізді Ескелді ауданында ерек кәсіп етіп отырған Тілек Нағызхан дәйектейді. Айтуынша, ұсақ жұмысы көп бұл кәсіпке шыдам мен сабырды серік етпегендер келмейді. Ерінбегендер ғана етікшілікпен айналыса алады.

Тілектің бұл атакәсібі емес. Қытайдың Тарбағатайынан 2013 жылы қоныс аударып келеді. Әу баста әр кәсіптің басын шалады. Табыс табу үшін. Ескелді ауданына қарасты Қарабұлақ ауылында мототехника жөндеп, қосалқы бөлшектерін де сатып көреді. Маусымдық жұмыс болған соң онысы тұрмысқа арқау бола алмайды. Түрлі жұмысты істегенмен дені маусымдық жұмыс. Содан маңайдағы ағайынның тұрмысын зерделейді. Бақса аяқкиімге сұраныс жоғары. Алыпсатарлықпен де айналысуды ойлайды. Дейтұрғанмен, бұл кәсіптің тәуекелі жоғары. Сауда картаның ойынындай, табыс бірде бар, бірде жоқ. Тәуекел етіп, аяқкиім тігуді қолға алады.

– Көрші ауданда аяқкиім тігетін ақсақалға жолығып, үйренуге бел будым. Сөйтіп, күніне 35-40 шақырым жолды еңсеріп, әлгі кісінің үйіне бір жарым ай барып-келіп, етікшіліктің қыр-сырын меңгердім. Атамыз бұл кәсіпті бастау үшін не керегін айтып, тіпті Қытайдан тігін машиналарына да тапсырыс беріп, аяқкиім тігуге керекті заттардың біразын алуға жәрдемдесті. Сөйтіп, осы кәсіпті бастап кеттім. Үш-төрт жыл ұлттық нақыштағы етіктерімізді тігіп жүрдім де, бұл өнерді одан ары шыңдау керегін түйсіндім. Ел бойынша Самғау есімді жігіттің ісі өрге басып тұр. Сол жігітке барып шеберлігімді шыңдадым, – дейді кейіпкеріміз.

Тілек Нағызханның шеберханасы үйіне жақын. Көршісінің үйін жалға алып отыр. Ішінде қажетті жабдықтың бәрі бар. Қазір 3 кісіні жұмыспен қамтуда. Жұмысшылар әрі шәкірті десек те болғандай. Арнайы Өзбек-  станнан  келіпті. 10 жылдан астам саланың ыстық-суығына төзген, білікті шеберден тәжірибе мен білім іздей келген. Сөйтіп 39 жастағы етікші қазір ұстаз болып отыр. Айтпақшы, Тілектің шәкірттері қазір еліміздің әрбір өңірінде өз кәсібін бастаған. Қызылордадағы шәкіртімен мақтанатынын да жеткізді. Оның өзі қазір шәкірт тәрбиелеуде екен. 

Самғаудың тәлімін алған етікші күніне 300 жұп аяқкиім тігеді. Тұтынушылары әлеуметтік желі арқылы тапсырыс береді. Арнайы дүкен жоқ. Дейтұрғанмен, өз өнімін саудалайтын дүкен ашуды да ойлап отыр. Қалай дегенмен, әлеуметтік желіден түскен тапсырысты жеткізу үшін қосымша қарекет етуге тура келеді екен. «Қазпошта» АҚ-ның филиалына барып, тауарды салып жіберуге де уақыт кетеді. Ал, уақыт етікші үшін аса құнды. Қазір шеберханада бірлі-жарым нұсқаулық аяқкиімдер ғана тұр. Себебі, Тілектің өніміне сұраныс жоғары. Оған себеп те жоқ емес. Әуелі сапалы материал, екіншісі – етікшінің шеберлігі.

– Өнімнің сапалы болуы әуелі шеберге байланысты. Материал қанша жақсы болғанымен ісмердің шеберлігі болмаса дұрыс аяқкиім шықпайды. Оның әрбір тігісіне жіті мән беріп, дұрыстап қарау керек. Ұсақ жұмыстарына көңіл бөлмесең, еңбегің еш кетуі де мүмкін. Етікшінің жұмысы ұсақ болғаннан кейін нәзіктікті талап етеді. Әр жұмысын ерінбей, тиянақты істеу керек. Содан кейін барып жасалған материалына, яғни таза тері мен табиғи жүнге байланысты. Мәселен, біз қыстық етіктің ішіне арнайы тазаланып жуылған меринос қойдың терісін, ал сыртына сиыр терісін қолданамыз. Сол үшін де біздің етіктерге сұраныс көп. Тапсырыс берген адамның аяғының өлшеміне ыңғайлап табан кесіп, салып береміз, – дейді шебер. 

Тілек Нағызхан шикізаттың денін шетелден алдырады. Әсіресе, тауардың дені Қырғызстан, Өзбекстаннан келеді. Себебі, бұл елдерде түркиялық кәсіпорындар бар. Сапасы өте жоғары болады-мыс. Шебер Қытайдың өнімін қолданбауға тырысады. Себебі, бұл жақтағы тауардың бағасы төмен болғанмен сапасы өте нашар екен. Ескелділік етікшінің өнімдері 25 мың теңгеден жоғары. Өйткені, Тілек Нағызханның аяқ- киімдері шеберлік пен сапаға мән беріліп даярланады. Алдағы уақытта шебер өндірісін кеңейтуді де көздеп отыр. Ол үшін мемлекеттік гранттарға, төмен пайыздық несие алуға ұмтылмақшы.

Дастанбек САДЫҚ