Талдықорғанда 166,6 млрд теңгенің өнімі өндірілген

Уақыты: 25.03.2025
Оқылды: 393
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Отандық өнім өндірісін өркендетіп, халықтың әл-ауқатын көтеру – Мемлекет басшысы жүктеген басты міндеттердің бірі. Осыған байланысты өткен бір жылда Талдықорған қаласы бойынша өнеркәсіп саласында 166,6 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көрсеткіш 104 пайыздан асқан.

Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары  Рүстем Бершінбековтің сөзінше, Жетісу облысы бойынша Талдықорғанның өндірістегі үлесі – 48 пайыз. Осы уақытқа дейін шаһардағы 81,3 пайыздық өңдеу өнеркәсібіне 135,4 млрд теңгенің өнімі шығарылып, нақты индекс 105 пайызға жеткен. Бүгінде қала аумағында барлығы 260-қа жуық кәсіпорын жұмыс жасайды. Олардың ішінде өндірілген өнімнің 69,7 пайызы 13 ірі және орта кәсіпорынның еншісінде болса, ал жүйе құраушы 4 кәсіпорынның қаланың жалпы өнеркәсіп саласындағы үлесі 49,5 пайыз. Нақтырақ айтқанда, аталған кәсіпорындардың біразы негізінен нан, сүт сынды тамақ өнімдері мен құрылыс материалдарын, яғни темірбетон, фарфор плиткалары, арматура, құрғақ құрылыс қоспаларын шығарса, тағы біразы түрлі-түсті бояулар, лак және базальтты жылытқыштар, аккумуляторлық батареялар мен кабельдік-өткізгіштер өндіреді. Сонымен қатар, электр желісін салуға арналған металл конструкциялары да жасалады. Бұл кәсіпорындардың арасында  «JLC», «Темірбетон», «Қайнар АКБ» және «Метакон» ЖШС бар.

Солардың бірі – Жетісу облысының орталығындағы ең ірі аккумулятор батареяларын шығаратын «Қайнар АКБ» кәсіпорны. Жылына  бірнеше миллион дана аккумулятор батареясын өндіретін бұл зауыттың өнімдері еліміздің барлық аймақтарымен қатар Қытай, Еуропа, Біріккен Араб Әмірліктері мен Италия сынды алыс-жақын шетелдерге де экспортталады.

Ал аймақтағы азық-түлік, оның ішінде нан өнімдерін шығаруымен айланысатын «Алтын Емел» нан зауыты қазір тәуілігіне 6 тонна өнім шығаруға қауқарлы. Бүгінде ол Жетісу облысының орталығымен қоса аймақтағы Көксу, Ескелді ауданы және Текелі қаласын да тәтті тоқаш, тағы басқа да нан өнімдерімен толық қамтып отыр. Күнделікті дүкендерге арнайы жабықталған көліктермен 15 мың дана нан жеткізіледі. Зауытта наннан бөлек, тәулігіне 50 тоннаға дейін жоғары сортты ұн өңдеп шығаруға қауқарлы заманауи диірмен  іске қосылған.

– Кәсіпорын аймақта 2012 жылдан бері нан өнімдерін шығарып келеді. Бүгінде зауытта әлеуметтік төмен бағадағы бірінші сұрыпты ұннан нанның 30-ға жуық түрі пісіріледі. Бастысы мұндағы нан мен тоқаштар дәмді әрі сапалы болуымен құнды. Бағасы да халықтың қалтасына сай. Сондықтан өнімдерге деген сұраныс жоғары. Қазір кәсіпорында бидай өңдеуге арналған заманауи  диірмен де іске қосылған. Міне, бұл өнімді қосымша өңдеп, іркіліссіз жұмыс жасауға мол мүмкіндік береді,– дейді сала жауаптылары.

                                                       

                                                                          Айдын КӘЛІМХАН