ҚАЙРАТКЕР

Уақыты: 08.10.2019
Оқылды: 872
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Туғанына 90 жыл толған қаламгер Кәкімжан Қазыбаевтың жарқын бейнесін, кісілік келбетін замандастары, ізбасарлары, шәкірттері арқылы жерлестерімен жете таныстыруға мүмкіндік туды. Еске алуға арналған жиынға Алматыдан, Нұр-Сұлтан қаласынан қадірменді меймандар келді.


ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ұлағатты ұстаз, Кәкімжан Қазыбаевтың асыл жары Орынша Қарабалина-Қазыбаева апайымызбен бірге келген қонақтарды Сарқан ауданының әкімі Марат Разбековпен бірге К. Қазыбаев ауылында жерлестері әнмен шашу шашып қарсы алды. К. Қазыбаев атындағы орта мектепте қойылым назарға ұсынылып,  мерейтой иесінің ұлы, «Алаш Медиа Груп» медиахолдингінің бас директоры Батыр Қазыбаев мектепке естелік сыйлықтар тарту етті. М. Арын атындағы ауылдық Мәдениет үйінде көпшілік кітаптар көрмесі мен мерекелік концертті тамашалады.

Ертеңінде Бақалы ауылының атшабарында аламан бәйге ұйымдастырылып, І орынды Ақсу ауданынан келген Айбек Досаевтың арғымағы еншілеп, ақсулық Шалқар Алдабергеновтің тұлпары ІІ орыннан, Бақалы ауылынан Нұрбол Мұхаметжановтың қосқан жүйрігі ІІІ орыннан көрінді. Сонымен бірге, Қойлықтағы  М. Жұмабаев атындағы орта мектепте еркін күрестен жарыс өтіп, І орынды сол ауылдың тұрғыны Дәулет Әкім жеңіп алды. 

Түс мезетінде Қойлық ауылындағы К. Қазыбаев атындағы Мәдениет үйінде мәртебелі меймандармен сарқандық тұрғындардың  кездесуі өтті. Алдымен меймандар еңселі Мәдениет үйінің алдындағы қаламгер-қайраткер мүсініне гүл қойып, көркемсурет көрмесін тамашалады. Танымал меймандармен кездесуге келген ел алдында аудан әкімі Марат Разбеков сөз алып, мақтан тұтар тұлғаның қызмет баспалдақтарымен, шығармашылығымен таныстырды. 

Еңбек жолын «Лениншіл жас» газетінен бастап, жалынды публицистикасымен, деректі туындыларымен жарқ етіп көрінген қаламгер ағамыз Алматы облыстық «Жетісу» газеті редакторының орынбасарлығынан Қазақстан орталық комитетінің аппаратына жауапты жұмысқа шақырылған. Екі басылымда белгілі бір орында табаны күректей жиырма жыл отырған Кәкеңнің партиялық қызметке барысымен жұлдызы жарқырап шыға келеді. Араға санаулы жылдар салып, Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары, ҚазТАГ-тың бас директоры болып, Қазақстан КП орталық комитетінің хатшылығына дейін көтерілгенін Марат Мелісұлы өз сөзіне арқау етіп, облыс әкімі Амандық Баталовтың қаламгер-қайраткер мерейтойына арналған құттықтау хатын табыс етті. 

Аудан басшысы халқымыздың дәстүрімен мерейтойға арнайы келген Орынша Қарабалина-Қазыбаеваның, Бауыржан Момыш-ұлының келіні, жазушы Зейнеп Ахметованың, доцент Зұлжамал Дәуленованың иығына камзол, жазушы-журналист Жанболат Аупбаевтың, медицина ғылымының докторы, профессор Нұрлан Арынның, техника ғылымының докторы, Ұлттық Ғылым академиясының академигі Аманкелді Бекбаевтың, жазушы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуаттың, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қуат Қайранбаевтың иығына шапан жапты. 

Кездесуде «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып, жазушы-журналист Жанболат Аупбаев ұстазы Кәкімжан Қазыбаевтың журналистік-жазушылық қыры жайында тың деректерді ортаға салды. 

Жомарт ИГІМАН
Сарқан ауданы