ЖҰЛДЫЗЫ ЖАНҒАН ЖАН

Уақыты: 19.10.2019
Оқылды: 1282
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ұлы ойшыл, философ, түрік әлемінің көрнекті ақындарының бірі, өз заманының білікті қоғам қайраткері Баласағұни өзінің «Құт әкелетін білім» атты еңбегінде ел-жұртымның өмір жолына бағыт-бағдар болсын, жақсы өмірге меңзесін деген мақсатпен:


«Басым көкке жетсін десең армандап,
Әр жұмысты біліп істе, қарма оңдап.
Әдіс-амал қолданып жүр қайда да,
Өзі келер сонда құт та, пайда да.

Барлық істі сарапқа сап істегін,
Қисаппенен қазынаңды үстегін.
Байлық іздеп отқа түспе түбінде,
Аттамағын жаттың ала жібін де.

Кісі жібін аттама да көз тікпе,
Бұл екеуден қиналады жан текке.
Ерте тұрып, кеш жат –
                  ұйқың қанады,
Ерте тұрған жанның бағы жанады», деген қазыналы өсиетін қалдырған екен. 
Қаншама уақыт өтіп, бірнеше саяси-формациялар өзгерсе де құндылығы мен даналығын жоғалтпаған, әлі де талай ұрпақтың қажетіне жарайтын қандай керемет дүние!

Келтірілген үзіндінің мағынасы мен мәні кеудесінде жаны бар әрбір адам үшін пайдасы мол болатын ақыл екені белгілі. Бәлкім, біреу өз өмірінде осындай қағидаттарды біліп, ескеріп, өсуі мүмкін, ал кейбіреулер білмеуі де мүмкін. Бірақ, бір нәрсе айқын, ол – біздің қасиетті Жетісу өңірі қазыналы би-шешендер мен батырлар, көнекөз қариялар мен алтын құрсақ аналар, оқымыстылар мен өнерпаздар, еңбек саңлақтары мен жақсы жандардың мекені, келешегінен мол үміт күттіретін, көздерінде жалыны бар дарынды өркендеріміздің ортасы. Сондықтан біздің елде тарихтың талай қилы кезеңінен өтіп, атадан балаға мирас болып сақталып келе жатқан осындай құнды өсиеттер молынан айтылады.

Ел өмірінің бағыты мен айнасы іспеттес болған, осындай асыл дүниені бойына сіңіріп өскен жанның бірегейі – жазиралы Жаркенттің тумасы, ел мақтанышы Күләш Айтжанқызы Айтжанова екендігіне талас бола қоймас.

Бұл кісінің өмір жолына зер салып қарасаңыз, жаратылысы нәзік жанның ішкі дүниесіндегі қайсарлық пен қайраткерлікке еріксіз таңдай қағасыз. Жер – Ананың төсін иітіп, ырысын туған халқына ұсынған ардақты Ел Анасы. Еңбек майданында ерлікке пара-пар істер атқарған. Еліміздің өркендеуі жолында аянбай еңбек еткен жан.  

Осылай тұжырымдап, қорытындылап айту да, жазу да оңай. Ал Күләш тәтенің өмір жолында басынан өткізген тағдыр тауқыметі мен бейнеті туралы өз аузынан естігенде сабыр еткен адамның ісінің дәулетке бастайтынын, шүкір қылғанның бағы тасыйтынына көзім жетті. Балалық балғын шағынан бастап жетімдік пен жоқшылықтың, мұқтаждықтың дәмін татты. Ол аз болғандай соғыс дүрбелеңі басталып, әкесі соғыста хабарсыз кетті. Ауылда қалған жүдеу бала-шағаның зарын естіп, аналар мен кәрі-құртаңның көз жасы мен мүшкіл қалдерін көріп өсті. 

Күләш Айтжанқызының өз сөзімен айтқанда «Менің еңбекке араласуым өте ерте, жастайымнан басталды. Жалпақ тілмен айтқанда бесіктен белім шықпай тіршілікке араласып кеттім деуге болады. Мұндай тағдыр жалғыз менің ғана басыма түскен жоқ, менің сан мыңдаған замандастарым өмірлерін осылай бастаған. Сол заманның ұлының да, қызының да маңдайына осындай тағдыр жазылды. Сол кездің ұрпақтарында осындай ұқсастық бар. Балалық дәуіріміз қиын, біркелкі болды».

Осының бәрін өз басынан өткізген Күләш Айтжанқызы өзімнің шыққан тауым биік болсын деген үміт дүниесінің желкен қайығымен жүрген жан. Бос қиялдан гөрі еңбегіне сенді. Дәл сол кезеңдерде оған қамқор болар аға, ақыл айтар апа болмады. Жетектеп жүретін әке де, бауырлары да қан майданда жүрді. Жаратқанның берген қабілетінің арқасында қыз да болса тәуекелдің төресі тауға да шығарады, дауылдан да алып өтеді деген сенімді өмірлік серік етті. Жаңылған жоқ, бағы ашылды.

 «Әр адамның тағдыры, оның мінез-құлқына орай құрылады» деген ұлағатты сөз бар. Күләш тәте қанағатшыл, адал еңбекті арқау еткен, жайдары және ел-жұртымен сыйласа білетін мінезімен зор құрметке бөленген, ел мақтанышына айналған жан. «Санаса, сыйласа білсең – көл қылатын да, таласып, тартысып жүрсең – шөл қылатын да көпшілік. Одан асамын деп тасуға болмайды, жасытамын деп жәбірге бару жараспайды» – дейді Күләш Айтжанқызы.

Өмірдің самғау шыңы қашанда халық үшін атқарған еңбекпен өлшенсе керек. Өмір қиындықтарына мойымай, сынаққа қасқайып қарсы тұрған адам ғана барын бағына бағалата алмақ. Асылдың сынығы, қазақтың қайсар қызы, еңбек ардагері Күләш Айтжанқызының өткен өмір белестері кімге де болса өнеге болады. Ер азаматтармен қатар жүріп, олардан артық еңбек етті. Күләш Айтжанқызы ерен еңбектің арқасында үлкен мінберлерден сөз алды, Социалистік Еңбек Ері атағымен қатар бірнеше орден-медальдардың иегері атанды. Жоқтықта саспай, байлықта таспай жүретін Күләш Айтжанқызы: «Жетімге ауыз берген құдай нәпақасын да береді» деген қанатты сөз рас екен. Басыма бақ қонды, еңбегім жанды. Елдің елеулісі, халқымның қалаулысы болдым. Көпшіліктің көмегімен, отбасымның тілеуімен, ата- бабаларымның аруағының қолдауымен Еңбек Ері атандым. Бұдан басқа да марапаттарға ие болдым. Ең негізгісі – халқымның құрметіне бөленіп жүрмін!», – деп халқына ризашылығын білдіруден жалыққан емес. 

Күләш тәте өмір белестерінде еліміздің қамын ойлап, мемлекетіміздің өркендеуіне орасан зор үлестерін қосқан ұлы адамдар Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев, Сабыр Біләлұлы Ниязбеков, Бәйкен Әшімұлы Әшімов және де басқа көптеген мемлекет қайраткерлерімен, облыс басқарған белгілі азаматтармен, министрлік өкілдерімен, жауапты кісілермен жүздесіп, ауылшаруашылығының күрделі жағдайлары мен жүгерінің төңірегіндегі мәселелер жайында өз ойын, көпшіліктің тілегін жеткізу мүмкіндігіне ие болды. Ерте көктемнен қоңыр күзге дейін жер жыртып, төрт-бес қайта су ұстап, арам шөбін отап, тыңайтқышын төгіп, ащы термен өсірген жүгері өнімін ысырап етпей дер кезінде лайықты бағаға өткізу жағдайын барлық кездесулерінде айтып жүрді. Аудан тұрғындарының әлеуметтік, мәдени, экономикалық және басқа да сұраныстары туралы көптеген жерлерде батыл мәселе көтерді. Бірнеше мәрте Талдықорған, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында үлкен мінбелерден ел-жұртының атынан сөз сөйлеп, ардагерлер мен аналардың жалынды сәлемдерін жеткізу бақытына ие болды. Қаншама мектептерде, жоғары оқу орында-рында, әскери бөлімдерде, денсаулық орындарында болып, мамандармен және жастармен ой бөлісті. Халықтың алдында жүрген өнер адамдарымен, ақын-жазушылармен, ғалымдармен, спорт майталмандарымен кездесіп, тек қана өзінің өмір жолын емес, елінің өмір жолын әңгіме етті. Дала аруы – жүгері өсіруде тірі кездерінде Дала академиктері атанған қайраткерлер Н. Головацкий, Ы. Қожахметов, И. Билялов, Н. Сауранбаев және Социалистік Еңбек Ері М. Ниязова мен Ә. Зайнаудинова, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары К. Бердіғұлова мен Р. Мұзафаровалардан тәлім-тәрбие көріп, солар жеткен жетістікке жетті. 

Күләш Айтжанқызы табыстарына масаттанбай, өзіне ғана тән асыл қасиетімен әлі де қоғамдық науқандардың бел ортасынан көрініп, өрендерін еңбекке баулып, тәлім-тәрбие беріп жүр. 

Жары Болатхан Есімханұлы бұл дүниеден ерте өтті, алайда, балалары Күләнда, Сәуле, Арайлымды өсіріп жеткізіп, білім берді. Бүгінгі күні олардан бес-алты немере, сегіз-тоғыз шөбере сүйіп, қызық пен жақсылықты бірге көріп келеді. Ұрпағы  Батыр Күләшқа қарап бой түзейді, соған ұқсап өсуді арман етеді.

Тағдырын еңбекпен ұштастырып, ердің ісін атқара жүріп, өз намысын қорғаудағы жігерлілігі, шыдамдылығы оның ерекше қасиеттері деп білемін. Сондықтан да ел-жұрты оны қадірлейді. Күләш Айтжанқызы артынан ерген іні-сіңліге үлгі болған тұлға, үлкендердің мақтанышы болған батыр қыз, ағайынға тілеулес, жанашыр болған бауыр, қиналғанға қол ұшын беріп, қамқор болған қайраткер, адал жар, асыл ана – Ел Анасы дәрежесіндегі тұлға! Өз басым Күләш Айтжанқызының тағдырымның қалыптасуына қосқан үлесі, ақылы мен қамқорлығы, шапағаты мен тілеуі үшін алғысымды айтамын! Сәби кезімдегі Күләш тәтенің аяулы алақанында тәрбие көргенімді жолымды ашып, азамат болуыма берген батасы деп түсінемін. 

Күләш Айтжанқызының 80 жылдық мерейтойының орны ерекше, сондықтан қандай құрмет көрсетілсе де артық болмайды. Бұған мен ғана емес, Батырды білетін ауыл, аудан, облыс, республика, сырт елдердегі тілеулестердің барлығы да қосылатынына сенемін.

Күләш тәтені осы қуанышты күнінде  құттықтай отырып, деніне саулық, үміт артып отырған өрендерінің қызығына бөленіп, ортамызды толтырып, аман-сау жүруіне тілектеспін!

Рамазан Сәрпеков,
профессор, Алматы және Қостанай
облыстарының Құрметті азаматы