«ТОҚАЕВТЫҢ ТОҚПАҒЫ»: «СҚ-ФАРМАЦИЯ» БАСШЫЛАРЫ ЖҰМЫСТАН ШЫҒАРЫЛСЫН»

Уақыты: 10.07.2020
Оқылды: 2083
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Үкіметтің кеңейтілген жиынын өткізді. Жиында ел Президенті Үкіметтің және салалық ведомстволардың жұмысын қатаң сынға алды. Халық толқып тұрған осындай алмағайып уақытта Үкіметтен бастап министрліктер мен әкімдіктердің дұрыс жұмыс істемей жатқанын да ашып айтты. 

Алдағы екі аптада елдің ахуалы оң нәтиже көрсетпесе шара қолданатынын ескерткен Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Қалыптасқан ахуал екі аптадан кейін жақсарады деп үміттенемін. Олай болмаған жағдайда, жалпы Үкіметтің осы құрамда жұмыс істеу мүмкіндігі туралы мәселе туындайды», – деді. Сонымен бірге ішімізге дендеп енген індеттің дәл осылай асқынып кетуіне жол берген Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығының да жұмысын сынға алды. Бүгінгі таңдағы елдің ашынып отыруына бірден-бір себеп солардың кемшілігінен екенін де ескертті. «Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығы уақыттың жеткілікті болғанына қарамастан, індетпен күреске тиісті деңгейде әзірлене алмады. Науқастар саны және басқа да көрсеткіштер бойынша олардың жасаған барлық болжамдары қате болды», – деген ел Президенті бұл олқылықтың алдағы уақытта қайталанбауы үшін салалық ведомство басшыларына қатаң қадағалауды тапсырды. 
Елдің билікке деген сенімсіздігінің бірден-бір себебі, ақпаратты дер кезінде анық жеткізбеуінен және халықты дәрі-дәрмекпен уақытында қамти алмауынан екені даусыз. Коронавируспен күресте сан түрлі жол қарастырылғанымен дұрыс сараптай алмағандықтан індеттің алдын ала алмай отырғанымыз да шындық. Осы тұрғыда Мемлекет басшысы: «Біз жұмыстың тәсілдерін үнемі өзгерте береміз. Бұрынғы басшылық аяқ астынан науқастарды симптомды және симптомсыз деп бөлу керек деп шешті. Қазір бұл әдістемеден бас тарттық. Міне, осындай әрекеттер халық арасында күмән туғызады», – деп Біртановтың кезінде кеткен қателікті айтып, бұрынғы министрді де бір түйіп өтті. Әрине, ол қателік сұраусыз да жауапсыз да қалмайтыны анық. 
Жасыратыны жоқ ауруханалардағы ахуал күннен-күнге сын көтермей барады. Жасанды жолмен тыныс алу аппаратының жетіспеуінен қаншама адам мезгілсіз жан тапсырып жатыр. «Жығылғанға жұдырық» дегендей үй жағдайында емделетін адамдар дәрігердің белгілеп берген дәрі-дәрмегін таппай табанынан тозып, өмірден де озып жатыр. Бұл «жауырды жаба тоқығанға» келмейтін ащы шындық. Оған кім кінәлі?! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы кінәлілердің жазасыз қалмайтынын да қадап айтты. «Қазіргі қиындықтарға кінәлі барлық адамды жауапқа тарту қажет. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен «СҚ-Фармация» басшылары жұмыстан шығарылсын немесе тергеуге алынуы керек», – деген ел Президентінің бұл сөзі әлеуметтік желілерде де қызу талқыланып жатыр. «Тоқаевтың тоқпағы» бұдан да қатты болу керектігі әр парақшалар мен сайттарда жарыса жазылуда. Сонымен бірге халықтың үрейге берілгені соншалық өздеріне қажетті-қажетсіз дәрілерді де сатып алып жатқанын айтты. Дәрі-дәрмек төңірегінде қозғаған ойы әркімнің де көңіліне қонымды болды. Өйткені, үкіметтің кеңейтілген отырысында отандық дәрі-дәрмек өндірісін жолға қоюды да тапсырды. «СҚ-Фармация» компаниясын білікті мамандармен қамтамасыз ету мәселесін шешу қажет. Қазақстанда дәрі мен медициналық бұйымдардың көптеген түрін өндіруді жолға қоятын кез келді. Қашанға дейін импорттық дәрілерге тәуелді боламыз? Намысымыз қайда?», – деп ұлтқа ұят келтіріп тұрған кемшін тұсымызды да сынға алып өтті. Адамдарды әлеуметтік желідегі сан түрлі күмәнді ақыл-кеңестің жетегіне еріп кетпей нағыз маманның пікіріне құлақ асуға шақырды.
Бұдан өзге де бірнеше мәселені көтерген Қасым-Жомарт Кемелұлы осы айтылған сын-ескертпелердің нәтижесі алдағы екі аптада анықталатынын айтты. 
Ел ішіне батпандап кіріп, мысқылдап шығып жатқан індетпен күрес тек биліктің құзырында ғана емес. Қарапайым халық өз кезегінде сақтық шараларына ықыласпен қарап, өзін қорғау арқылы жақынын да осы індеттен аман алып қалудың амалын жасауы керек. Өз өмірімізді қатерге тікпеумен қатар жақынымызға да жанашыр болайық, ағайын! 

Жұматай ӘМІРЕЕВ