«21 ПАЛАТАДА 80 АДАМ ЖАТЫР»: ДЕМАЛЫС ДЕГЕНДІ БІЛМЕЙТІН ДӘРІГЕРЛЕР

Уақыты: 13.07.2020
Оқылды: 3204
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Талғар аудандық орталық ауруханасының терапия білімі дәірігерлері мен мейірімді мейірбике қызметкерлерінің қажымас қайтпас қайсарлығы мен қажырлы еңбектерінің куәсі болдық.

"Адам деген пенде екен.
Ажал деген демде екен.
Ай-хай, қайран денсаулық,
Барлық байлық сенде екен"
- деп толғаған екен кезінде өнерімен ұлт өркенін өсірген Майлықожа бабамыз. Адам боп жаратылған соң ауырмайтын пенде жоқ. "Шикі ет ауырмаққа" деген атам қазақ. "Ауырып тұрдың, аунап тұрдың" деп те жататын еді үлкен кісілер. Алайда бүгінгі дүниені дүрліктірген алапат үрейге қарсы үрке қарамастан өздерінің бар қажыр қайраты мен күш-қуатын халық денсаулығына арнап, күн-түн демей жанкештілігімен жанын салып жүрген жас дәрігерлердің ерік жігеріне еріксіз сүйсініп тәнті боласың. Алладан жәрдем, жандарына жарылқану тілейсің. 

Белгілі ақын, көрнекті қоғам қайраткері Кәкімбек Салықов ағамыз дәл осыдан жарты ғасыр бұрын:
"Дәрігерлер, дәрігерлер, дәрігер!
Жедел көмек, жан қорғаушы жәдігер.
Ақ халаттың ар жағынан жалт етсең,
Аулақ жүрер ажал деген әбігер"
, - деп жырлап еді-ау. Содан бері тұп-тура елу жыл уақыт өтіпті. Қазақ "Елу жылда ел жаңа, қырық жылда қазан", - деп жатады ғой. Ол кездегі адамдар да ауысты, жаңарды, жасарды. Адамдардың замана ағымына қарай көңіл-күйлері мен көзқарастарының өзгеруі де заңды нәрсе. Ал бүгінгі аз да болса адам жанының арашашысы, ақ халатты абзал жандардың тобын құрап жүрген Талғар аудандық орталық ауруханасы терапия бөлімінің қызметкерлерінен сондай қайсарлық пен қажырлылықты көріп қатты қуанып қалдым. Бөлімде бұрын соңды болмаған ауырған адамдар санының ең жоғарғы көрсеткішіне де куә болдық. Небәрі екі кісіліктен 21 палатада 80 адам жатыр. Олардың ішінде қаншама ауыр науқастанып түскен адам да бар. Міне, осылардың бәріне барын салып қанатымен су сепкен қарлығаштай не бәрі 8 адамның қызмет атқарып жүргенінің куәсі болдық. Екеуі дәрігер қалғандары мейірбике, ине салады, дәрі береді, жасанды ауамен (кислород) дем алдырады, массаж жасап тамырдан дәрі құяды. Дәрігерлер де етпен сүйектен жаратылған ғой, қаншамасы ауырып жатыр. Жас баласымен демалыста отырғаны болмаса, кезекті еңбек демалысы дегенді білмейді. Міне, дәрігер мамандардың басына түскен бұдан артық сын сағаттары болмайтын да шығар. Ондайды Құдай басқа бермей-ақ қойсын. Өздері күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей-ақ осы ауруханада жатып, тамырларынан дәрі құйғызып, ине алып, өздерін-өздері емдей жүріп, ауырған жандарға да ем жасағанын көзіңменен көргенде қалай жүрегің жібімейді. Алайда, техникалық аппараттар мен жасау жабдықтары жетіспейді. Жасанды жолмен дем алдыру, басқа да сауықтыру бөлмелері мен тиісті дәрі-дәрмектердің тапшылығын жасыра алмайсың. Соған қарамастан жоқтан бар жасап, бардың басын құрап жүрген жас та болса бас, терапия бөлімінің меңгерушісі Сайра Тәліпжанқызына (суретте) осы бөлімнің жалпы тәжірибелік дәрігері Айсәуле Мұратбекқызына күн-түн демей, науқас жандардың қас-қабағын бағып, қасында қамқорлық танытып жүрген Сая Ғазизбекқызына Наталья Костеченко, Гүлнар Байжарасова, Гүлнар Изембаева, Рауан Мекербаева, Нұргүл Тойғанбекова секілді мейірбикелерге де айтар алғысымыз шексіз. Өздерінің ғана емес, өзгелердің денсаулығы үшін қисапсыз қиындықтарға төзіп, алдына биік мақсат пен талап қойып, толассыз еңбек етіп жүрген мейірбикелер мен тындырымды еңбегімен көптің көңілінен шығып жүрген тазалықшы қыздарға да мың алғыс. Жалпы мұндай қажырлық пен қайраткерлік - адамға деген мейірім шапағаты мен өзінің таңдап алған мамандығына махаббаты, өмірге құштарлығы мен жүрегінде иманы кәміл ар намысшыл қазақ қыздарының ғана қолынан келіп жатқан қайсарлық екеніне көзім жетті.

Ауырғандардың жанына дауа шипа ем іздеп, жалпақ жұртқа мейірімділігімен шуағын қалай шашсам деп, бар жинаған білімі мен тәжірибелік жұмыстарын жаны мен тәні ауырған жандарға арнаған дәрігер қыздарыма атқарған істерің осылай-ақ болсын! Алла істеріңе жақ болсын! Қадамдарың нақ болсын! Еңбектерің еленіп, бастарыңа бақ қонсын деп тілек айтам. 
Індеттің беті қайтып, шуақты да қуатты елге айналарымызға сенейік. 

Камнұр Тәлімұлы 
Ақын, сазгер,
Талғар ауданының Құрметті азаматы.