«ҚАЗАҚТЕЛЕКОМ»: КОРОНАВИРУС ТҰТЫНУШЫЛАРҒА ҚИЫНДЫҚ ТУДЫРДЫ

Уақыты: 21.07.2020
Оқылды: 1271
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Кезінде Ыбырай атамыз сол кезгі өркениеттің жетістіктеріне таң қалып: «Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызды...» деп жырлағаны мәлім. Ал бүгінде сол байланысыңыз әр баланың қалтасында жүрген жоқ па? Бұл орайда еліміздегі байланыс саласының көшбасшысы – «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы халықты сапалы байланыспен қамтамасыз етуде үлкен жұмыс атқарып келеді.


Құрылғанына 25 жыл болған компания әлемдік деңгейде қызмет жасайтын көптеген құрылымдармен бәсекеге түсе отырып, сапалы қызметімен халықтың сұранысына ие болуда. Әсіресе, бүкіл әлемді жайлаған пандемия кезінде жоғары, арнаулы және орта білім беру жүйесінде қашықтықтан оқыту үрдісін қалыптастырып, түрлі деңгейдегі жиналыс, кездесулерді онлайн режимде өткізуді қамтамасыз етуде «Қазақтелекомның» алар орны ерекше. Бұл маңызды жұмыста Қарасай аудандық желілік-техникалық цехының еңбегі айтып өтуге тұрарлық.

Шаймұрат Әуелбеков басшылық ететін бұл ұжымда бүгіндері 115 қызметкер байланыс саласының жұмысын талапқа сай қамтамасыз етіп келеді. Содан кейін де шығар, желісіз қызмет жасайтын байланыс операторларының көптігіне қарамастан ауданның 31 889 тұрғыны «Қазақтелекомға» басымдық берген. Мұның сыртында түрлі және корпоративтік сегментті абоненттер үшін 83 мыңнан астам телекоммуникациялық қызмет ұсынылуда. Бұлардың қатарына жергілікті, қалааралық және халықаралық байланыс қызметі, iD Net, Megaline сияқты белгілі брендпен қалыптасқан кеңжолақты қолжетімді интернет, iD TV жүйесіндегі интербелсенді телевизия, iD Phone – SIP телефон қызметі, «FMS», MT – C GSM/Kcell GSM және «әмбебап нөмірлер» сияқты мобильді байланысқа негізделген қызметтер, сонымен қатар LTE және өзге де технологиялар арқылы шекті кеңжолақты интернетке қолжетімді қызметтер ұсынылады.

Аудандағы желілік-техникалық цех ұсынатын интернет қызметін бүгіндері 24 500 тұтынушы қолданып, 12 300 абонент ақылы телевизия қызметін пайдалануда. Сонымен бірге «KceII» акционерлік қоғамымен бірлескен жоба ретінде танымал «Ultra» жаңа пакеті тұрғындардың сұранысына ие болды. Бұл жерде ғаламтормен бірге IP – телевизия және мобильді байланыс топтастырылған, жұртшылық үшін ыңғайлы әрі қолжетімді.

Елімізде «Сандық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырыла бастағалы біраз уақыт болды. Бұл жобаға Қарасай ауданындағы көшбасшы оператор өзіндік үлесін қосуда. Осылайша, Исаев, Жармұхамбет, Кемертоған,  Долан,  Батан, Еңбекші, Үштерек, Көлащы, Тұрар ауылдарына талшықты-оптикалы байланыс орнатылып, 14 мемлекеттік мекеменің  жедел әрі сапалы байланыс қызметін тұтынуына мүмкіндік жасалынған. 

Әлемді жайлаған коронавирус инфекциясы өміріміздің барлық саласына әсер етіп, жұмысты жаңаша ұйымдастыруға мәжбүрледі емес пе? Әсіресе, жоғары және орта білім беру жүйесін қашықтықтан оқыту интернет жүйесіне жүк түсіргені анық. Жайшылықта тұрғындардың сұранысын толық қамтамасыз етіп келген ғаламтор осы тұста сыр берген еді. Алматының іргесінде орналасқанымен Қарасай ауданының елді мекендерінде түйінді мәселелер бар екені анықталды. 
– Әрине, елімізде ондаған байланыс операторлары болғанымен жаңа талаптар әсіресе «Қазақтелеком» компаниясына үлкен жүк түсірді, – дейді аудандық желілік-техникалық цехтың басшысы Шаймұрат Болатұлы. – Студенттер мен мектеп оқушыларын қашықтықтан оқыту кезінде қалыптасқан ғаламтор жүйесі ауыртпалықты көтере алмай, тұтынушыларға қиындық тудырған болатын. Әсіресе, шет ауылдардың тұрғындары реніштерін білдіріп жатты. Сондықтан шұғыл шаралар қабылдап, жүйені жетілдіру шараларын жасадық. Бұл бір күнде біте салатын жұмыс емес екені белгілі. Байланыс саласын жетілдіру үшін күрделі қаржы қажет болатыны да түсінікті.  Дегенмен, қолда бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып, ғаламтордың қолжетімділігін қамтамасыз еттік. Елімізді байланыс саласы бойынша алдыңғы қатардағы мемлекеттердің қатарына қосу міндетін жүзеге асыру үшін әлі де атқаратын жұмыстар жетерлік. Ендігі күш-жігеріміз сол бағытта жұмсалмақ.

Иә, «Айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар алғызды...» деген мәселе бұл күндері баланың ойыны болып қалды. Қазір адамдар арасындағы байланысты былай қойғанда, ақпарат атаулының барлығы, қызмет көрсету саласының бүкіл жұмысы қолыңдағы телефон арқылы шешілетін болған. Аудандық цехтағы бұл жұмысты өз саласының білгір мамандары қапысыз атқарып келеді. Солардың қатарында байланыс жүйесінде 25 жылдан артық еңбек етіп келе жатқан А. Қорымбаева, Е. Тайжанов, А. Медеуова, Т. Лазгиева, Б. Сайдауллаева, Н. Козлова, В. Шахворостов, В. Тарима, С. Нарыжный, Г. Чолпанова, А. Долженко, Н. Оспанов, А. Тоқашев сынды озаттар да бар.

Ұйымшылдығы жарасқан ұжым қиналғандарға қол ұшын беріп, ардагерлерін құттықтаудан да жаңылған емес. Атап айтқанда, ұжымымыз елімізде төтенше жағдай жарияланған кезде бірқатар тұрмысы төмен отбасыларын азық-түлікпен қамтамасыз етіп, ел көлемінде жүзеге асырылып жатқан «Biz birgemiz» акциясына белсене араласты. Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген ардагерлерге сый-сияпат көрсетілді.

«Ақпарат кімнің қолында болса, жеңіс соның жағында!» деген қалыптасқан қағиданы бағдар етіп алар болсақ, еліміздің байланыс жүйесін заман талабына сай жабдықтаудың маңыздылығы арта түседі. Қарасайлық байланысшылар өзге де әріптестерімен бірге осы бағытта жемісті еңбек етуде.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ