"НИЕТТЕРІҢІЗ ҚАБЫЛ БОЛСЫН!": АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Уақыты: 31.07.2020
Оқылды: 2227
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ жетісулықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады.

– Баршаңызды әлем мұсылмандарының аса ұлық мейрамы – Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Құрбан айт - бейбітшілік пен бірлік, мейірімділік пен бауырластық сияқты мәңгі адами құндылықтарды нығайтатын, жүректерге ізгілік ұялататын жарқын мерекелердің бірі. Бүгінгі күні Құрбан айт қазақстандықтардың рухани өмірінде, қоғамның ауызбіршілігін бекемдеуде маңызды оқиғаға айналды, – деген аймақ басшысы мейрам күндері көпшілік Құрбан шалып, бір-біріне қамқорлық көрсетіп, мұқтаж жандарға қолдау танытып, ізгі амалдар жасауға асығатынын айтты. – Биылғы жылы Құрбан айт мейрамы карантин жағдайында өткізіліп отыр. Алайда бұл сауапты амалдар мен игі шаралар жасауға кедергі бола алмайды. Қайта осындай кезеңде адамдардың қайырымдылық жасауға деген құлшынысы арта түспек.

Амандық Ғаббасұлы береке-бірлік арқылы еліміз қатерлі індетті жеңіп шығатынына сенім білдірді.

– Қадірменді қауым! Ниеттеріңіз бен шалар құрбандарыңыз қабыл болсын. Мемлекеттің салиқалы саясаты мен тұрғындарымыздың бекем бірлігі мен өзара ынтымағының арқасында еліміз індеттен аман-есен шығады деп сенемін. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке, әр отбасына қуаныш пен жақсылық тілеймін.
Құрбан айт құтты болсын! – деп түйіндеді сөзін Амандық Баталов.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"