ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІН ҚАЛАЙ ҰЛЫҚТАП ЖҮРМІЗ?

Уақыты: 18.03.2017
Оқылды: 2422
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Халқымыздың барлық асыл қасиеті, салт-дәстүрі, өнері паш етілетін көнеден жеткен тағылымды мейрам – Наурыз. Бұл – біздің халқымыз үшін ең қастерлі мереке. Сондықтан да, оның мәні зор, мағынасы терең.
Саралап көрер болсақ, тарихи тамырын тереңнен тартқан Наурыз – бар жақсылықтың бастауы, көктем мен еңбектің, жаңару мен рухани тазарудың, еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың жарқын да мерейлі мерекесі. Бұл күні аспан денелері өздерінің ең бастапқы нүктелеріне келіп, Күн мен Түн теңеліп, адамдардың аузы аққа тиіп, жер бетіне шаттық орнайды, дала төсі дүбірге бөленеді. Ағайын-туыс қауышып көрісіп, бір-бірін наурызкөжеге шақырып, өткенге салауат айтып, болашаққа адал көңілмен, жақсы үмітпен қарайды. 
Жаңа күннiң келер басы – Наурыздың табалдырықты аттайтын сәтiне де санаулы күндер қалды. Жаңару мен жасарудың белгісі саналатын жыл  басы елiмiзде қалай тойланып жүр? Концерт көрiп, киiз үй тiгумен ғана шектелiп жүрген жоқ па? Наурызды түлетіп, түрлендiру үшiн не iстеуiмiз керек? Отбасында Наурыз қалай атап өтіледі? Осы сауалға жауап iздеп көрген едiк.

«ЖЕТІСУ»: – Бүгінгі Наурыз мерекесі мен Ұлыстың Ұлы күні саналатын кешегі мейрамның айырмасы бар ма? Оны қалай тойлаған дұрыс?
Майра САДЫҚОВА, облыстық «Ардагер-әжелер» ансамблінің мүшесі:
– Бұрынырақта халқымыз Наурызға ерекше дайындалған. Оны бала кезімізде өзіміз көріп өстік. Үйлерінің айналасын қоқыстан тазалап, ыдыстардың сынғанын лақтырып, артық заттан арылатын. Үйдің ішіне арқан керіліп, оған сандықта жатқан киімдер мен маталар шығарылып ілінетін. Наурыз деген сөздің өзі парсы тілінен аударғанда «Нау» жаңа, «руз»  күн деген мағына береді. Сондықтан да халқымыз жаңа күнді барынша жаңарып, жасанып, жаңа киім киіп қарсы алған. Үлкен кісілер бір-бірімен қауышып амандасып, көңілдерінде кірбің болса, кешірім сұрап, табысатын. 
Наурызда үлкен тайқазанға жеті түрлі дән қосылып, ернеуіне дейін толтырылып, шүпілдетіп тұрып, наурызкөже пісірілетін. Толтырып жасайтын себебі – тоқшылық болсын дегені. «Көжені қарындарыңа сыйғанынша ішіңдер, сонда жыл бойы тоқ жүресіңдер»,– деп ырымдайтын. 
Наурызкөжені жасағанда дәу тайқазанға қыстан бері сақталған сүр ет, қазы салатын, оған алдын ала бұқтырылып қойған бидай, күріш, тары, кеспе  қосатын. Құртты астауға салып, малтасын шығарып тұрып езіп қоятын. Сол құртты қосып көже беретін. Ол наурызкөженің дәмін әлі күнге дейін ұмытпаймын. 
Үлкен кісілер көжеге барған үйдің иесіне, алдынан кездескен адамдарға жақсы тілектерін айтып, «ақ мол болсын» дейтін. Қазақ дастарқанының сәнін келтіретін сүт тағамдары. Сүт болса, кілегей, май, ірімшік, айран, қатық та болады. Ақ мол болсын деп тілек айтатыны сондықтан. 
Көже ішуге барған үйде ән салынып, би биленіп, жұмбақ, жаңылтпаштар жарысы, сақина салу сынды ойындар өтетін. Ер азаматтар аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, бұқа тартыс, арқан тартыс сынды ойындар ұйымдастыратын. 
Жасырылған жұмбақтардың өзі салт-дәстүрге, көктемдегі құбылыстарға қатысты болатын. Мысалға, бала кезден жатталып қалған мына бір жұмбақ әлі күнге есімде:
«Емен екен, 
Емен жайлап, ауылы төменде екен.
Құдайдың құдіретіне қарап тұрсаң, 
Сорпасы адал, еті арам немене екен». Мұнда шеңбер салған құдықты жасырып отыр. Ол құдықтан мал суғарамыз, оны әкелеріміз тазалап тұрады, сонда да құдыққа құрбақа түсіп кетеді. Еті арам дегені құрбақаны жемейміз, ал суын ішеміз. Сондай-ақ, «Аспаннан күбі түсті, күбінің түбі түсті» деп найзағай мен күннің күркіреуін, «Үсті жабық, астында жарты күлше» деп айды жасыратынбыз. 
Ол Наурыз бен бүгінгі мерекенің алшақтығы бар. Қазіргі Наурызда көбіне тұсау кесу, бесікке салу, қыз ұзату сынды салт-дәстүрлер насихатталып жатады. Әрине, бұл дәстүрлеріміз жас ұрпақ біліп жүрсін деген оймен атқарылады. Бірақ, бұрын олай болмайтын, таңның атысынан бастап той тойланып, кешке оттың маңайында жастар би билеп, өлең айтып, ақсүйек ойнап тарқасатын. 
Қазір шыны керек, үлкен кісілері бар үйлерде ғана наурызкөже пісіріледі. Барлық отбасы бірдей Наурыз мейрамына айтарлықтай көңіл бөліп, салт-дәстүрлерді ұстана бермейді. Көбіне алаңда ұйымдастыралатын мерекелік шарамен ғана шектеліп қалады. 
Оның өзінде мекемелер тіккен киіз үйлерден басқасы наурызкөжені сатады. Ол тіпті біздің халыққа жат нәрсе. Қазақ көжені тойғаныңша ішкізіп, қалғанын ыдысыңа құйып берген халық. Ал бізде мереке күні  саудагер әйелдер наурызкөженің бір кесесі бәленбай теңге деп сатып тұрады. Ол мүлде дұрыс емес. Мұндайды көргенде шошимыз. Сылдыр сұйық көже жасап, сол күні тиын-тебен табуға тырысып қалу ол – пайдакүнемдік. Ондайға Ұлыстың Ұлы күнінде мүлде жол берілмеуі керек. 
Ардагер әжелер ансамблі жыл сайын Наурызға қатысып, аластау, ағаш отырғызғанда ақ құю сынды рәсімдерді орындаймыз, әндерімізді шырқаймыз. Мектептерге шақырса наурызкөженің қасиеті, оның неден жасалатыны, неге жеті түрлі дәм қосылатыны туралы, бата дегеннің не екенін, «жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, алған батаңның өзі жарты байлық екенін жас ұрпаққа айтып түсіндіреміз. 
Ендігі айтарымыз, жастар жағы Наурызға мән беріп, салт-жоралғылардың бәрін өз деңгейінде атқарса, әрбір отбасында тойланса, халық болып осы мерекенің маңызын арттырсақ деген тілек. 
«ОЙ-ТҮЙІН»: Расында да «ақ түйенің қарны жарылатын» Ұлыстың Ұлы күні пендешілікке салынып, табыс тауып қалуды көздейтін жандар жоқ емес. Олар мейрамның негізгі тағамы –  наурызкөжені саудалауға арланбайды. Онымен мерекенің өтуіне өз тарапымыздан үлес қостық деп пайымдайтындар да кездесетін болар. Бірақ, басқа тағамды саудалау бөлек те, наурыз көжені сатуға ниеттенудің өзі көпшіліктің ақ адал көңіліне кірбің түсірумен бірдей емес пе? Өйткені, халық арасында тілеукөже, көпкөже деп аталатын наурыздың басты дәмі көпшіліктің тілек-армандары тоғысқан тағам. Ол қыстан аман шығып, алдағы күннен жақсылық пен мол ырыс нәсіп етуімізбен айшықталады.
«ЖЕТІСУ»: Наурыз – көнеден жеткен мейрам. Онда халқымыздың бар байлығы, салт-дәстүрден бастап, ән, күй, биіміз, ойындарымыз насихатталады. Сондықтан оның барынша маңызын арттырудың мәні зор. Мерекені қалай түрлендіріп өткізуге болады?
Төлеужан ҒҰМАРОВ, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бөлім басшысы:
– Халқымыз үшін ең қастерлі, тағылымы мол мейрам – Наурыз. Мейірім мен шапағат молынан төгілетін осы айда келетін ұлттық мерекемізді  ынтымақ пен ырыс мейрамы десек те артықтық етпес. Халқымыздың бойындағы бар асыл қасиет – осы мерекеде паш етіліп, қазақтың қонақжайлығы, адамдардың сыйластығы, бауырмалдығы арта түседі. Салт-дәстүріміз кеңінен насихатталады. Адамдар бір-біріне жақсылық тілеп, жаңа жылдан мол ырыздық нәсіп етіп, бір қазаннан дәм татады. Бұлақтардың көзін ашып, жаңа ағаш көшеттерін отырғызып, табиғатқа да ерекше мән беретін ерекше кезең бұл. Сондықтан да, жыл сайын Наурыз мерекесі дәстүрлі түрде бұлақтың көзін ашу, тал отырғызу сынды рәсімдерді орындаудан бастау алады. Алдағы уақытта да ұмыт қалған дәстүрлерімізді жаңғыртып, Ұлыстың Ұлы күнін бұдан да кең көлемде атап өтуіміз қажет деп ойлаймын. Күнделікті тұрмыста атқарылып жататын ұлттық рәсімдерді де ауқымды етіп көрсетсек, нұр үстіне нұр болар еді. Мәселен, үлкенге сәлем беру, қуанғанға сүйінші беру, егін орағы кезіндегі кеусен, соғымнан сыбаға деген сынды дәстүрлерімізді өмірімізге кеңінен енгізіп, жас ұрпақтың жадына сіңіруіміз қажет.  Осыған орай биылғы Наурыз мерекесінен ұмыт қала бастаған дәстүрлерімізді жаңғыртуға ерекше көңіл бөліп, оны аудандардан бастап отырмыз. Мәселен, Көксу, Еңбекшіқазақ аудандарында Көрісу күні аталып өтті. Ауылды жерден басталған шара үлкен қалаларда жалғасын табады деген ойдамыз. 
Облыс орталығында тойланатын мерекеге келсек, Талдықорған қаласының өсіп-өркендеуіне орай жыл сайын  Наурыз мейрамының тойлану ауқымы да кеңейіп келеді. Өткен жылы алғаш рет Жастар саябағынан бастап, Қонаев, Балапанов көшелерін, Алматыға барар жолды бойлай киіз үй тігіліп, барлық сән-салтанатымен аталып өтілді.  Биыл да осы ауқымда өтетін болады. Бір айта кетер ерекшелігі – «Шеберлер ауылын» ұйымдастырып жатырмыз. Қолөнер шеберлерінің көрмесі болса деген жаңа ұсыныс енгізілді. 
Ал енді Наурыз мерекесінің маңызын арттыру жайына келсек, ол бірінші кезекте отбасынан бастау алу керек.  Әрбір үйде наурызкөже пісіріліп, туған-туыс, көрші-қолаңмен бірге атқарылса, мерекенің де мәні арта түспек. Кейбір отбасылар Наурызды тойлауды бастап та кетті. Өз шаңырағымызда да наурызкөже пісіріп, жақсы тілек, ниетімізді айттық. 
Екінші кезекте әр ұжым өз ортасында тойлауы тиіс деп ойлаймын. Мәселен, біз мәдениет саласының қызметкерлері М. Тынышпаев атындағы тарихи-өлкетану музейінде Наурыз мерекесіне орай бас қосып, ән-жырымызды айтып, ерекше өткізсек дейміз. 
Үшіншіден, үлкен ауқымда халық болып атап өту. Бұл орайда Наурыз мейрамын жыл сайын аудан, облыстарда дәстүрлі түрде өткізу қалыптасқан.  
Міне, осылайша әр ұжым, отбасы, көрші-қолаң болып, Наурызды бірге тойлап жатса, мерекенің маңызы бұдан да бетер арта түседі деп ойлаймын. 
«ОЙ-ТҮЙІН»: Наурыз дегенде көңілі көл-көсір дариядай ауыл жұрты ойымызға оралады. Әжелеріміз мерекені тойлауды ақпан айының аяғынан бастап, әр үй көже беріп жататыны әлі есімізде. Үлкен кісілердің тағылымын көрген, сол арқылы Наурызды тойлауды жадына сіңірген бүгінгі замандас, әпкелеріміз бұл дәстүрді жалғастырып келе жатқандығы белгілі. Ауыл ғана емес, қалалы жерде де барлық шаңырақта бірдей болмаса да кейбірінде  наурызкөже береді. Алайда, бұл барлық отбасында бірдей орындала бермейді. Сондықтан наурызкөже ішуге құлықсыз, оған тыжырына қарайтын жас ұрпақ қалыптасып келе жатқандығы да жасырын емес. 
«ЖЕТІСУ»: Наурыз – көптеген халыққа ортақ мейрам. Соның қатарында ұйғыр ұлты да бар. Олардың Наурыз мерекесін тойлаудағы ерекшелігі қандай?  
Әсия АХМЕТОВА, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, облыстық ұйғыр этно-мәдени орталығының төрайымы:
– Наурыз біріншіден, жаңару, жасару мейрамы. Үмітке толы тағы бір жаңа жылдың келіп жеткенін білдіретін, оны көпшілік қуана қарсы алып, тойлайтын тамаша мереке. Қазақ пен ұйғыр, ежелден бауыр халық. Сондықтан бұл мерекені тойлау дәстүрлері өте ұқсас. Мәселен, қазақтар жеті дәм қосып наурызкөже пісірсе, ұйғырлар да дәл солай норуз суйғач әзірлейді. Оған асқабақтың дәні, жүгері, тасбұршақ, ет, құрт, ірімшік айран қосып дайындайды. Қамырды жұқалап жайып, майдалап кесіп салады. Бір айырмашылығы ұйғырлар көжені көк пияз, аш көк, райхан қосып демдейді. Пісірген көжең жасыл болып тұру керек. Сонда көженің дәмі бұрқырап тұрады. Сондай-ақ, бидайды суға салып өсіріп, одан өніп шыққан жап-жасыл өскінді қосады. Бидай молшылық пен тоқшылықтың белгісі, ал жасыл шөп көк мол болсын дегенді білдіреді. Наурыз күні дастарқан түрлі тамақтарға толы болады. Табақ-табақ еттен бастап, мәнті, хошан, сағза, самса, жусайдан, жалбыздан жасалған өнімдер, тандырға жабылған нанның жеті түрі қойылады. Төр нанды жусайдан және көк пияздан жасайды. Ол көктің шығуының белгісі. Бәрі әдемі жаңа киімдерін киіп, қыздар шаштарын екіге бөліп өріп, бұрымдарына «жала» тағады. Еркектер басына тақиясын киіп, вәлләй деген ойын ойнайды. Жұрт бір-бірінің үйіне топ-топ болып барып, норуз суйғач, басқа да тамақтардан ауыз тиеді. Ән айтып, би билейді. Шақ-шақ айтып, қалжыңдасады. 
Бұл күні қарияларға үлкен құрмет көрсетіліп, сый-сияпат жасалады. Аталарымызға шапан жауып, апаларымызға көйлек кигізіп, көңіліміз аппақ болсын деген тілекпен ақ орамал тартылады. 
Ақсақалдар төрге отырып, бата береді. Балалар ләңгі теуіп, асық ойнап жарысып, әтештер төбелесін тамашалайды. Жалпы ұйғырларда әр үйде әтеш бағу дәстүрге айналған. 
Қыс бойы гүлдеп тұратын қазтамақ гүлін терезеден алып, сыртқа шығарып қою үрдісі де осы Наурыз мерекесінде орындалады. Гүлдерді есіктен кіре берістен екі қатар етіп тізіп қойып шығады. Қыздар да шаштарына сәндеп, гүл тағады. Ол өміріміз гүлдей жайнасын деген тілектен туындаған. 
Кешке қарай мерекені әйелдер бөлек, ерлер бөлек, жас отбасылар өздерінше бөлек тойлайды. Наурыз мейрамы мамырдың ортасына дейін жалғасын табады.
Жалпы өзім қазақтың келіні болғандықтан Наурыз мерекесінде қазақтың салт-дәстүрін көбірек ұстанамын, үйде бір қазанға наурызкөже, екінші қазанға норуз суйғачті пісіремін. Ұйғыр этномәдени орталығының төрайымы ретінде ұлттық дәстүрдің ұмыт қалмауы, қолөнердің дамуына мейлінше көңіл бөлемін. Осы мақсатта орталық жанында ұлттық дәстүрді дамыту орталығы жұмыс істейді. Онда жастарды қолөнерге, кесте тігуге баулимыз. Салт-дәстүрді насихаттап, ұлттық тағамдарды жасап үйретеміз. Жалпы облыс аудандарында 13 ұйғыр мәдени орталығы бар. Олар халықтар достастығы аясында жемісті жұмыс атқарып келеді. Мерекелерде салт-дәстүрді паш етіп, ұйғыр халқына тән ойындарын көрсетеді. Өзге ұлт өкілдерімен етене қарым-қатынас орнатып, қазақ халқының салт-дәстүріне құрметпен қарап, мерекелерді бірлесе тойлап, ұлтаралық татулық пен бірлікке негіз салып келеді. 
«ОЙ-ТҮЙІН»: Бұдан пайымдағанымыз – әр ұлттың тойлау дәстүрінде ерекшелік болғанымен түп-негізі, мақсаты бір. Ол жаңа тіршіліктің басталғанын жар салу, оны қуана қарсы алу.  Дүние жүзі халықтары көпшілігінің тұрмыс-салтында бағзы заманнан орын алған бұл мейрамды парсы тілдес халықтар бірнеше күн тойлаған. Олар бұл күндерде әр жерге үлкен от жағып, отқа май құйған, жаңа өнген жеті дәнге қарап болашақты болжаған, жеті ақ кесемен дәстүрлі ұлттық көже “сумалак” ұсынып, ескі киімдерін тастап, ескірген шыны-аяқты сындырған, бір-біріне гүл сыйлаған, үйлерінің қабырғасына дөңгелек ою – күн бейнесі салынып, үйдегі тіреу ағашқа гүл ілініп, түрлі жарыстар ұйымдастырылған. Мұның ішінен түркі тілдес халықтар тойлайтын Наурыз нақыштарының кездесіп жататынына куә боламыз. Бұл мейрамның көптеген халыққа ортақ екендігін көрсетеді.
«ЖЕТІСУ»: – Сiздiң ойыңызша, бiз Наурызды өз деңгейiнде атап өтіп жүрмiз бе? Жалпы Наурыз қалай тойлануы керек?
Айтмұханбет ЕРАСЫЛҰЛЫ, Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:
– Кезiнде Наурызды тойламаймыз, тоқтату керек деген шектеулер болды. Тiптi, атап өтуге тыйым салынған кездер де басымыздан өттi. Кеңес Одағының идеологиясы Наурыз мерекесiне қаншама қарсылықтар жасады. Арнайы бұл мерекенi шектеу туралы қаулы-қарарлар да қабылданды. Бiрақ соған қарамастан, Наурыз бiздiң санамыздан өшкен жоқ. Дүрiлдетiп, думандатып тойламасақ та, жасырын Наурызды атап өтiп жүрдiк. Ауыл-ауылдарда наурызкөже жасалды. Елiмiз тәуелсiздiк алғаннан кейiн Кеңес кезiндегi көп мереке өз-өзiнен қалып қойып жатыр. Ал Наурыз мейрамына өзiндiк қолдау болмаса да, қаншама уақыт жоғалмай, жалғасын тауып келдi. 
Өйткені, Наурыз  – Тәуелсiздiк күнiнен кейiнгi үлкен мерекенiң бiрi. Қазақтың қазақ екендiгiн көрсететiн бiрден-бiр мереке. Бұл мейрам Қазақстан атты үлкен шаңырағымыздың ұлттық мерекелерiнiң нағыз қайнарына айналуы керек! Өйткені Наурыз – қазақта жыл басы болып есептеледi. Күн мен түннiң теңелген кезi. Халықтың мифологиялық түсінігі бойынша 21 наурыз түні даланы Қыдыр аралайды. Ұлыс күні қазақ елі үшін әрқашан қасиетті, киелі саналған. Бұл мейрам көптеген халыққа ортақ. Соның ішінде қазақ халқы үшін маңызы тым терең дер едім. Тiптi Наурыз мерекесiнiң шығу тарихына қарап отырсақ, бұл мереке қазақтың өзiне ғана тән мереке сияқты көрiнедi. Мәселен араб немесе өзге мемлекеттерде бұл мерекенiң орны айрықша сезiлмеуi мүмкiн. Өйткенi ол жақтарда қыс пен жаз бiрдей болмайды. Бiзде қыс пен жаздың ортасын бөлiп тұратын көктем келгенде жер де, Табиғат-ана да жаңарады, жасарады. Наурыз – жаңару мен жасарудың басы сияқты. Өйткені, бiз мерекенi ағаш отырғызудан бастаймыз. Жер көгерiп, жаңарған тұста, жерге тал ексек, ол көкпен бiрге көгерiп, тiршiлiк те жасаратын болады. Ызғарлы қыстың кетіп, жан иесі үшін жаңа тіршіліктің басталғанын сездіретін Наурызда қыс бойы өлімнің есігін күзетіп, үңгірде жатқан кәрі құйрық, мертік-шортықтардың өзі қыбырлап дүниеде бар екендіктерін білдіре бастайды. Аурулар сауығамын, аттар тойынамын, жалаңаштар киімсіз де күн көремін дегендей жұрттың бәрінде үміт пайда болады. «Бәріміз де табиғаттың бергеніне ортақпыз» дегендей сағынышты көрісулер, жалынды құшақтасуларымен жаңа жылды қарсы аламыз. Бұрынғылар «Бұл күні Самарқанның көк тасы да жібіпті», – десіп Наурыз күні пейілін кеңітпеген адамды тастан да қатты қылып шығарғысы келіп, аңыз қылысатын. Сондықтан да Наурыз – қазақтың отыз күн ойыны мен қырық күн тойы өтетін ұлттық мереке. Әрине, оны дүркіретіп өткізуге барынша күш салынуда. Алайда, бұл елдiң бiрлiгiн сақтап, туған-туысқанның басын қосып бауырластыққа, татулыққа шақыратын мейрам болғандықтан кейбір әдет-ғұрыптардың бұрынғы деңгейiнде сақталмай жүргендігі жасырын емес. Мәселен, бiреуге өкпелесеңiз, бiреуге ренiшiңiз болса, осы Жаңа жылда, наурыз айында кешiру керек. Сонда адамды iзгiлiкке шақыратын, адами құндылықтарға жетелейтiн мерекеге айналар едi.  
Кез келген дүниеден қазақтың ұлттық бояуы кетiп барады. Сахнада өнерiн көрсетiп жүрген әншiлер де халық әндерiне заманауи үн қосамыз деп бүлдіріп алып жатыр. Қасиеттi қара домбыраның үнiне басқа елдiң аспабын қосып шығарып жүр. Рухы, дiнi, дiлi мығым қазақ ұрпағы домбыраның үнiмен өсуi керек. Ұлттық аспаптың әуенi әрбiр қазақтың құлағында жаңғыруы тиiс. Наурызда осы жағы ескерілсе деймін. 
Орталық алаңда киiз үй тiгiлiп, арнайы көрме ұйымдастырылады. Бұған қоса көмекке мұқтаж жандарға қолымыздан келгенше жәрдем көрсетуді де ұмыт қалдырмауымыз керек. Өйткені, бұрын наурызда кембағал жандарға қамқорлық көрсетуге айрықша көңіл бөлініп, олар жақын туыстарының қарауына арнайы міндеттеліп тапсырылатын. Жұтқа ұшырап қиналғандарға жылу жинап берілетін.  Жалғыз жарым жетімдерді үйлендіріп, жеке отау еткен. Осы үрдiстiң бәрi наурыз айында жүзеге асса, бұл мерекенiң маңызы бұдан да арта түспек. 
«ОЙ-ТҮЙІН»: Мейірім мен ізгілік мерекесінде табиғатпен бірге адам да қайта түлеп, барлық жамандықтан бойын тазартып, айналасына тек  шапағат-нұрын сеуіп  жатса игі. Сонда жер бетінде де тек жақсылықтар ғана орын алар ма еді?  Тарихи тамырын тереңнен тартқан Наурыз мейрамын тойлаудағы ата-бабамыздың басты арманы да осы болар.  Ендеше, Наурыз мейрамын бар ынты-шынтымызбен өткеріп, наурызкөжемізді пісіруді ұмытпайық, ағайын дегіміз келеді.

Мереке жас ұрпақ көзімен

Ата-бабамыздан жеткен Наурыз мейрамы туралы жас ұрпақ не біледі? Олардың пайым-түсінігі қандай? Отбасында қалай аталып өтіледі? Бұл турасында оқушылардан сұрап білген едік.

Әсет Бауыржанұлы, №14 орта мектеп-гимназияның оқушысы: 
– Наурыз мейрамы туралы білерім көп. Бұл көктемді қарсы алу мерекесі іспеттес. Өйткені, осы кезде табиғат қайта түлейді, дәл Наурыздың 22-сі күні Күн мен Түн теңеледі. Наурыз – жыл басы саналады . Мені жетелеп өсірген Сара әжем қыс ызғары кетіп, көктемнің шуағы білінген алғашқы күні-ақ, наурызкөже пісіріп, дастарқанды ұлттық тағамдарға молынан толтырады. Құрт, ірімшік, жентті қалағанымызша тоя жейміз. Жылда Наурызды асыға тосамыз. 
Жәңгір Ибраимов, №14 орта мектеп-гимназияның оқушысы:
– Мен атамның баласымын. Ол кісі маған Наурыз мерекесі, оның ауылда қалай тойланатыны туралы айтып отырады. Атаммен бірге барып орталық алаңда өтетін мерекені тамашалаймын. Әсіресе, ұлттық ойындар мен күресті көргенді ұнатамын. Наурыз мерекесінде көңіліміз бір көтеріліп қалады.
Ұлпан Әсет, №16 мектеп-гимназияның 6-сынып оқушысы:
– Жылда анам үйде наурызкөже пісіреді, оған ағайын-туыс, көрші-қолаңды шақырады. Көжеге  сүр ет салып пісірілуі – қыс тағамымен қоштасуды, құрамына ақтың қосылуы – жаз тағамымен  қауышуды білдіреді. Жеті дән қосу елімізде тоқшылық болсын, дәніміз көп болсын деген ниеттен туындаған екен. Наурызкөжеге тоя ішкен адам жыл бойы несібесінен құр қалмай, тоқ жүреді деп ырымдалады. Оны анам бізге айтып, наурызкөжені тоя ішуімізді қадағалайды.
Ақбота Қалық, №14 орта мектеп-гимназияның 8-сынып оқушысы.
– Менің анам – дәрігер. Сондықтан наурызкөжеге қосылатын жеті түрлі дәмнің адам денсаулығы үшін пайдасының мол екенін айтып отырады. Наурызкөжені сағынып, жылына бір-ақ рет емес, жиі ішіп тұрсақ қой дейді. Бірақ, ол мерекелік тағам. Сол себепті құрметпен қарап жылына бір рет қана сағына ішеміз. 
Іңкәр Нүсіп, №4 орта мектептің оқушысы:
– Мектепте жылда Наурыз мерекесі өтеді. Онда аналарымыз наурызкөже жасап әкеліп, сыныбымызбен дәмін татамыз. Мен өзім сүт, айран, құрт сынды ақ тағамдарды жақсы көремін. Сондықтан көжені қуана ішемін. 
Оқушыларымыздың наурыз мерекесі туралы көп білетіні, отбасында, мектепте болсын халықтық дәстүрдің сақталып келе жатқандығы бізді қуантты. Ұлттық дәстүріміз паш етілетін осынау мерекенің тәрбиелік маңызы зор. Оны жас ұрпақ жадына сіңіру – аға ұрпақтың парызы.

Айтмұханбет ата берген бата


Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын.
Әрқашан ақ жол болсын,
Тілегіміз сол болсын.

Еліміз ұлысты болсын,
Жеріміз ырысты болсын.
Бауырың бүтін болсын,
Сарқылмас құтың болсын.

Дәуренің сәнді болсын,
Ғұмырың мәнді болсын.
Мағыналы тірлік болсын,
Береке, бірлік болсын.

Қарық қып құтты Наурыз
Қазанға толсын сары уыз.
Шаңырағыңа құт құйылсын,
Дастарқаныңа жұрт жыйылсын.

Ұлы халқым тоқ болсын,
Көйлектерің көк болсын.
Уайым-қайғы жоқ болсын,
Қуаныштарың көп болсын.

Ел іргесі тастай берік болсын,
Қыздарда иман, көрік болсын.
Жігіттер намысты, білекті болып,
Адамдар бір-біріне серік болсын.

Басыңда ақыл-ой болсын,
Күнде шаттық той болсын.
Наурыз мерекелі болсын,
Құт-берекелі болсын!
Әумин!

Алма ЕСЕНБАЕВА