ШЕКАРА ШЕБІНДЕГІ ЖАҢА АУДАННЫҢ ЖАСТАРЫ ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

Уақыты: 27.03.2021
Оқылды: 1083
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Райымбек ауданындағы жұмыспен қамту орталығының көңіл қуантатын ақпараттары жарияланды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Мемлекетіміздің «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында аталған жұмыспен қамту орталығы бойынша өткен жылы 50 адам кәсіптік білім беретін қысқамерзімді курстан өтіп, қажетті мамандық алған. Оның ішінде, 39 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.

Таулы өңірде жаңа жұмыс орнын ашам, шағын кәсіпкерлікпен айналысам деген 101 адамға мемлекеттік грант берілді. 9 адам 34 300 миллион теңге шағын несие алды. Олардың бәрі өздері қалаған жұмыс орындарын ашып, шаруаларын жүргізуде. Биыл 50 адамға мемлекеттік грант, 15 адамға шағын несие беру жоспарланған Аудан бойынша өткен жылы 342 адам қоғамдық жұмысқа жіберілді. Оның ішінде 230 адам тұрақты жұмыс тапқан. Қазіргі уақытта 130 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды.

Былтыр әлеуметтік жұмыс орындарына 52 адам жіберілген. Сол арқылы 33 адам тұрақты жұмыс істеуде. Биыл жыл басынан бері 26 адам әлеуметтік жұмыс орындарында еңбек етіп жүр.

Жас мамандарға қолдау көрсетіліп келеді. Өткен жылы 42 жас маман жастар тәжірибесіне жіберілді. Олардың арасынан 33 жас тұрақты жұмысқа орналасты. Биыл 33 жас маманды жастар тәжірибесіне жіберу жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде 6 жас маман жастар тәжірибесінен өтуде. 

Аудан қайта құрылғалы сырттан келіп, жұмысқа орналасып, үйлі  болып, өмір мен еңбек қуанышына бөленіп жүрген жастарды көптеп кездестіруге болады.

Қанат САТЫБАЛДЫ

Райымбек ауданы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан