ТАЛДЫҚОРҒАНДА АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫН ТҰРАҚТАНДЫРУ ТАҚЫРЫБЫНДА БРИФИНГ ӨТТІ

Уақыты: 09.04.2021
Оқылды: 1106
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

“Jetisý media” ақпарат алаңында аймақтағы азық-түлік бағасын тұрақтандыруға арналған брифинг өтті. Жиында «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы” Ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Альмира Ибраимова мен Алматы облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы сауда және баға мониторингі бөлімінің басшысы Айгүл Ыдырысова бүгінгі таңдағы баға тұрақтандыру бағытындағы атқарылған шараларды түсіндіріп берді.

Оның айтуынша, әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру Үкімет және облыстық әкімдік тарапынан тұрақты бақылауға алынған. Бұл мақсатта біраз жұмыс атқарылуда. Бүгінгі таңда азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында облыстық бюджеттен 3 млрд.теңге  қаражат бөлінген. Оның ішінде тұрақтандыру қорын қалыптастыруға 700 млн.теңге және жеңілдік несие беру үшін 2,3 млрд.теңге қарастырылған.

Айта кетерлігі, 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының 80 пайыздан астамы Жетісу өнірінде өндіріледі. Сол себептен тұрақтандыру қорына сатып алынатын азық-түлік тауарларының 90 пайызы облыстағы тауар өндірушілерден алынады. Өткен жылдан бері облыстың тұрақтандыру қорына 8743 тонна көлемінде азық-түлік сатып алынса, былтырғы наурыз айынан бастап тұрақтандыру қорынан 7400 тонна өнім сатылыпты. Осы арқылы аймақтағы 55 наубайхана нан бағасын өсірмеу үшін арзандатылған ұнмен қамтамасыз етілген. Тұрақтандыру қоры арқылы сатылған тауарлардың бағасы базардан 10-15 пайызға арзан болғанын айта кеткен жөн.

Бүгінгі күнге тұрақтандыру қорында 1 278 тонна өнім, оның ішінде, 239 тонна 1 сұрыпты ұн, 761 тонна құмшекер, 88 тонна күріш, 18 тонна кеспе, 39 тонна күнбағыс майы, 29 тонна картоп, 50 тонна пияз бар. Талдықорған қаласындағы коммуналдық  базарында облыстың тұрақтандыру қорынан Ақсу қант зауыты өндірген құмшекерді келісі 207 теңге, Балқаш ауданының күріш өсіретін қожалықтарынаң сатып алынған күріштің келісі 210 теңгеден, Қапшағай қаласында «Маревен Фуд Тянь-Шань» кәсіпорны өндірген макарон кеспесінің келісі 185 теңгеден сатылуда. Өзгеде тауарларды арзан бағмен сатып алуға болады.

Бағаны тұрақтандыру мақсатында облыс кәсіпкерлеріне екінші айналым механизмі аясында 0.01 пайызбен жеңілдетілген несие берілуде. Осыған орай, 10 кәсіпкерлік субъектісімен келісімшарт жасалып, Ақсу қант зауыты өнімін 254 теңгеден, "Ақсай нан" комбинаты бір бөлке нанды 90 теңгеден асырмай сататындығына міндеттеме алды. Осындай шарттармен келіскен сүт зауыттары, құс фабрикалары, сауда субъектілері, оның ішінде, аймақта 14 дүкен,  «Тоймарт»  компаниясы және де басқа кәсіпкерлер жеңілдетілген несие алды.

Делдалсыз сауданы жандандыру ісі де жүйелі жүргізілуде. Осыған орай, Мемлекет басшысының бастамасы бойынша аграрлық өнімнің тұрақты сатып алыну және өткізу жүйесін реттеу үшін «егістіктен сөреге дейін» бағдарламасы атқарылуда. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен 1 млрд.теңге бөлінді. Пилоттық жоба аясында қант өндірісі үшін қант қызылшасын өсіретін шаруа қожалықтарына, ағартылған күріш өндірушілеріне, сүт өнімдерін, жұмыртқа және көкөніс өнімдерін өндірушілерге жеңілдетілген несие берілуде. Өнімдерді сату облыстағы сауда орындары арқылы жүргізіледі.

Арзандатылған несие шаруалардың егін жинау жұмысы кезінде көп көмегін тигізді. Фермерлер мен өңдеушілер тарапынан жеңілдетілген несие алуға сұраныс көп. Демек, аталған механизм болашақта да жалғасын табады.

Қажет АНДАС

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан