ӘКІМГЕ ҚАТЫСТЫ ДАУ: КЕГЕНДЕГІ КҮЙІП-ПІСКЕН МӘСЕЛЕНІ КОМИССИЯ ТЕКСЕРДІ

Уақыты: 10.04.2021
Оқылды: 1761
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Күні кеше Кеген ауданы, Шырғанақ ауылында орын алған шулы жағдайды Алматы облысы әкімдігі жанынан құрылған арнайы комиссия тексеріп қайтты. Бұған дейін экс-әкімнің жақтастары ауылдық округ ақсақалдары атынан бастама көтеріп, тұрғындар жаңа әкімнің сайланғанына қарсы деп наразылық білдірген еді. Тіпті, жергілікті халық атынан ұжымдық арыз жазып және бейнеүндеу жариялаған. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Аталған мәселенің мән-жайын облыстан барған жұмыс тобы анықтап, арызға сәйкес сайлау комиссиясы шешімінің заңдылығын саралады. Тексеру комиссиясының құрамында облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі, облыстық мәслихат хатшысы мен облыстық сайлау комиссиясының төрағасы болды.

- Ресми ақпарға сүйенсек, сайлау 2021 жылдың 5 сәуірінде  өткізілген. Қолданыстағы заңға сәйкес, ауыл әкімін аудандық мәслихат депутаттары сайлаған. Қорытындысына келсек, таңдау жасауға құқылы халық қалаулыларының жетеуі жаңа әрі жас әкімді жақтап дауыс берген. Саяси науқанда барлық заңдылықтар сақталып, сайлау тәртіп бойынша өткізілген, - деді Алматы облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Ғабит Тұрсынбай.

Сайлау қорытындысы бойынша Шырғанақ ауылдық округінің әкімі қызметіне Сарыбаев Ернар Санақбайұлы отырған. Ауыл жастары жас әкімге қолдау білдіріп, ата-аналар комитеті бірлесіп жұмыс істеуге ынталы екенін танытты.

Ауыл тізігінін ұстаған жаңа, жас әкімнің мемлекеттік қызметте 8 жылдан аса еңбек өтілі бар. Өзі сол Кеген ауданының тумасы болса, мамандығы ауылшаруашылығы саласына қатысты. Ауылды көркейтіп, өркендету жолында аянбай еңбек етуге білек сыбанған жас әкімге қолдау білдірушілер де, қарсылық танытушылар да бар.

Дегенмен, әлеуметтік желіде бірнеше күннен бері шулаған мәселе бойынша "бармақ басты, көз қысты" әрекет болмаған. Бұл қорытындыны тексеру тобы шығарды. Олардың айтуынша, аудан әкімінің әділетсіз шешімі деген сөз жай ғана қауесет. Мұны дауыс берген ауданық маслихат депутаттары да кездесу барысында айтып, өз еріктерімен құпия дауыс беру жолымен таңдау жасағанын растады.

Сайлау ҚР заңнамасындағы барлық талапқа сәйкес өткізілген. Десе де, ауыл үлкендері Сарыбаев Ернар Санақбайұлын халық мүддесіне аянбай тер төгеді деп  сенім білдіріп отыр. Сенімге селкеу түсірмей, көп үмітін ақтау - жас әрі жаңа әкімнің алдағы басты міндеті болып қала береді.

Айта кетейік, желіде: "6 сəуір күні Кеген аудандық маслихат отырысында Шырғанақ ауылдық округіне əкім сайлауы өтті. Бас аяғы 15-20 минуттың ішінде Шырғанақ ауылдық округінің əкімі, сол ауылдың тумасы, сол округтың ыстығына күйіп, суығына тоңып, қайтсем ауыл аймақты тоздырмай ары қарай дамытамын, алдыңғы қатарға шығарып өркендетем деп, сол ауылдың турғындарымен етене қайнасып бірге еңбек жасап жүрген Оразбай Бекбатыровты орнынан алып, Кеген ауданындағы 12 округ ішіндегі ең аумақты, халқы жағынан да, жері жағынан да, тарихи тағылымы жағынан да алдыңғы орындағы Шырғанақ ауылдық округіне, Шырғанақтың тіршілігінен бірде-бір хабары жоқ жас баланы әкім етіп қоя салды. Осы жерде неге аудандық мәслихат Шырғанақтың халқымен санаспады? Енді міне, Шырғанақ дүрлігіп жатыр. Ауыл ақсақалдар алқасы, Әйелдер алқасы, Жастар жетекшілері, жастар - барлығы бұл шешімге наразы. Қол жинап, ауыл тұрғындары Елбасыға бармақшы! Сөзімнің қорытпасы, әр елді өз ұлы, өз ұланы билеуі керек. Елдің жағдайын білмейтін, "бармақ басты, көз қыстымен" сырттан әкелінген, ауданның ыңғайына жығылар қуыршақ әкімдерді әкелуді қою керек! Кеген аудандық мәслихат таратылсын!" - деген жазба тарап, көптің талқылауына түскен еді. Бұл хабарламада Кеген ауданының әкімі де мансабын асыра пайдаланып отыр деген мәліметтер келтірілген. Аталған жазбаға кейбір атақты адамдар да үн қосқан.

Облыстан келген тексеру тобы желіде тараған жазбаның шындықпен жанаспайтынын айтып, ауыл әкімін сайлау заң талабына сай өткенін мәлімдеді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"