АГРОФИРМА БАСШЫСЫ ӨЗІНІҢ 10 ҚЫЗМЕТКЕРІНЕ БАСПАНА СЫЙЛАДЫ

Уақыты: 03.05.2021
Оқылды: 1312
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Бірлік күніне орай Балқаш ауданы, Бірлік ауылындағы 10 отбасы баспаналы болды.

«Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық акциясы аясында «Бірлік АЖА» ЖШС басшысы, балқаштық Жандос Әбдіжаппаров аталмыш агрофирмада 20 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан ауыл тұрғындарына баспана сыйлады.

Атап айтсақ, көпбалалы 2 отбасына, үшінші топ мүгедегі тұратын 1 отбасына, барлығы 10 шаңыраққа өз демеушілігімен тұрғын үй кілтін табыстады. Жалпы, ынтымағы мен бірлігі жарасқан ауылдың жас кәсіпкер баласы жасынан төрт түлік түріне етене жақын болып өскен.

2015 жылы «Бірлік АЖА» ЖШС құрып, бүгін шаруашылықтың тасын өрге сүйреп келеді. Серіктестік мал тұқымын көбейту мен асылдандыруға көп көңіл бөледі. Тәуелсіздікпен түйдей құрдас Жандос қайырымдылық жасауды жаны сүйетін азамат. Ол 2020 жылы «Асыл жүрек» номинациясының иегері атанған.

- Осыдан 3 жыл бұрын 7 баспананың кілтін ауыл тұрғындарына табыстаған болатынбыз. Міне, мереке күні тағы қуанышты жағдай болып жатыр. Мен Тәуелсіздік құрдасы әрі елімнің патриоты ретінде ауылымның көркеюіне аз да болса үлесімді қосқым келеді. Жақсылық жасау жаныма қуаныш сыйлайды, - деп атап өтті «Бірлік АЖА» ЖШС директоры Жандос Әбдіжаппарұлы.

Айта кету керек, Алматы облысында «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық акциясы шеңберінде 600-ден астам іс-шара ұйымдастырылған. «Алматы облысында 8 мыңнан астам отбасы азық-түлік пакеттерін алды. Бұл шара одан әрі де жалғасатын болады. Қазір Алматы облысы көлемінде 4 мыңнан астам волонтер бар. Олардың барлығы жыл соңына дейін осы марафонға жұмылдырылатын болады», - дейді облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Елдар Сапаров.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орайластырылып бастау алған «Қайырымды істер марафоны» өңірде әлі де жалғасын таппақ.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"