ЖҰМЫСШЫ МАМАНДАР ДАЯРЛАУ - УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Уақыты: 14.06.2021
Оқылды: 1325
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жастарға кәсіп сырын меңгертіп, болашаққа бағыт сілтейтін оқу орындарының қатарында Талдықорған өнеркәсіптік индустрия және жаңа технологиялар колледжінің шоқтығы биік. 86 жылдық тарихы бар кәсіптік білім ошағынан мыңдаған түлек түлеп ұшып, дүниенің бір кетігіне кірпіш болып қаланды. 
Әу баста механизаторларды оқытқан оқу орны бүгінде құлашын кеңге жайып, 9 мамандық, 11 біліктілік бойынша өндіріс саласының мамандарын даярлайды. Осы мамандықтар бойынша халықаралық аккредитациядан да өтті. Ол бес жылдық мерзімді қамтиды. Бұл аталмыш колледждің халықаралық деңгейде мамандар даярлайтын мекеме болып отырғанын, осында алған дипломмен жастар шет мемлекеттерде де жұмыс істеуге құқылы екендігін көрсетеді. 


"ЖАС МАМАН" ЖОБАСЫНЫҢ БЕРЕРІ МОЛ 

Колледждің соңғы уақыттағы жетістігі – Республикалық «Жас маман» жобасына қатысып, дәнекерлеуші құзыреттілігі бойынша қаржыландыруға ие болып отырғаны. Осы орайда  республикалық және жергілікті бюджеттен 310 миллион теңгеге жуық қаржы бөлініп, оқу орнының материалдық-техникалық базасының нығаюына жол ашылуда. Демек, дәнекерлеу ісі бойынша соңғы үлгідегі жабдықтар шет мемлекеттерден алынып, орналастырылмақ. Бұл дегеніңіз, осы кәсіпке машықтанып жатқан жастардың заман талабына сай сұранысқа ие маман болып шығатынын айғақтайды. «Worldskills» бойынша да аталмыш оқу орны дәнекерлеуші мамандығынан  облыс бойынша құзыреттілік орталығы болып табылады. Бұл мамандық бойынша чемпионаттар аталмыш оқу орнында өтеді.

– Құзыретті орталық болғаннан кейін облысымыздағы  басқа да колледждердің оқытушы-шеберлерін оқытып, жас мамандар мен студенттерді «World Skills» чемпионаттарына даярлаймыз. Өйткені, оған оқу орнының материалдық-техникалық базасы және оқытушы-шеберлеріміздің біліктіліктері сай келуде, – дейді бізбен әңгімесінде колледж директоры Еркінбек Қоянов. 

Колледжде «Технологиялық процестерді автоматтандыру және басқару», «Дәнекерлеу ісі», «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану»,  «Газбен қамтамасыз ету жабдықтары мен жүйелерін  құрастыру және пайдалану» мамандықтары бойынша білім беріледі. Оқу мерзімі 2 жыл 10 айды құрайды. Бүгінгі таңда колледжде 552 жас дәріс алуда. 65 оқытушы мен оқу шеберлері бар. Үш айлық қысқамерзімдік курстарды қосқанда жыл сайын 250 жас мамандық алып шығады.

Колледждегі ең айтулы мамандық – электргазбен дәнекерлеуші, газ құбырларын пайдалану және жөндеу слесарі. Соңғы жылдары ашылған технологиялық процестерді автоматтандыру мамандығына да жастардың қызығушылығы мол. Бұл біліктілік бойынша зауыттарда электр жүйелерін автоматтандыратын мамандар машықтанады. Мұндай мамандар еліміз бойынша үш оқу орнында ғана даярланады. «Токарь ісі және  темір өңдеу» біліктілігі бойынша да сандық басқару бағдарламасы қондырғысы облыс бойынша аталмыш оқу орнында ғана бар. Бұл автоматтандырылған токарьлық қондырғының бағдарламасын басқара алса болды, талай жұмысты атқарады.

– Қазіргі уақытта технологияның арқасында көп адам істейтін жұмысты бір адам ғана атқаратындай жағдайға жетіп отырмыз. Бұрын темірді қолдан жонсақ, қазір оны арнайы бағдарламаның көмегімен жасай аламыз. Демек, токарьлық құрылғының тетігін белгілі бір бағдарламаға қойса, ол бәрін есептеп, қолданатын теміріңізді еш шығынсыз кесіп шығарады. Міне, осының тетігін білетін, осы құрал-жабдықтарды басқара алатын мамандарды даярлаудамыз. Ендігі кезекте, бұрынғыдай бір істі қиындықпен атқармай, жеңіл ғана басқарудың уақыты келді, – дейді Еркінбек Ысқақұлы. 

 

ГАЗ САЛАСЫ МАМАНДАРЫ СҰРАНЫСҚА ИЕ

Газ саласы мамандары да қазір үлкен сұранысқа ие. Облысымыздың қай аймағын алсақ та, газдандыру жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Демек, бұл кәсіпті меңгергендердің де жұмыспен қамтылуына мүмкіндік жоғары. Дуалды оқыту бойынша да газ саласына маманданып жатқан жастардың кәсіпорындарда тәжірибе жинақтауы жақсы жолға қойылған. Талдықорғанның өзінде «Тавиди», «Жетісугаз» «Қазтрансаймақ» сынды бірқатар газ мекемелері бар.

Бір атап айтарлығы, оқу орнында «пластмасса дәнекерлеушісі» деген де қосымша мамандық бар. Бұл пластик құбырларды дәнекерлейтін мамандар. Қазір әкелініп жатқан құбырлардың көбі пластиктен жасалатындықтан осындай жаңа кәсіп түрі ашылуда. Бұл да уақыт талабына сай жастардың қызығушылығын тудырып отырған мамандық. 

«Жас маман» жобасы бойынша да алынып жатқан құрал-жабдықтардың барлығы автоматтандырылған. Оны басқаратын арнайы робот та бар, ол дәнекерлеудің қиын түрлерін көрсететін болады. 

Жоба бойынша алынған қаржының бір бөлігі – өндірістік ғимаратты жөндеу, жабдықтау ісіне де жұмсалуда. Өйткені,  ғимарат та соған сай болуы керек. Бұл жабдықтарды алудағы мақсат – студенттердің соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен жұмыс істей білуін қамтамасыз ету. Жаңа құрылғымен жұмыс істеу тетігін тендерді ұтып алған фирма мамандары оқу орнының оқытушы шеберлеріне үйрететін болады.

                                                           

ДУАЛДЫ ОҚЫТУ ЖОЛҒА ҚОЙЫЛҒАН

Оқу орнында дуалды оқытуға баса мән беріледі. Сабақтардың  40 пайызы теория, 60 пайызы тәжірибе түрінде өтеді. Демек, оқудың негізгі бөлігі өндірістік жұмысқа жұмсалады. Бұл жастардың кәсіп сырын тереңірек меңгеруіне мүмкіндік ашады.

Колледж бүгінгі таңда 26 ірі кәсіпорын, мекемелермен келісімшартқа отырған. Бұл қатарда «Корпорация Жетісугаз» АҚ, ТК «Метакон», «Қайнар – АКБ», «Алматы бояулары», «Интеграл» ЖШС бар. 

Қашықтан оқыту жүйесі де жолға қойылған. Бұл турасында директордың ақпараттық технологиялар жөніндегі орынбасары Бауыржан Енкенов:
– Қашықтан білім беруде «Платонус» ақпараттық жүйесімен жұмыс істеудеміз. Студенттерді компьютермен толық қамту мақсатында жергілікті бюджет қаржысына алынған 75 ноутбук оқу жылы басында таратылып берілді. Өндірістік шеберлер сабақтарын бейнежазбаға түсіріп, студенттерге жолдап, кері байланыс орнатады. Кейбір сабақтар Zoom арқылы өтіп, балалармен тікелей байланыс орнатылады. Мұнымен қатар балалар мекемелерге барып, өндірістік практикадан өтіп, тәжірибе жинақтауда, – деді. 

Оқу орнының атап айтар жетістігі де баршылық. Колледж техникалық және кәсіптік білім беру оқу орындары арасында өткен «Ең үздік колледж – 2018» байқауында «Жаңашыл колледж» номинациясын жеңіп алды. 2019 жылы «Worldskills Kazakhstan» облыстық байқауында «Жеңіл автокөліктерді жөндеу құзыреттілігі» бойынша 2-орынды, «Дәнекерлеу технологиясы құзыреттілігі» бойынша 3-орынды иеленді. 

Колледждің оқу ғимараты мен жатақханасы да бүгінгі уақыт талабына сай. 2014 жылы жатақхана, 2020 жылы оқу ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Биыл материалдық-техникалық база нығайтылуда. 240 орынды жатақханада аудан, ауылдан келген жастар жатып, білім алады. Оқу тегін, жастардың жұмысшы мамандықтарын меңгеруі үшін жыл сайын қажетті мөлшерде грант бөлініп тұрады. Студенттерге шәкіртақы мен күн сайын бір реттік ыстық тамақ беріледі. Ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға киімдері мен тамақтары қосымша қарастырылған.

Колледжге 9 және 11-сынып бітірген түлектер қабылданады. Ересектер, мамандық аламын, тәжірибемді шыңдаймын деген мамандар үшін де қысқамерзімдік курстар бар. Көбіне мұнда  жұмыспен қамту орталығы арқылы келген жұмыссыз жандар кәсіп сырын меңгереді. Қазіргі таңда 25 адам үш айлық курстарда оқып жатыр. Жыл сайын 100-ден астам адам қысқамерзімдік курстарды меңгеріп шығады.

Оқу орнын бітірген мамандардың құрылыс, өндіріс салаларында, зауыттарда, жеке шаруашылықтарда, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде, көлік жөндеу орталықтарында жұмыс істеп, жеке кәсіптерін ашуға да мүмкіндіктері бар.

Ең бастысы, «екі қолға бір күрек» демекші, кәсіп сырын меңгеріп, мамандық кілтін қолға алу. Ал мамандық алдағы өміріңе берілетін үлкен жолдама.

Алма ЕСЕНБАЕВА